Тұрғанбике (Тұрғаш) Жұмабаева 1922 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Жалағаш станциясында дүниеге келген.
Аудан орталығында орналасқан Сталин атындағы мектептің 1939 жылғы түлегі. Мектепті бітірісімен Қызыл Армия қатарында взвод командирі, шені лейтенант Қаражігітов Батырхан деген жалағаштық жігітпен бас қосып, күйеуінің қызмет атқарып жатқан Белоруссияның Борисов ауданына жол жүреді. Жас жұбайлар сол жақта 1940 жылдың шілде айында ұлды болады.
1941 жылы маусымның 22 күні сағат таңғы төрттер шамасында әскери дабылмен қызметіне кеткен Батырхан, жұбайына,
-Тұрғаш, тез елге қарай баланы алып қайт. Соғыс басталды... -деп, телефон арқылы айтып үлгіреді. Одан әрі қарай ерлі-зайыптылар тағдыр тауқыметімен тек соғыс аяқталған соң ғана Жалағашта бір-ақ кездеседі.
Тұрғанбикенің өз естелігінде,
«Соғыстың алғашқы күндерінде әскери қалашықтағы тұрғындар мен көптеген әскерилер жақын маңдағы Логайск орманына барып паналадық. Аға политрук Оразбаев барлық азаматтар мен әскерилердің басын біріктіріп, жасырын қаруланған үлкен топқа әкеліп қосты. Біртіндеп тобымыз көбейіп «Большевик» деген партизан отряды құрылды. Аз уақыттың ішінде «Щорс» атындағы партизандар бригадасы атанды. Осы бригадамыздың әскери комиссары Уәли Оразбаев, ал командирі Николай Дорбин болып тағайындалды.».
Партизан отрядында радиостанция мен радист болмаған соң 1942 жылдың алғашқы күндері Мәскеуден арнаулы радиотехника мектебін бітірген Нұрғаным Байсейітқызы деген қазақ қызы «үлкен жерден» радиопередатчигімен келіп көмек көрсетеді. Үш айда Нұрғаным жерлесі Тұрғашты радиотехникаға үйреткеннен кейін өзі жауынгерлік тапсырмамен басқа бригадаға ауысып кетеді.
Жалағаштағы мектепте неміс тілі пәні оқытылғандықтан Тұрғаш осы үш айдың ішінде немістердің бір-бірімен әуе толқыны арқылы сөйлесетін жасырын сөздігін тез арада жетік менгеріп алады. Көбіне радиотехниктердің қасында болып, әуе толқынында «үлкен жерден» келіп жеткен құпия шифровкаларды тәржімелеп, өте маңызды әрі қажетті ақпарларды өз командирлеріне жеткізіп отырады.
Қолы бос кездерде отрядтың күнделікті шаруашылық жұмыстарына көмектесіп, барлаушылар «тіл» әкелсе, қолға түскен тұтқындардан жауап алуға да қатысады.
Тұрғанбике, Борисов аудандық астыртын комсомол комитетінің төрағасы болған Төреғали Жангелдиннің қолынан комсомол билетін алып комсомол қатарына партизан отрядында жүріп қабылданады.
Диверсиялық топ мүшелерімен бірге Тұрғанбике немістердің тылында әскери тапсырмамен бірнеше мәрте болады.
Бірде Одер өзенінің маңайына арнайы тапсырмамен бір түнде ұшақпен апарып тастайды. Сол жерде соғыстың соңғы күніне дейін өздеріне жүктелген жауынгерлік тапсырмаларды орындайды. Олардың топтарын күшейту үшін әр күндері белгілі мерзімде ұшақпен адамдар тасымалданып, қару-жарақ, тамақ, дәрі-дәрмек, киім-кешектер жеткізіліп тұрады. Сонымен қатар жарақат алған партизандар госпитальға дер кезінде жөнелтіліп отырылады.
