9 мамыр күні Қызылордада Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған митинг өтті. Мерекелік шара жыл сайынғы дәстүрге сәйкес Қызылорданың орталық көшелерімен жүріп өтетін «Жасампаз жасақ» шеруімен басталды. Шеруге қатысушылар Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысында қаза тапқандардың, сондай-ақ Отанға оралғаннан кейін дүниеден өткен боздақтардың фото суреттерін алып жүрді.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және өзге де қатысушылар «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
- Жеңістің 72 жылдығын тойлай отырып, біз оның қандай қиындықтармен келгендігін ешқашан естен шығармауымыз керек. Біз соғыс даласында көз жұмғандар мен осы күнді аңсап кеткендерге тиісті құрмет көрсетеміз. 72 жылдықты тойлай отырып, соғыс даласында жанқиярлықпен ерлік көрсеткен, тылда, зауыт, колхоз, ферма мен ғылыми зертханаларда аянбай еңбек еткендердің рухына басымызды иеміз,-деді облыс әкімі.
Шара соңында соғыс, тыл және еңбек ардагерлеріне арнайы тігілген шатырларда солдат ботқасынан дәм ұсынылды.