СЫР ЕЛІНЕ СЕРПІН БЕРЕТІН СТРАТЕГИЯ

СЫР ЕЛІНЕ СЕРПІН БЕРЕТІН СТРАТЕГИЯГазетіміздің өткен нөмірінде облыстың 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясы жарияланған болатын. Қазір редакциямызға жетіжылдық белесті белгілеген құжат жайлы жұртшылық пікірі толассыз түсіп жатыр. Бүгін солардың бірқатарын жариялап отырмыз.  
АЙҚЫН МАҚСАТТЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА ЖҰМЫЛУЫМЫЗ ҚАЖЕТ
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Жолдауында «Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады» деп атап көрсетті. Бүгінді ғана емес, келешекті ойлаған осы идея біздің ендігі дамуымыздың темірқазығы болуы тиіс.
Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының Стратегиясы осы мақсатта дер кезінде дайындалған маңызы зор құжат деуге болады. Бұл құжатты әзірлеуге еліміздің экономикалық зерттеу институттары, академик Абел Агенбегян бастаған Ресейдің белгілі ғалымдары және Қызылорда университеті ғалымдарының қатысуы оның айқын мақсаттарға, үлкен жоспарларға құрылғанын көрсетеді. Стратегияда аймақтың қазіргі даму деңгейі таразыланып, болашаққа батыл қадамдар жасалған. Жасыратын несі бар, өңірлік даму бойынша Қазақстанда ең соңғы орында келеміз. Стратегияда өңірлік өнімнің орташа жылдық өсімі жыл сайын 8 пайыздан кем болмауы керек. Мамандар осы жағдайда ғана 2020 жылы ғана республикалық деңгейден біршама асуымыз мүмкін екенін айтады. Бұл оптимистік сценарий болғанмен, аймақтың әлеуетінде оған қол жеткізуге болады. 
Стратегияда мұнай-газ саласының өңірдегі басты басымдығы айқын бағдарланған. Сыр жерінде Менделеев кестесінің барлығы дерлік бар екендігі барланып, зерделенген. Әрине, қазба байлық шексіз емес. Сондықтан оларды барлау мен әзірлеу, геологиялық қорларды толығырақ пайдалану әдістерін жетілдіру күн тәртібінен түспейді. Осы бағытта металлургия саласын дамыту стратегиялық мақсаттар ретінде айқындалған. Бұл бағытта титан, мыс, темір кенін, ванадийді өңдеуді дамыту, «Шалқия» кенін қалпына келтіру, уран қорын тиімді пайдалану мәселелері көзделген. 
Аймақта ірі және орта индустриялды жобаларды іске асыру арқылы өңдеу секторын 2 есеге арттыру жобалануда. 2020 жылға қарай жалпы өңірлік өнім құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі кем дегенде 5 пайыз болады. Сондықтан оның жылдық өсу қарқынын 10 пайызға жеткізу жоспарланған. Таяу жылдарда мия тамыры, әк, құрама жем, тағы басқа өндірістерді қатарға қосу көзделген. 
Алдағы жылдардың мақсаты айқын. 2020 жылға қарай жалпы өнім құрылымында тау-кен өнеркәсібінің үлесі 46 пайызды, өңдеуші өнеркәсіп 5 пайызды, құрылыс саласы 8,8 пайызды, көтерме және бөлшек сауда үлесі 9 пайызды, көліктің үлесі 15 пайызды, агро- өнеркәсіп кешені 4 пайызды құрауы тиіс. Ал инвестицияның жыл сайынғы нақты көлем индексінің өсуі 12 пайызды құрайтыны болжанған. Сонымен бірге, Стратегияда 2020 жылға халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін, орташа айлық 111,8 мың теңгеге дейін, тұрғын үйдің көлемі 420 мың шаршы метрге арттыру ойластырылған. Ауылдық елді мекендер 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылып, облыстың елді мекендері үздіксіз және тәуелсіз газбен толық жабдықталады. Осы кезеңде жұмыссыздық деңгейін 4,3 пайыздан көтермеу көзделген. 
Демек, облыстың 2020 жылға дейінгі экономикалық және әлеуметтік даму стратегиясы – Сыр елінің бүгіні мен болашағын болжаған, алдына іргелі мақсаттар қойылған маңызды тарихи құжат. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұл тарихи құжат арқылы аймақ дамуының жаңа көкжиектерін белгілеп, оны жүзеге асыруда халық бірлесіп бар күш-жігерін жұмсайды деп сенеміз.