Соғыс жылдарында Тұрғанбике жеті рет ірі шайқасқа қатысып, олардың барлығында да табандылық пен ерлік көрсетіп бірнеше фашистің көзін жояды. Ол «Ерлігі үшін», І-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы партизаны» медальдарымен марапатталған. (Т.Жұмабаеваның нақты алған орден-медальдары туралы әлі толық мәлімет жоқ).
Тұрғаш апайдың жиені, марқұм Шайқы Жүсіпұлы, «...Тұрғаштың киген киімдері әлі де көз алдымда. Үстінде гимнастерка, иығында погон, шашын қысқа қиған, басына қисайтып пилотка киген. Юбкасы мен аяғындағы хром етігі, белінде былғары белбеуі бар болатын. Омырауында 3-4 орден-медалі бар. Әскери атағын ажырата алмадым.
Менің есімде қалғаны, бір күні партизандар үлкен шайқаста жаумен бетпе-бет келеді. Апайдың арқасында простынямен танып алған баласы бар. Қалайда жау қолына түспей құтылу керек. Қапысын тауып, жаудың тырнағынан сытылып шығады. Артынан автоматтың оғы жаңбырша жауып тұрғанда, азар-алдамен құтылып, өз отрядына қосылғанда, «-бала ауырлап кетті, әрі қимылдамайды, шешіп алып көріңіздерші?», - дейді қасындағыларға. Шешіп көрсе балаға оқ тиген екен. Баласын сол майдан даласында жерлейді.
Бір әңгімесінде, партизан отряды әр уақытта іздерін жасыру мақсатында орманның ішінде кезіп жүреді екен. Сондай сәтте апай қасындағы серіктерімен бірге немістердің жазалаушы отрядының қолына түседі.
Оларды комендатураға әкеліп, неше түрлі сұрақтар қояды. Көпшілігі әйелдер болса керек, немістер оларды қорқыту үшін ішіндегі бір-екі ер кісілерді табанда атып тастайды. Бірақ ешқайсысы жөндерін айтпайды. Содан соң оларды өлім лагеріне айдап кетеді.
Концлагерьде бұларды қара жұмысқа салады. Тұрғанбикені неміс офицерлері тамақ ішетін асханасына ыдыс-аяқ жуатын әрі столдарын тазартатын жұмысына орналастырады. Кешке қайтарда ол кісі қалған қою тамақ, нан қалдықтарын орамалына орап, жасырып ала қайтады екен.
Бірде, келе жатса, бір шарбақ қораның ішінде біздің өз адамдарымыз тұр екен. Солар аштықтан ағаштардың жерге түскен жапырақтарын жеп, қорек етіп тұрғанын көріп, аяп кетіп, қолындағы оралған тамағын қорадан асырып тастайды. Әлгі аш кеңес тұтқындары, тастаған тамаққа үймелеп қалғанда, мұнарада тұрған күзетшілер көріп қояды. Екі неміс солдаты Тұрғашты ұстап алып, оң қолын бұрап сындырады да карцерге қамайды. Қамақтан шыққан соң қасында бірге жатқан тұтқын әйелдердің ішінен сынықшы шығып, қолын қалпына келтіріп, ағашпен танып береді.
Арада екі-үш айдай уақыт өткеннен кейін кеңестік әскерилер лагерді атқылаған сәтті пайдаланып партизан отрядында бірге болған екі-үш әйелмен қашып шығады. Түнімен жүріп, таң ата өз отрядына келіп қосылыпты.» - дейді өз естелігінде.
1945 жылдың тамызында Тұрғанбике елге оралады. Тұрғаш апайдың күйеуі Батырхан да бес-алты айдан соң әскер қатарынан аман-сау оралады. Сонда Тұрғаш апай, «Мен Батырханды соғыста кездестірсем атып тастар едім. Баламен екі жыл азап шегіп қанша қиыншылық көрдім. Соғыс басталмай тұрып «-елге апарып тасташы?» дегенімді тыңдамады. Ақыры баладан айрылдық»,- деп жылап жіберген екен. Сонымен, ерлі-зайыпты екеуі қайта қосылады.
