ЖЕР КІНДІГІ – ЖЕТІ ЖҰРТТЫҢ МЕКЕНІ

ЖЕР КІНДІГІ – ЖЕТІ ЖҰРТТЫҢ МЕКЕНІҚазақстан халқының бірлігі күні Қызылордада сән-салтанатымен аталып өтті. «Достық үйінің» алдында ұйымдастырылған «Болашағы біртұтас ұлт» форумына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, облыстық ассамблея, этномәдени бірлестік мүшелері мен қала жұртшылығы қатысты.
Сталиндік қуғын-сүргін кезінде Қиыр Шығыстан корейлер, Еділ бойынан немістер, Солтүстік Кавказдан қарашай-балқарлар, шешен-ингуштар, қырым татарлары мен месхет-түріктері жеті жұртқа мекен болған Сыр өңірін паналады. Қазақ халқы оларды жатсынбай, дархан көңілін білдіріп, құшағын айқара ашты. Сыр елі оларға туған үйі бола білді. Форумда аймақ басшысы көпшілікті ынтымақ пен бірліктің, келісім мен достықтың мейрамымен құттықтады. 
– Алауыздықтан ада, бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан жұртымыз бар. Ұлы мақсаттарды рух үндестігімен сабақтастырған, баршаны бауырына басқан, достыққа құшағын айқара ашқан еліміз жаңарған, жаңғырған жолға түсіп, көрші мемлекеттерге үлгі болуда. Елбасының байыпты саясатының арқасында Қазақстан достық пен бірліктің мекеніне айналып қана қоймай, әлемге ырысты ынтымақтықтың ұлағатты үлгісін танытты. Бір-бірімізге құрметіміз шынайы, көңіліміз кең, халқымыз аман, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! – деді облыс әкімі. 
Осы ретте ассамблеяның барлық құрылымы ұлттық салт-дәстүр, тіл мен мәдениеттің сақталуына, қоғамдық келісімнің нығаюына үлес қосып келеді. Салтанатты шарада ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Махмұтбай Әміреұлы, №198 орта мектеп мұғалімі Надежда Ярынюк, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Жеткерген Жаншораев, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың кафедра меңгерушісі, PHD докторы Сәбит Ибадулла ізгі тілектерімен бөлісті.
– Қазақстан халқының бірлігі, ынтымақтастығы, татулығы – еліміздің ең басты байлығы. Осы байлығымызды көздің қарашығындай сақтауға атсалысайық. Береке-бірлігіміз арта берсін! – деді С.Ибадулла. 
Шара аясында «ЭКСПО-2017», «Қуатты Қазақстан», «Бір¬лік. Ынтымақ. Бейбітшілік» деген жазуы бар лента байланған шар бумалары көкке ұшырылды. «Сыр сандуғаштары» вокалды тобының бүлдіршіндері ақ көгершіндерді әуеге жіберіп, тілектерін айтты. Форум «Мақсаттар бірлігі – рух бірлігі» атты этномәдени бірлестіктердің өнер фестиваліне ұласты. Сыр елін екінші Отаны санайтын әртүрлі ұлттар мен ұлыстар өкілдері ән-бимен шараның әрін аша түсті.

***
Береке мен бірліктің туы желбіреп, еңбек пен достықтың күйін шертетін ғажайып күнді Сыр елінің жұрты барлық сән-салтанатымен, тамаша көңіл-күймен қарсы алды.
Бірлік мерекесі халықтық жаппай серуенге ұласып, шырайлана түсті. Орталық алаңда мәдени іс-шаралар, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтіп, мерекелік концерт қойылды. Қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін кішігірім сахналар орнатылып, онда жастар мен бүлдіршіндерден құралған шығармашылық ұжымдар өнерлерін ортаға салды. Ал, «Достық үйі» алдында өңірдегі түрлі этнос өкілдері қатысуымен, думанды мереке өткізілді. 
Осы күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Қазақстан – достық мекені» тақырыбында кітап көрмесі және облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақстан халқының шай ішу дәстүрі» атты көрмелер ұйымдастырылды. Белсенді жастар «Сыр ана» монументінен «Тағзым» алаңына дейінгі аралықта «Менің елім» мотожарысын, қалалық мәдениет және демалыс саябағында ашылу маусымы және облыстық филармонияның «Сыр самалы» вокалды-аспаптық ансамблінің «Достық әні» концерті өтті.
Назерке САНИЯЗОВА.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.  


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 мамыр 2017 г. 794 0