Мамырдың 6-7 күндері Қармақшы ауданы орталығындағы денешынықтыру және сауықтыру кешенінде 1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 72 жыл, 7 мамыр-Отан қорғаушы күні мерекесіне орай самбодан ҚСРО Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы ХХІІ халықаралық мемориал өтті.
Дүбірлі додаға Грузия, Әзірбайжан, Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Моңғолия мен еліміздің барлық аймақтарынан 155 боз кілем шеберлері қатысты.
Мемориалдың ашылу салтанатында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, самбодан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Асылбек Какенов, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтар құттықтау сөз сөйлеп, оған қатысушыларға мерекелік жылы лебіздерін білдірді.
Жарыстың алғашқы күні Қармақшы спорт кешеніндегі боз кілемде 9 салмақ дәрежесі бойынша алдын ала белдесулер өткізсе, келесі күні әр салмақ бойынша үздік палуандар жартылай финалдық, содан соң ақтық белдесулер өткізіп, жанкүйерлерге тамаша спорттық мереке сыйлады.
Жарыста әсіресе Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік, Шығыс Қазақстан облыстары мен Өзбекстан палуандарының бағы жанып, жүлделі орындардан көрінді. Нақтырақ айтқанда, 52 келі салмақ дәрежесе бойынша І орынды алматылық Дәулет Аманұлы жеңіп алса, 57 келіде оңтүстікқазақстандық Аманхан Өскенбаев жеңімпаз атанды. 62 келіде І орынға Қарағанды облысының палуаны Ержан Еренғайыпов көтерілсе, 68 келіде Ақтөбе облысынан келген Есет Қуанов,74 келіде қызылордалық Ғалымжан Әбдірахманов, 82 келіде ресейлік Артем Манукян, 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақтарда қызылордалықтар Нұрым Сәлімгереев, Мақсат Исақабылов пен Марат Баймахановтар жарыс жеңімпазы атанды.
Сонымен қатар, 82 келіде қызылордалық Ержан Абдуллаев ІІ орынды, 62 келіде Әбдіғани Қожағұлов, 68 келіде Азамат Шайкөзов, ал 100 келіден жоғары салмақта Марат Ярулин жүлделі ІІІ орындарға ие болды.
Дүбірлі дода соңында қазақ күресін ұлықтау мақсатында дәстүрлі түйе палуандар белдесулері ұйымдастырылды.
Боз кілемге қазақ күресінің 23 хас шебері шығып, олар өзара белдесулер өткізді. Әсіресе, Нұрым Сәлімгереев пен Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов пен Моңғолиядан келген қандасымыз Серік Бердімұраттар арасында өткен белдесулер тартысты өтіп, жанкүйерлердің делебесін қоздырды.
Сонымен, түйе палуандар арасындағы белдесулер қорытындысымен грузилық Гуга Кибордалидзе шығысқазақстандық Айбек Нұғымаровты жанбас әдісі арқылы таза жеңіп, демеушілер тағайындаған 2 миллион теңгені қанжығасына байласа, Айбек Нұғымаров 1 миллион теңгеге, ал ІІІ орын үшін өткен белдесуде жерлесі Серік Бердімұратты таза жеңген Алтынгәрәл Давааням 500 мың теңгеге ие болды.