Елге келген соң Тұрғанбике жоғарғы орындарға өтініш жасап, ауданда балабақша ашуды мақсат етеді. Көп ұзамай Тұрғаш аудан орталығынан жаңадан ашылған балабақшаға меңгеруші болып орналасады. Сол жұмысын өмірінің соңғы күніне дейін атқарып өтеді.
Ұлы Отан соғысының партизандары туралы кітаптарда Тұрғанбике жөнінде аз ғана мағлұматтар кездеседі. Қазақ Совет Энциклопедиясының 233-і бетінде аты аталып өткен. 1965 жылдың мамыр айындағы «Қазақстан әйелдері» журналы да оның партизандарда радиохабаршы болғанын баяндайды. Аудан тарихы туралы «Жалағашым жасыл бағым» атты кітапта оның суреті мен өмір жолы жарты парақ бетке жазылған. Әр жылдары облыстық, аудандық басылымдарда ол кісі туралы жарық көрген мақалалар Шайқы Жүсіпұлының естелігі негізінде айтылған дерек көзі арқылы, көбінесе бірін бірі қайталап жазылған дүниелер. Себебі, ол кісі ауданымыздан 1939 жылы мектеп бітіре сала кеткен. Соғыс аяқталған жылдың тамыз айында елге оралғанымен көп өмір сүрмегені белгілі. Немістердің адам төзгісіз концлагерінде тұтқында болған кездері денсаулығы бұзылып, соның кесірінен 1947 жылы 25 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Әрине ол кісіні етене жақын танып, араласқан туған-туыстары, құрдас-құрбылары, замандастары жоқтың қасы. Дегенменде, ол кісімен бір мектепте, бір класта, бір партада отырып оқыған құрбысы бар екен. Ол, Жалағаш кентінің тұрғыны, 1925 жылы дүниеге келген қария Шолпан Байғабылкеліні. Шолпан әжейдің естелігі бойынша Тұрғанбике мектепте өте жақсы оқыған. Зерек, білімқұмар қыз мектепті бітірісімен сыртта әскери қызмет атқарып жүрген жалағаштық жігітке тұрмысқа шығады.
«Батырхан Тұрғаштың ой-зеректігі, өжеттігі, пысықтығына көзі түсті-ау шамасы. Басқаларға қарағанда еті тірі, ұйымшыл, өз қатарынан оқ бойы озық, болайын деп тұрған қыз еді. Егер оқып алғанда үлкен бастық болар ма еді, кім білсін. Өмірі де қысқа болды. Оқи алмай қалды. Мектеп бітіре сала 1939 жылы үйленіп, күйеуімен бірге кетті. Сол кеткеннен соғыс аяқталған соң бір-ақ оралды.
Сол жылдары станциядан олай-былай өткен поездарға қауын-қарбыз сататынбыз. 1945 жылдың тамыз айының күндері алдын-ала Тұрғаш келе жатыр деген хабар алдық та әне-міне келіп қалады-ау деп жүрдік. Жалағаш станциясына тоқтаған поездарға қауын-қарбыз сататындар көп еді. Тұрғаштың шешесі сияқты мен де поезға қауын сататынмын. Тұрғаштың шешесі Алуа деген көрікті әйел еді. Бір күні жақын маңдағы вагоннан әскери киім киген қыз түсе бастады. Біреу,
-Тұрғаш келді!- деп, жар салды.
Барлығымыз соған қарай ұмтыла жүгірдік. Ол түсе сала ешкіммен амандаспастан, ең әуелі оң қолымен жерден бір уыс топырақ алып, сол топырақты ерніне тигізіп сүйді. Содан соң барып ентігіп келген шешесімен құшақтасып қауышты. Соғыс басталысымен күйеуінен ажырап қалып ормандағы партизандарға қосылған.
Біз, мектепте неміс тілін оқыдық. Неміс тілінен Шауберт деген ақсақ неміс кісі сабақ берді.
Ол неміс тілін жақсы білгендіктен сонда радист болған. Соғыста көрмеген қорлығы жоқ екен. 3 жасар баласынан айырылып, концлагерьде де болған.