Құттықожа ЫДЫРЫСОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

АРАЛ ТАҒДЫРЫ – АДАМ ТАҒДЫРЫ
Бағзы заманнан бері жергілікті жұрттың өмірінде орасан зор маңызға ие Арал теңізі өткен ғасырдың ортан белінен бастап экологиялық дағдарысқа тап келгенін жақсы білеміз. Сол алып су айдынын сауықтыру шарасы Қазақстанның егемен ел атанып, жеке мемлекет ретінде өмір сүре бастаған уақытынан қолға алынып отыр. Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың батыл бастамасымен өмірге келген ғасырлық жобаның көрінісі. 
Бүгінгі таңда облыс бойынша балық шаруашылығына маңызы бар Кіші Арал теңізі (328,8 гектар), Сырдария өзені (820 шақырым) мен жергілікті маңызы бар 176 су айдыны (45,6 гектар) кіреді.  Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өткен жылдың ақпанында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебінде Арал теңізінен ауланған балықтар өңделмей, сыртқа шығып жатқанына ерекше назар аударды. Бұл орайда балық аулаушылар, өңдеушілер және тасымалдаушылар мен квота берушілер арасында ешқандай үйлесімділік жоқ екенін атап көрсетті. Сондықтан осы мақсатта балық шаруашылығын дамытудың жаңа жүйесін қалыптастыратын ұйым ретінде балық шаруашылығы консорциумы құрылды. Қазіргі таңда осының арқасында саладағы жұмыстар жүйеленіп, өз қалпына түсіп отыр. Консорциумға осы салада қызмет атқарып жүрген 17 шаруашылық пен ғылыми-зерттеу институты, «Байқоңыр» ӘКК АҚ мүшелікке кірді. Бұл балық шаруашылығына әкелген үлкен серпіліс.
Елбасымыздың арқасында өмірге келген «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу жобасының» алғашқы кезеңі аяқталып, елдің игілігі артты. Бұрынғыдан балық аулау көлемі бірнеше есе өсіп, кезінде салынғанымен тоқтап тұрған балық зауыттарының бойына қан жүгіре бастады. Ендігі уақытта сол игілікті іс жалғасын табады. Бұл өңірде мекен еткен азаматтардың тіршілігінде өрелі өзгерістер болады деген сенімді нығайтады.  
Стратегияда біз осы салаға қатысты орынды міндеттерді құптаймыз. Ғасырлық жобаның екінші кезеңінен зор үміт күтеміз әрі оның жүзеге асатынына мүмкіндік бар. Сондықтан облыстың 2020 жылға дейінгі белгіленген даму стратегиясы аймақ халқының барлық тұрғыдан әлеуетін көтеруге жасалған бірден-бір маңызды құжат деп толық айта аламыз. 
Әділбек Әйімбетов,
облыстық балық шаруашылығы консорциумының төрағасы, Арал ауданының құрметті азаматы.

РУХАНИ САЛАНЫҢ САБАҚТАСТЫҒЫ 
Сыр бойы – қазақ руханиятының алыптары түлеген қасиетті топырақ. Мұнда ұлт  мәдениетінің сан ғасырлық  тарихына үңіліп, тағылымына қанығуға болады. Облыстың 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясындағы мәдени мұраны сақтау және дамыту туралы басым бағыты саланың алдағы жұмысын белгілеп бергендей.
Орта ғасырлардағы қалалардың орнына жүргізілген қазба жұмыстары тәуелсіз еліміздің археология ғылымын жаңа биіктерге көтерді. Енді Сырдың табанында жатқан ежелгі астаналардың орнын зерттеп, ол жерлерді ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру міндеті тұр. Қазіргі күні Сығанақ, Жент, Шірік-Рабатта табылған жәдігерлер орта ғасырлардағы мәдениетімізге өлшем болатындай. Аралдың кепкен табанынан табылған нысандарды зерттеу теңіздің тартылуы мен қайта толуы туралы сан түрлі пікірталастарға нүкте қояры сөзсіз. 
Стратегиялық бағдарламада түркітілдес халықтардың музыкалық фестивалін екі жылда бір ұйымдастыруды дәстүрге айналдыру туралы айтылыпты. Бұл шара түркі туыстас мемлекеттердің Сыр өңірінде бас қосуын, ортақ тіл мен мәдениеттің осы жерде салтанат құруын дәріптейді. Сондықтан халықаралық деңгейдегі фестивальдің дәстүрге айналуы  құптарлық. «Қорқыт ата» мемориалын да Елбасының тапсырмасына сәйкес күрделі жөндеу жоспарланған.
