ЕЛ АЛҒЫСЫ ЕРЕКШЕ

ЕЛ АЛҒЫСЫ ЕРЕКШЕ«Қайырымдылық – қайырлы іс» дейді дана халқымыз. Қайырымды, жомарт, қолы ашық жанды көпшілік абыройлы азамат ретінде мақтан тұтады. Сондай азаматтардың бірегейі облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов екенін Сырдария ауданы жұртшылығы жақсы біледі. Тындырымды тірлігімен көпшілік алғысына бөленген ол қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнатып, қиын кезеңде ел жанынан табыла біледі. 
Ол үнемі аудан көлемінде ұйым¬дастырылатын қайырымдылық шараларына белсенді қатысып, өз үлесін қосып келеді. Мәселен, бұрнағы жылы аудан орталығында мешіт құрылысына қажетті материалдар алып бергені белгілі. Ал, жыл сайын Құрбан айт мерекесінде ірі қара малын сойып, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасы мүшелеріне үлестіретіні өзгелерге үлгі-өнеге. Сонымен бірге, халық қалаулысы «Нұр Отан» партиясының бастамасымен ұйымдастырылатын «Есіктен – есікке» акциясына да белсене қатысып, бірқатар отбасыға ұн, май, макарон өнімдері, қант, шай секілді азық-түліктерді таратып келеді. «Бұл менің қоғам алдындағы азаматтық парызым», – дейді Расул Әбутәліпұлының өзі. 
Кейіпкерімізді танып-білу үшін сәл кейінге шегініс жа¬сайық. Еліміз егемендік алған тұс. Жоғары оқу орнын бітір¬ген Расул өз мамандығына сәйкес жұмыс таппаса да, ата-анаға қарап отыруды өзіне ар санады. Әртүрлі кәсіпті жасап жүріп, бизнес ашуды ойлады. Сөйтіп, 1999 жылы «Углесбыт» ЖШС құрды. Басында елге аса қажет әрі сол кездері тапшы қара отын – көмір тасумен айналысқан мекемеде бар-жоғы 2-3 адам жұмыс істейтін. Бірақ, көмір тек жылу маусымында керек. Ал, жаз бойы не істемек?! Осылайша серіктестіктің жұмыс ауқымы кеңейтілді. Қыс бойы аудан тұрғындарын, мекемелерді көмірмен қамтыса, жыл бойы құрылыс заттарын тасыды. Оған арнайы бағытталған дүкен ашты. Өскеменнен – цемент, Қостанайдан ағаш жеткізумен айналысты. Қазір мекемеде отыздан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Құлашын күннен-күнге жайып келе жатқан мекеме құрылыс салуды қолға алды. «Қызылорда-Жалағаш» трассасы бойында кентке қарасты жаңа шағын аудан бой көтерді. Мұнда ауданға керекті мамандарға және аз қамтамасыз етілген жандарға арнап үйлер салынды. Мұнан бөлек, Қалжан ахун, Асқар Тоқмағанбетов ауылдарында «Тағзым» алаңдарын қайта жаңғыртып, күрделі жөндеуден өткізді. Қалжан ахун ауылдық округі әкімдігінің ғимаратын, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ үшін Құмкөл кенішінде шағын қалашық тұрғызды. Заманауи талаптарға сәйкестендіріліп салынған бұл кешенде мұнайшыларға барлық жағдай жасалған. 
Осы жылдар Расул үшін өсу, өркендеу жылдары болды десек, артық емес. Қанша қиындық болғанымен, елде шағын және орта бизнесті дамытуға барлық жағдай жасалғаны белгілі. Міне, осы тұсты тиімді, ұтымды пайдалана білген кәсіпкер жігіт 2007 жылы «Углесбыт+7» мекемесін ашты. Негізінен, жанар-жағармай тасымалымен айналысатын мекемеде бүгінде 10 адам жұмыс істейді. Мекеме, кәсіпорындарды, шаруашылықтарды сұйық отынмен қамтамасыз ету ісінде өзгелерге үлгі етерлік істері басым. Жанармайды жеткізу үшін тікелей ШНОС-пен келісім-шартқа отырды. Бұл өз кезегінде май бағасын өз деңгейінде ұстап тұруға септігін тигізді. Қазір «Орда-Петрол» арқылы келетін бензин бағасы нарық бағасынан төмен. Аймағымыз әсіресе, суармалы егіспен айналысатындықтан су құрылғыларының немесе каналдардың таза, суды өткізу қабілетінің жоғары деңгейде болуы басты шарт болып саналады. Бұл жұмыстарда да «Углесбыт+7» серіктестігінің мамандары ұршықтай иіріп әкетті. Қазір ауданнан тысқары елді мекендерде де каналдарды тазалап, диқандар ризашылығына бөленіп жүр. Қалжан ахун, Шағаннан бөлек, Шиелі ауданына қарасты «Сұлутөбе» каналы да тазаланып, күріш атыздарына мол су іркіліссіз келетін болды. 
