Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 72 жылдығы мерекесіне орай ағымдағы жылдың 5 мамырында облыс әкімінің қолдауымен, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соғыс кезінде қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен, медальдарымен марапатталған тыл ардагерлеріне арналған мерекелік қабылдау өткізілді. Мерекелік қабылдауға облыс әкімінің орынбасарлары Қ.Ысқақов, Р.Рүстемов қатысты.
Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Досмайылұлы Ұлы Отан соғысында Кеңес әскерлерінің құрамында жауға қарсы жан аямай соғысып, елін, жерін, Отанын қорғауда ерекше ерлік үлгісін көрсеткен майдангер қарттарымызға аймақ басшысының мерекелік құттықтау лебізін жеткізді. Аға буынның ел өміріндегі еңбегі мен ерлігін айрықша атап өтіп, ардақты ардагерлерге амандық-саулық тіледі.
Мерекеде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов сөз сөйлеп, ерлігімен елге сыйлы майдангер қарттардың, тылда қажырлы еңбек еткен ардагерлердің тағылымды жолына ыстық ықыласын, шынайы құрметін білдірді.
Келесі кезекте Ұлы Отан соғысының ардагері Бөрібай Құлманов ақсақал қатарлас, қарулас, майдандас жолдастарын мерекемен құттықтап,ақ тілегін арнады. Сондай-ақ, қарт жауынгер Москва түбіндегі бекіністі, Рьжев қаласы маңындағы жауға қарсы шабуылдарды еске алып, қаза болған қаруластарының рухына тағзым еттті. Ал соғыс ардагері Колесник Любовь Сергеевна Ұлы Жеңісті Германияда қарсы алғанын айтып, отты жылдар жаңғырығын мұңая есіне алды. Мерекелік шара аясында өздеріне жасалып жатқан сый-құрмет үшін аймақ басшысының атына алғыс сезімін білдірді.
Ақ дастархан басында қауышып, ашық-жарқын жүздескен ардагерлер көңілдері марқайып, бір жасап қалды. Сондай-ақ, Сыр елінің әйгілі әншісі Күлән Қалымбетова, белгілі жырау Майра Сәрсенбаевалар бастаған әнші-жыршылар кеш ажарын аша түсті.
Ғ. ӘБІЛДА