Концлагерьде күн сайын көптеген тұтқындар ажал қармағына іліне берген. Көбісі аштықтан, ауру-сырқаудан, ұрып-соғудан, адам төзгісіз ауыр жұмыстан қырылып отырған. Құдай қарасып сол неміс концлагерь немістерінің арасында бір қазақ офицері болыпты. Сол қазақ Тұрғашты өздерінің асханасына жұмысқа қойғызыпты. Сол себептен басқаларға қарағанда жұмысы жеңілдеу әрі аштан өлмейтіндей жағдайда болған. Осылайша, қандасының арқасында тажалдан құтылыпты. Ол біздің әскерінің сатқын солдаты емес Түркиеден Германияға оқуға түсіп, сонда әскери қызметте болған, кеңестік қуғыншылық кезінде елден ауып кеткен бауырларымыздың ұрпағы екен.
Соғыстан келгесін, көп ұзамастан күйеуі де келді. Тұрғаш соғыстан ауру болып келген еді. Сірә, жақын арада өлетінін сезді-ау, шамасы. Батырхан, Тұрғашты өзімен бірге қызмет атқарып жатқан Өзбекстанға алып кеткісі келгенімен ол көнбей қойды. Әскери адам болғандықтан күйеуі ауылда көп болған жоқ.
Тұрғаш Жалағашта ең алғашқы болып балабақша ашып, соның бастығы болды. Немістердің концлагерінде өкпесіне тиген суық асқынып, соның салдарынан қайтыс болды. Күйеуін одан кейін көрген емеспін.» - деп, сөзін аяқтады қария әжей.
Тұрғанбикенің жары Батырхан Қаражігітов 1913 жылы қазіргі Жалағаш ауданы Ақсу ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін ауылдық кеңестің хатшысы (ауылсовет) болып қызмет атқарады. Соғыс басталған жылы Белоруссияның Борисов ауданында ВНОС (воздушное наблюдение, оповещения и связи) полкінде взвод командирі болған.
Соғыс жылдары ІІ-ші Прибалт майданы, 22-ші Армиясының, 8-ші дербес әскери ВНОС взводының одан соң ротасының командирі.
1945-1946 жылдар аралығында Самарқанд қаласында орналасқан Түркістан Әскери Округіне қарасты автобатальонының байланыс бастығы.
1946-1947 жылдары Термез қаласындағы 1103-ші атқыштар полкінің байланыс бастығы. 1947 жылы денсаулығына байланысты запасқа шығады да Тұрғанбике қайтыс болған соң екінші рет тұрмыс құрады.
Одан кейін Алматыдағы Қазрадиокомитетінде диктор, аға диктор, инструктор, корректор болып қызметтер атқарады.
1959 жылы Алматының Фрунзе қалалық кеңесінің жетінші шақырылымына депутат болып сайланады. Зейнетке шыққанынша Алматы қаласының арнайы байланыс саласында жауапты қызметтер атқарады.
Бірнеше орден-медальдармен марапатталған майдангер 1989 жылы қайтыс болады. Артында қалған ұрпақтары Алматы қаласында тұрып жатыр.
Батырхан да Тұрғанбике де Ұлы Отан соғысында елін қорғап аудан, облыс тарихында өз есімдерін Алтын әріппен жазып қалдырған Жеңіс солдаттары. Ал енді ерлі-зайыпты болып соғысқа қатысқан қазақ азаматтары елімізде некен саяқ шығар.
Тұрғанбике қазақ халқының мақтанышы Әлия мен Мәншүк, Хиуаз секілді Отан қорғау жолында Ұлы Отан соғысына партизан қатарында қатысып, соғыстың басынан аяғына дейін жорықта болған батыр қыздарымыздың бірі.
Біздер, Тұрғанбикедей батыр қазақ қызының елін қорғаудағы жанқиярлық ерлігін мақтан тұтуымыз керек.
Марат Шөмекей
тарихшы