Күн сайын ұлттық арнамен бірге оянып, «Таңшолпанды» көрмейтін қазақ кемде-кем. Мемлекеттік тілде сайрайтын кәріс қызының бұл хабарды мүдірмей жүргізуі көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Әр күн сайын қазақ жұртына «Қайырлы таң!» тілеген Ирина Тен төл арнамызда біраз жылдан бері абыройлы еңбек етіп келеді.
Иринаның бойындағы барлық қабілет қазақ тілі арқылы бүр жарды. Арал ауданында дүниеге келген ол бала кезінен қазақ тілге судай болатын. Қасиетті «Сыр елі – жыр елінен» шыққасын қолына қалам алуға бел буды. Ауылда жүргенде телеарнада қазақша бағдарлама жүр¬гізем деп алдына үлкен мақсат қоя білді. Арал қаласындағы орыс мектебінде білім алса да, алға қой¬ған мақсатын өзгерткен емес. Шы¬ғар¬¬машылыққа көп көңіл бөліп, Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни¬верситетінің журналистика фа¬куль¬тетіне оқуға түсті.
Студент кезінде шығармашы¬лығын шыңдаған Иринаны «Таң» телеарнасы жұмысқа шақырды. Ол кезде Сыр елінің тумасы небәрі 17 жаста болатын. Осылайша аталған арнадан тәжірибеден өтіп, алғашқы еңбек жолын бастап та кетті. Бүгінде ұлттық арнаның «Таңшолпан» бағ¬дар¬ламасында жүргізуші болып қызмет атқаратын ол осындай жетіс¬тіктердің барлығы қазақ тілінің арқасында келгенін айтады. Басқа қалада жүрсе де, Сыр еліне деген сағынышы жыл сайын Ақмешітке атбасын бұруды дәстүрге айналдырды.
– Туған жерге деген сағыныш ешқашан сарқылған емес. Сәті түскен сайын ауылға баруға асыға¬мын. Балалық шақты бірге өткізген құрбы-достармен -дастарханда оты¬рып әңгімелескенге не жетсін! Сол кезде біз баяғыдай Аралдың құмын табанымызбен басамыз. Теңізді тамашалаймыз. Шағалалар қашан көрінеді деп толқыны толқынға жалғасқан көкжиекке көз тігеміз. Елімізде шұрайлы жерлер аз емес. Алайда, мен үшін Аралымның жөні бөлек. Оған арналған махаббаттан Отанға деген сүйіспеншілік туындайды. «Мен сағынбас адамдармен дос емен» деп Төлеген Айбергенов бекерге жырламаған ғой. Сыр елі – менің бақытым. Сонда туып, сонда өсу мүмкіндігі пешенеме бұйырыпты. Жыр елінің қызы бола тұра қолыма қалам ұстамасам, ұят секілді. Журналистік мамандықты таңдап, шығармашылық жолға түскенімнің себебі де осы, – дейді Ирина Тен.
Жерлесіміз қай дәрежедегі дос¬тық болмасын, оның ниеті – ақ, мұраты – шындыққа жақ болуы керек деп есептейді. Себебі, шын сыйластық еркіндік, теңдік жағдайында ғана жарасым табады. Тілші қыз журналист ретінде көп нәрсені саралап, біраз нәрсенің бағасын білуге тура келетінін айтты. Ирина қазақтың даласы қандай кең болса, халқының құшағы да сондай дархан деп есептейді. Қазақ жұртының мейірбан екеніне кезінде оның ата-анасы да көз жеткізген.
Иринаның мемлекеттік тілді еркін меңгергені көзге көрініп-ақ тұр. Онымен тілдескенімізде қазақтың көне сөз тіркестері мен мақалдарын жүйелі қолданатынына риза болдық. Тіпті қазақтың салт-дәстүрлерін де толық біледі. Көбісі Иринаның кәріс қызы екеніне әуелгіде сенбей қалады екен. Оның қазақша сайрап тұрғанын көргендер іштей риза болады.
Бірде тележүргізуші құрбысы екеуі сауда орталығын ¬аралап жүріп жанынан өтіп бара жатқан апайдың «Түһ, мына қазақ қызының әдемісін-ай! Өзі тұп-тура корей сериалдарындағы актриса секілді екен!» деп тамсанған сөзін естіп қалады. Сонда Ирина «Апай, мен шынымен де корей қызымын» – деп күледі. Алайда, Қарт әжей қазақша еркін сөйлеп тұрған оған әуелгіде сенбейді. Ирина төл¬құжатын көрсеткеннен кейін аздап иланғандай болады. Ол көбіне құрбыларымен өзара қазақша сөй¬леседі. Сондықтан оны барлығы қазақ деп ойлайды. Жерлесіміздің Отанға, елге, тілге деген құрметі – өскелең ұрпаққа үлгі.
Кенжетай БАЛҒАБАЙ.