ҚАМДАНҒАНДАР ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ

ҚАМДАНҒАНДАР ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫБұған дейін хабарланғандай, Шардарадан жіберілер мол су дарияны тасытуы мүмкін екендігі болжануда. Сәрсенбінің кешінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев төтенше жағдайлар штабының жедел мәжілісін өткізіп, тиісті тапсырмалар берген болатын. Бүгінде дария деңгейі бақылауға алынып, өзен бойындағы осал тұстар нығайтылып, қауіпті аймақтардағы қорғаныс бөгеттері қымталып жатыр. Мәліметтерге сәйкес, 30 сәуір күні Шардара су қоймасынан төменге секундына 1600-ден астам текше метр су жіберіледі. Мамыр айының алғашқы он күндігінде бұл көрсеткіш 1800-2000-ға дейін жетуі ықтимал. Осынша мол суды шығынсыз өткізу үшін аймақ басшысы жұмысты жұмыла атқаруымыз қажеттігін тапсырды. Ия, тасқынға тосқауыл қою үшін тас-түйін дайындық жасау керек. Алдын-ала есептеулер бойынша су 375 мың халық тұратын 56 елдімекенге қауіп төндіруі ықтимал. Ауыл шаруашылық жерлері мен малшылар қоныстарына да өз зардабын тигізбей қоймайтыны анық. Аймақ басшысы штаб отырысында аудан әкімдері мен жауапты мекемелерге барлық көмектің жасалатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, мол суды көлдер мен каналдарға, жайылымдық-шабындық жерлерге жіберуде тиянақтылық қажеттігіне баса назар аударды. Әрине, мал-жанның амандығы үшін бар мүмкіндік іске қосылуы тиіс. Ел болып, бірлесе әрекет етсек, бұл қиындықты да еңсеретініміз сөзсіз.

Кеше аймақтағы бір топ БАҚ өкілдері Сырдария, Жалағаш аудандарындағы қолға алынған жұмыстармен танысып қайтқан еді.

Көрген көзге дария жарықтық бейқам секілді. Шөлпілдеген су соншалықты қорқынышты кейіп танытпағанмен өзеннің өзгеруі қапелімде көрінеді. Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Лекеров БАҚ өкілдерін «Қарой» деп аталатын учаскеге алып барды. 50-ге жуық адам бөгеттің үстіне құм толтырылған қап төсеп жатыр екен. Құм жеткізер ауыр көліктің ары-бері жүруі қиын, бір бағытта ғана қозғалады. Дария қалың жыныстан көзге көрінер емес, шамасы 500 метр қашықтықта жатыр. Ал, жайылар судан қорғанар бөгеттің етегінде емпілдеген су жатыр.

– Бізге секундына 600 текше метрден астам су келген уақытта дария арнасынан асып, осы бөгетке келіп тірелді. Мынау – қайтқаннан кейінгі қалған су, қазір секундына 453 текше метр су өткізілуде. Байқағандарыңыздай, бөгеттің бос биіктігі бір жарым метрдей, егер секундына 700 текше метр су келсе, бөгеттің бетін шаюы ықтимал. Одан кейін ұстап тұру қиынға соғады. Ал, құм толтырылған қап оған жол бере қоймайды, - дейді аудан әкімінің орынбасары.

Оның сөзінше, мол су аудандағы 3 елді мекенге қатер төндіруі мүмкін. Олар – Тереңөзек кенті, Қалжан ахун және Нағи Ілиясов ауылдары.