Мәдениет саласына қатысты тағы бір жаңалық, жаңа драма театры мен концерт залының қажеттілігі ескерілген. Сыр сүлейлерінің баға жетпес қазынасын келер ұрпақтың кәдесіне жарату, өткен мен ертеңнің арасындағы алтын көпірдің міндетін атқару бүгінгі ұрпақтың маңдайына жазылыпты. Сол міндетті орындау үшін қолға алынып жатқан шаралар деңгейі өте жоғары. Алдағы уақыттың еншісіне бұйырғаны бұдан да маңызды әрі ауқымды боларына сөз жоқ. 
Стратегиялық бағдарламамен таныса отырып, үлкен істерді атқару үшін жүйелі жоспар құрудың маңызды екеніне тағы бір көзім жетті. Тек осы жоспарлардың жүзеге асқанын, игілігін халық көрсін.  
Алтын БЕКЕНОВА,
облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының қызметкері.

АГРАРЛЫҚ САЛАНЫҢ АЖАРЫ КІРЕДІ
Сыр өңірі тұрғындарының басым көпшілігі ауылдық жерді мекен етеді. Сондықтан бұл орайда агроөнеркәсіп саласының маңызы ерекше. Әрине, облыс экономикасында тау-кен өндірісінің үлесі басым болғанымен, егін егіп, мал өсірген ағайынның да мүддесі әрдайым басты назарда ұсталады. Өйткені, агроөнеркәсіптің серпінді жұмыс жасауы елдегі ағайынның еңсе тіктеуіне, шаруасын дөңгелентуіне, жұмысын жүйеленуіне жол ашады. 
Облыстық мәслихаттың 2013 жылғы қорытынды сессиясында Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясында аталмыш саланы дамытуға ерекше мән берілді. Әсіресе, аймақтың басты дақылы – күріш шаруашылығын дамытуда тың бастамалар назарға ұсынылды. Облыс әкімі атап өткендей, ауыл халқының басым бөлігін асырап отырған күріш шаруашылығы – ауыл тұрғындарының жұмыс көзі әрі жер экологиясын сақтап қалудың жолы. Қаншама жылдан бері күріш егіп, мол тәжірибе жинақтаған жұрт үшін бұл кәсіп бірден-бір табыстың көзі екені айқын. Біздің өңірде қаншама мың гектар инженерлік жүйеге келтірілген жерлер бар. Егер біз басқа кәсіптің түрін таңдайтын болсақ, кезінде қаншама қажыр-қайрат жұмсалып, қыруар қаржы салынған сол алқаптардан айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Мұндай келеңсіз көрініске кезікпеудің басты амалы – бүгінгі заманға сай технологиялар арқылы күріш өндірісінің көкжиегін кеңейтіп, экспорттық саланың әлеуетін арттыруға әбден болады. Бұл мәселеде Стратегияда айтылған ойлар өте орынды. 
Стратегияда мал шаруашылығын дамыту жайы да ескерілген. Төрт түлікті түлету ауылдағы әрбір отбасының негізгі тіршілік көзі екені белгілі. Әйтсе де, соңғы екі жылда мал басының кемуі байқалып еді, атқарылған шаралардың, нақты қолдаулардың нәтижесінде соңғы жылы өсім пайда болды. Демек, мал басының өсімін қалыптастыруға бағытталған жаңа бастамалар алдағы уақытта халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға үлкен септігін тигізеді. Стратегияда қамтылып отырған бұл мәселенің тұрғындар үшін, әсіресе ауыл жұртшылығы үшін үлкен маңызы бар деп білеміз. 
Бір сөзбен айтқанда, Стратегияны бағамдай отырып, өңірдің өркендеп-өсуіне негіз боларлық көптеген игілікті істерді жүзеге асыру көзделіп отырғанына көз жеткіздік. Халықтың әл-ауқатын арттыруда олардың барлығы да ерекше маңызға ие. 
Нұрлыбай ҰЛЫҚПАНОВ,
Қазақстан фермерлер одағы  облыстық ұйымының төрағасы.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТАДЫ
Тәуелсіз еліміздің өркендеу жолында  ұзақ мерзімді даму бағдарламаларын алға мақсат етіп қою, оның үдесінен шығу үшін аянбай еңбек ету тәжірибесі жеткілікті. "Қазақстан-2030” сияқты мұраты айқын стратегия мерзімінен бұрын іске асып, "Қазақстан-2050” стратегиясына ұласты. Аймақтың 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын осы ұзақ мерзімді бағдарламалардың ізімен жасалған, Сыр өңірінің ерекшеліктеріне негізделген деп айта аламын.
Соңғы уақытта білім саласында ұзақ жылдардан бері ұстаздар мен ата-аналарды алаңдатқан мәселенің шешімі табылды. 1200 балаға арналған мектептердің пайдалануға берілуі, шет аймақтардағы шағын аудандарға білім ошақтарының салынуы 3 ауысымдық оқу түйткілін түбегейлі жойды. Бұл арқылы жергілікті басшылық Елбасы Жолдауындағы тапсырманы толыққанды орындады. 
