Осыған дейін «Шардарадан» жіберілген мол судың салдарынан Сырдария өзені арнасынан асуы мүмкін екені болжанып, алдын алу шаралары пысықталған болатын. Бүгінде аймақтағы қауіпті деп танылған 56 елді мекенде судан келер қатерді болдырмау мақсатында дайындық жұмыстары қызу жүруде. Олардың қатарында Шиелі ауданына қарасты Жөлек ауылдық округі де бар.
Жалпы, аудан тұсындағы дария бойынан секундына 1100 текше метр су өтуде. Мамандардың болжауынша, алдағы уақытта аталған көрсеткіш әлі де көбеюі мүмкін. Сондықтан аудан әкімінің бастамасымен жедел штаб құрылып, қауіптің алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезекте аудан тұсындағы бас сағаны қорғап қалу мамандардың негізгі мақсаты болып табылады. Себебі, өткен жылы ғана қыруар қаржыға салынған су тоспасы өңірдегі егін шаруашылығының ілгерілеуіне айтарлықтай өз ықпалын тигізді. 2016 жылы су тоспасын салуға 1 млрд 700 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Аудандық мәслихат хатшысы тоспаны қорғап қалуға барынша күш жұмылдырылғанын жеткізді.
– Өткен жылы су тоспасы жұмысын бастағаннан бері күріш егу көлемі 3000-4000 гектарға ұлғайды. Биыл бұл көрсеткішті одан әрі арттырамыз деп отырғанда осындай жағдайлар орын алып жатыр. Бүгінде аталған аймақта 400-ге жуық адам мен бірнеше техника жұмыс жасауда, – деді мәслихат хатшысы Әшім Оразбекұлы.
Жөлек ауылдық округінде де су тасқынының алдын алу шаралары қатаң бақылауға алынып, бір аптадан бері қызу жұмыс жүруде. Мұнда тек өңір тұрғындары ғана емес, басқа да елді мекен азаматтары қолдан келген көмегін аянып жатқан жоқ. 7 күннің ішінде ауылдық округтегі дария бойында ілкімді істер атқарылып, ұзындығы 2 шақырым жерге биіктігі 1,40-2 метр болатын бөгет салынды. Сондай-ақ, өңірдегі «Сарыкөлге» дариядан су келетін құярлық тұсынан тағы да үлкен бөгет бой көтерді. Аталған көлдің аяқ жақ тұсындағы Мәмек деген жерде жылда су жолды бұзып өтетін. Биыл бұл тұстан биіктігі 1,5-2 метр болатын бөгет салынды.
Жалпы, Жөлек ауылдық округіндегі сақтық шаралары үш бағыт бойынша жүргізілуде. Бірінші кезекте өңірді толықтай тоғандау жұмыстары болса, келесі атқарылатын жұмыс ауылдық округке қарасты Жуантөбе елді мекенін тілсіз жаудан аман алып қалу болатын. Бұл бағытта да тиісті шаралар қолданылып, аймақ азаматтары қатердің алдын алуда аянып жатқан жоқ. Елді мекеннің өткен жылы ғана 16 млн теңгеге көшесі жөнделген болатын. Егер су көлемі артқан жағдайда аталған аймаққа да келер қауіп жоқ емес. Сондықтан, жолдың жиегін көтеру жұмыстары жүргізіліп, 1000 қап топырақпен ой жерлер биіктетілді.
Мамандардың алаңдауына толықтай негіз бар. Себебі, Жуантөбе елді мекеніне баратын бірнеше электр бағаналарын бір түнде су шайып кеткен. Аталған мәселеге байланысты шұғыл шара қабылданып, 800 метр жердің электр бағаналары ауыстырылды. Енді дарияның аталған елді мекен тұсына тоғандау жұмыстары жүргізілуде.
Шиелі ауданы бойынша 4 қалқымалы көпір болса, солардың бірі – осы Жөлек ауылдық округі тұсында. Бұл өңірде де тоғандау жұмыстары толықтай атқарылды десе де болады. Себебі, мамандар енді аймақты қауіпсіз мекен деп есептеп отыр.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.