Сырдария ауданында облыстық денсаулық сақтау басқармасының көшпелі алқа мәжілісі өтті. Шараға қатысушы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова бастаған Қызылорда қалалық, Сырдария, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандық ауруханаларының бас дәрігерлері мен орынбасарлары, тиісті бөлім басшылары және БАҚ өкілдері ең алдымен аудандық мекемелер үйінде болып, міндетті әлеуметтік- медициналық сақтандыру жүйесіне көшуге дайындық барысында атқарылып жатқан жұмыстармен және ғимаратпен танысты.
Меймандарды аудан әкімі Ғ.Қазантаев бастап жүрді. Жаңа жүйеге көшу барысында аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде қысқаша баяндап берген ол алқа жұмысына сәттілік тіледі.
Аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенованың хабарлауынша, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге бағытталған дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жаңа жүйені енгізу барысында орын алуы мүмкін кедергілер тұрғындарға түсіндіріліп, ақпараттық-насихаттық шаралары қолға алынған.
– Қазіргі таңда жаңа жүйе жөнінде тұрғындардың, жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің ақ¬парат¬тануы өте маңызды. Жұмыссыздар мен өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтарды нақтылау, кәсіби баулу, кәсіпкерлігін рәсімдеу – өте жауапты міндет. Осы орайда жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды анықтау үшін кент және ауыл округтері бойынша ауылішілік үй аралау, түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деп атап өтті Б.Өтегенова.
Жалпы, ауданда 39736 тұрғын бар екен. Оның 9663-і, яғни, 24 пайызын балалар құраса, зейнеткерлер саны 3585, яғни, 9 пайыз. Аудан халқының 18779-ы экономикалық белсенді болып табылады. Оның ішінде 887-сі жұмыссыз, бұл экономикалық белсенді халықтың 4,7 пайызын құрауда.
– Үй аралау барысында өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 948 адамды құрады. Ендігі міндет елді мекендер бойынша қалыптасқан осы санаттағы азаматтарды бірінші кезекте ауылшаруашылық өндірістік кооперативтеріне, шаруашылық серіктестіктері мен қожалықтарға жұмысқа орналастырылатын болады. Қазіргі таңда кәсіпкерлердің тізімі қалыптастырылып, 83 мекемеге бөлінуде. Бұл жұмыстардың барлығы осы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі қарсаңында арнайы ұйымдастырылған. Өйткені, үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап еліміз бойынша сақтандыру қорына жарна төлеу басталады. Ал, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа жүйе өз жұмысын бастайды. Жарна төлемеген азамат мамандандырылған медициналық қызметті ала алмайды. Сондықтан әрбір тұрғын өз мәртебесін анықтап, жүйеге атсалысуға міндетті. Жоғарыда атқарылып жатқан ауқымды шаралардың барлығы осы мақсатта қолға алынып отырғаны белгілі. Ертеңгі күні тұрғындар тарапынан түсінбеушілік туындамас үшін, қапы қалмас үшін тиісті жұмыстар жасалуда. Жалпыға ортақ жүйе әлемде өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр. Бұл жүйе денсаулық сақтау саласындағы жаңа бетбұрыстың бастауы деп білеміз, – деді Б. Өтегенова.
Мекемелер үйінде бірнеше бөлім топтастырылып, халыққа қызмет көрсетуде. Бұл тұрғындардың уақытын тиімді жұмсауға әрі қажетті құжаттарын бір жерден рәсімдеуге қолайлы жағдай туғызуда.
Мұнан кейін сала мамандарының қатысуымен аудандық мәдениет үйінде кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиналысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырып, сала бойынша атқарылуы тиіс жоспарларды жеткізді. Басқосуда «Амбулаториялық-емханалық» қызметі бар Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Манат Садықова атқарылған жұмыстар жөнінде баяндаса, облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Б.Бурамбаева Сырдария аудандық ауруханасының қызметті ұйымдастыру жұмыстарына жасалған талдау қорытындысын таныстырды.
Алқа мәжілісінде сонымен бірге аудандық аурухана бас дәрігерлері хабарлама жасап, бекітілген жоспарлардың орындалу барысын жеткізді. Жиын соңында басқарма басшысы А.Әлназарова тұрғындар денсаулығын жақсарту басты мақсат екенін атап өтіп, сала мамандарына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Айнұр БАТТАЛОВА.