Кәсіптен нәсіп тапқан халық қалаулысын үнемі бір нәрсе мазалайтын. Ол жеріміздегі шексіз байлықты өзге емес, өз халқымыз пайдаланса, елдің игілігіне қызмет етсе деген пайым еді. Осы орайда тағы бір жобаны іске асырмақ ниеті барын аудан басшылығымен ақылдасқанда олар да қуана құптады. Бұл жоба медицина саласында кеңінен қолданылатындықтан ел денсаулығы үшін маңызды. Сондықтан тағы бір серіктестік «STEPPE GRASS» өмірге келді. Яғни, «Дала шөптері» деп аталатын бұл компания мия тамырын өңдеумен айналысады және серіктестік болашақта кемінде 50-60 адамды жұмыспен қамтымақ. 
Біз «Углесбыт» ЖШС бас директоры, облыстық мәсли¬хат депутаты Расул Әбутәліпұлы Есеновке жолығып, әңгімелескенімізде, сөзден гөрі іске мығым жігіт алдағы атқарылар шаруалардың мол екенін айтты. 
– Ең алдымен елге қызмет ету парызым деп білемін, – деді ол. – Бұл менің бизнесті бастағандағы басты ұстанымым. ¬Солай болып қала береді. Екіншіден, қай шаруаны атқарсақ та мейлі ол құрылыс, жанар-жағармай тасымалы болсын бағаны барынша тұрақтандыру, көтермеу. Елге қызмет еткен соң сол халыққа жағдай жасауымыз керек. Себебі, мен осы елден шықтым. Осы елдің тумасымын. Сонан соң кірпіш зауытын ашу ойда бар. Себебі, қазіргі талап басқа. Әр адам жақсы, заманауи үйлерде тұрғысы келеді. Сондықтан кірпіш іздеп сабылып ел асқанша, өзімізде қалта көтеретін бағада болғаны жақсы емес пе? Бұл, бір жағынан елге қажет өнім, екіншіден жұмыссыздықты азайтады. Тағы да елге керек дүниенің бірі саз, топырақ, шеге құм алатын қазба орынның жоқтығы. Осы жұмыстарды қолға алу үшін жер ресурстарын пайдалану мекемесінен рұқсат алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мен бизнесте қандай жетістіктерге жетсем де, бұл ең алдымен менің ұжымдастарыммен бірге жасаған жұмыстардың нәтижесі. Болашақта шағын және орта бизнесті дамытуға, жұмыссыздықты жоюға қолдан келгенше үлесімді қоса беремін. Себебі, Елбасы Н.Назарбаев кәсіпкерлікті дамытуға барлық жағдайды жасап отыр. Елдегі шағын бизнес өкілдеріне үлкен сенім артуда, – деді. 
Расул Есенов аудандық мәслихаттың екі шақырылымында халық қалаулысы атанды және бүгінде облыстық мәслихат депутаты. Сан салалы жұмыстар арасынан уақыт тауып қоғам өміріне белсене араласатын талапты азамат бірнеше рет мемлекеттік наградаларға да ие болды. Бұл оның шын жүректен атқарған жұмысының жемісі. 
Бұл халық қалаулысының қоғам алдындағы өтелген борыштарының бір парасы ғана. Әсіре мақтап, абырой жинау ойымызда жоқ екенін алға тарта отырып, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халық даналығы негізінде азаматтың үлгілі істерін өзгелерге өнеге етуді жөн санадық. 
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Сырдария ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 сәуір 2017 г. 862 0