Өткен жыл шығармашыл, жаңашыл мұғалімдер үшін өте табысты болды деп ойлаймын. Еліміз өңірлерінің арасында біздің облыс ұстаздарды ынталандыруға ерекше мән беріп отыр. Былтыр үздік мұғалімдерге 1 миллион теңгеден берілуі үйретуден жалықпаған жандарды ынталандыра түсті.    
Бүгін адам капиталының сапасын арттыру үшін білім берудің мақсаттылығын арттыру бірінші кезекке шықты. Бұл үрдіс мектепке дейінгі тәрбиеден басталып, бала өміріне қажетті мамандық алып шыққанша үзілмеуі керек. Стратегияда аймақтың әрбір елді мекенінде кемі бір мектепке дейінгі мекеме болуы, жалпы білім беретін мектептердің материалдық-техникалық базасының жеткілікті жабдықталуы көзделген. "Балапан” бағдарламасының мерзімінен бұрын іске асатыны да жоспарланғанын қуанышпен айтуға болады. Ол үшін мүмкіндіктер жеткілікті. 
Қала тұрғыны ретінде айтарым, 2020 жылға дейінгі даму стратегиясының барлық бағыттары біздің игілігіміз, берекелі тіршілігіміз үшін жасалғанын байқадым. Стратегия өңір халқының өмір сүру деңгейін жақсартумен, жастардың сапалы білім алып, тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттырумен үндесіп жатқандықтан, оның орындалуына барша сырбойылықтар мүдделі деп ойлаймын. 
Гүлсім БОТПАНОВА,
№ 140 мектептің мұғалімі.
Қызылорда қаласы.

ЖЕТІ ЖЫЛДЫҢ ЖЕТІ БАҒЫТЫ
Металлургияның дамуы өңдеуші өнеркәсіптің үлесін көбейтуге және өңірдің экономикасын кезең-кезеңмен әртараптандырудың басталуына елеулі ықпал етеді. Өңірімізде инженерлік білімді дамыту және замануи техникалық мамандар даярлау жөніндегі жоспарымызды ескере отырып, болашақта нақты металлургиялық кластерді құру туралы да айтуға болады.  
***
Сапалы ауыз сумен ауылдық елді мекендер – 100%, оның ішінде, 80%-ы орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етіледі. 
Осылайша біз тіршілікті қамтамасыз етуші инфрақұрылымның негізгі үш бағыты, яғни, электр энергиясы,  газ және ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 100%-ға шығуымыз керек.
***
Жобаның екінші кезеңін іске асыру арқылы су деңгейін көтеру, теңізді бұрынғы шекараларына дейін созуға, Арал қаласының порттық маңызын қайтаруға және Сырдария өзеніндегі көлдік жүйелерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
***
Денсаулық сақтау саласын дамытудың басты бағыты дәрігерлердің біліктілігін арттыру болмақ. Салауатты өмір салты – денсаулықтың басты шарты. Осыған сәйкес, дене тәрбиесі және бұқаралық спортты аулалық спорт нысандарының негізінде дамыту басым бағыттарымыздың бірі болады.
***
Келесі жылы "Қорқыт ата” мемориалында Елбасының тапсырмасына сәйкес, күрделі жұмыстар жүргізілу жоспарлануда.
Қаржыландыру мәселесінің қиындықтарына қарамастан, біз ірі мәдениет мекемелері мен шығармашылық ұйымдарын құратын боламыз. Мысалы, қазірдің өзінде жаңа драма театры мен заманға сай филармониялық концерттік зал қажет. Облыстық филармония жанында камералық ішекті оркестр, ал, Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры жанында жастар театрлық труппасын құру жоспарлануда.
***
Аймақтардың экономикалық әлеуетін ескерсек, 2015 жылы Қызылорда, 2017 жылы Сырдария ауданы, ал, 2020 жылы Арал ауданы  субвенциялық аймақтардың қатарынан шығуы керек. Басқа аудандар бойынша облыстық бюджеттен аударылатын  дотациялардың көлемі едәуір қысқаруы тиіс.
***
Стратегияның мақсаттары  мен міндеттерінде, бірінші кезекте, жергілікті тұрғындардың мүдделері ескерілген. Әрбір қызылордалық осы құжаттан өзінің кәсіби және отбасылық өсу мүмкіндіктерін көре алады.
Әр азамат отбасы мен өз халқының болашағы үшін аймақтың экономикалық және мәдени жетістіктеріне қатысты туған елінде жұмыс жасауға шешім қабылдауы тиіс.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 11 қаңтар 2014 г. 1 210 0