– Осы жылы аудандық бюджеттің шұғыл шығындары резервінен 58 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, соның 29 миллионына ақпан-наурыз айларында қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары жүргізілген болатын. Қазіргі таңда қалыптасқан жағдайға байланысты іс-шаралар қолға алынды. Жоғарыда атап өткен 3 елді мекеннің тұрғындарына ескертпе хаттар, хабарламалар таратылып берілді. Бүгінгі таңда қорғаныс бөгеттерінің 7 тұсында нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтсақ, Нағи Ілиясов ауылындағы «Ысқақ қайыр» учаскесінде 60 адам, Шаған елді мекеніне қарасты «Мақсұм сейітте» 88 адам жұмыс істеуде. Қазір Сырдария өзенінің оң жақ жағалау қорғаныс бөгетінде тұрмыз. Бұл жерде 5 қауіпті учаске бар, біз тұрған жер «Қарой» деп аталады. Ауданда қазір 15000 қап, 1000 пашын, 500 қада қоры жасақталған. Жанар-жағармайдың мәселесі шешілген. Бүгін аудандық балалар лагері тұсынан 1,3 шақырым қорғаныс бөгетін нығайту жұмыстары басталып кетті. Жұмыс жасап жатқанымызға қазір - төртінші күн, – деді Бақытжан Лекеров.

Сонан соң, журналистер қауымы Қалжан ахун ауылы жұртшылығымен кездесті. Біз төтенше жағдай қызметкерлері ескертпе хат таратып жатқан сәттің үстінен түстік. Ауыл тұрғыны Дастан Досығұлов қалыптасқан жағдайдан хабардар екендігін, су тасыған жағдайда ережеге сәйкес әрекет етуге отбасы дайын екендігін жеткізді.

Жалағаш ауданындағы жағдайға қанығу үшін БАҚ өкілдері Шәменов атындағы ауылға табан тіреді. Өйткені, ауыл – су басу қаупі төніп тұрған мекеннің бірі. «Қалғандария» учаскесі деп аталатын аймақ – ауылдың іргесінде. Мұндағы мәселе – мол су жағаға соққан сайын бөгетті мүжіп, жұқарта бастаған. Оған жол бермеу үшін жиылған жұрт қадамен бау қамыс тұрғызып, етегін құм толтырылған қаптармен бекітіп жатыр.

– Мына тұрғызылған бау қамыстар кейін тамырлаған шөптермен бірге мықты қорғанысқа айналып, уақыт өткен сайын мықтылығы арта түседі. Қазіргі күні қорғаныс бөгеттерін нығайту үшін жұмылдырылған азаматтар 2 ауысымда қызмет етуде. Таң атқаннан күн батқанға дейін тынып жатқан жоқ. Жалпы, Жалағаш ауданы территориясында дария бойынша оң жағалауда – 54,4 шақырым, сол жағлауда – 29,1 шақырым қорғаныс бөгеттері бар. Ауданда су басу аймағы шамамен 70 мың гектар деп отырмыз. Су алу қаупі бар аймақтарға Жалағаш кентінің Дәуімбай учаскесі, Ақсу, Шәменов, Таң ауылдары және Далдабай елді мекендері кіреді. Оларда 7000 мыңға жуық халық тұрады. Бүгінгі күні осал қорғаныс бөгеттерді қалпына келтіріп, нығайту жұмыстары барлық учаскеде қолға алынды. Әрбір учаскеге 6 мекемеден бекітілген, тәулік бойы су деңгейі қадағаланып отыр, – дейді Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Алтынбек Дәрібаев.

Дария бойындағы «Қалғандария» учаскесі деп аталатын қорғаныс бөгетінің 500 метрдей тұсын нығайтып жатқан тұрғындар саны 200-ге жуық. Облыстан, ауданнан келгендері бар, сондай-ақ, ауыл тұрғындары да бір адамдай еңбек етіп жатыр.

– Ауыл тұрғындары жауапты іске өз үлестерін қосуда. Жастары қол көмектерін берсе, үлкендері ас-суларын әкеліп беруде. Кеше бір тұрғын бастама көтеріп 200 бау қамысын қорға берді. Сондай-ақ, біз қазіргі күні жекеменшіктегі 28 техниканы пайдаланудамыз. Мұның өзі – үлкен көмек, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Сапардан түйгеніміз – халық көңілінде үрей байқалмайды. Керісінше, осындай қиын сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жауапкершілік пен елжандылық танытып, ауызбіршілікпен, ұйымшылдықпен еңбек етуде екендігін аңғартты. Бірлігі бекем ел қандай қиындықтарды да еңсереді.

 

Нағымжан САУЯЕВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 сәуір 2017 г. 697 0