« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бүгінде Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегіші тола, енді артық суды қабылдауға мүмкіндігі шамалы. Сәрсенбіде аймақ басшысы осы мәселеге байланысты шұғыл жиын өткізді. Аудан әкімдері мен басқарма басшыларына қатаң тапсырмалар берді. Осы дүмпудің әсері ауыл-ауылдарды да шарлап, жергілікті жұрт етек-жеңін жинай бастаған секілді.
Аптаның бейсенбісі күні түстен кейін Шиелі ауданын суландыратын Жаңа Шиелі каналының сағасына ат басын тіредік. Өйткені, 2005 жылғы су тасқынында осы сағаның басынан су асып, жұртты бір дүрліктіргені бар еді. Байқағанымыз, әзірге мұнда қалыпты жағдай, су деңгейі көтеріңкі болғанымен гидротехник Базарбек Нұрымбетов пен су реттеуші Ақылхан Ділдаев әзірге оншалықты қауіп жоқтығын жеткізді. – Басшылардың бәрі үрлемелі су тоспасының маңында, адамдар сол жақтағы дамбаларды биіктетіп, осал жерлердің барлығын топырақпен көтеріп жатыр,– дейді олар. Айтқандай-ақ, дария суын үрлемелі су тоспасына қарай бұру үшін салынған бөгеттің үстінде 150-дей адам жүр. Бұлар әр ауылдан, мекемелер мен ұйымдардан келген жұмысшы-қызметкерлер.
– Әзірге шамамен бұл жерден секундына 1300 текше метр су өтіп жатыр деп есептеп тұрмыз. Енді екі-үш күнде бұл көлем онан да көбеюі мүмкін. Сондықтан бөгет нығайтылып, басқа да қауіп тудыратын жерлерді биіктетілуде. Аудандағы қажетті техникаларды осында жұмылдырылған, – дейді Шиелі ауданы әкімініәң орынбасары Тұрмағанбет Жағыпаров бізбен әңгімесінде.
– Барлық су постыларына кезекшілер қойдық, барлық дайындықтар жасалу үстінде, сақтық шараларынан босаңдық болмайды, – деді Шиелі «Сушар» мекемесінің басшысы Абдулла Мақұлбеков өз шаруасынан хабар білдіріп. Әрине, мынандай жағдайда жайбарақат жүруге еш жол жоқ, өйткені, елдің, жердің амандығы жауапты азаматтардың мойнында, қай кезде де солардан жауапкершілік сұралынады.
Ал бүгін аудан әкімдігінің баспасөз орталығында аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Рақымжан Сариев баспасөз өкілдеріне қалыптасқан жағдайға байланысты алдын-ала жасалынуы тиіс сақтық шаралары жөнінен мәлімет берді.
– Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі кезектен тыс комиссиясы ұйымдастырылып, құзырлы мекемелерге тапсырмалар берілді. Бүгінгі күнге қауіпті деген 2 аймақ белгіленіп отыр, Олар: бас саға Жаңа Шиелі магистральды каналы мен Жөлек елді мекенінің тұсы, – деді А.Есмаханов.
– Жалпы аудан бойынша 11 елді мекен қауіпті аймақ ретінде тіркеліп отыр. Төтенше жағдай орын ала қалған жағдайда аудан әкімдігімен бірлесіп, эвакуациялық көшіру кестесі жасалды. Сондай-ақ, малды құтқару жоспарлары да тиісті мекеме басшыларына тапсырылып, қатаң қадағалануда, – деді аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысы. Дегенде жоғарыдан келген мол судың екпінін бәсеңсіту барысында да ойластырылған шаралар бар екен, олар – дария суын аудан көлеміндегі каналдар мен ішкі су жолдарына, көлдер жүйесіне қарай жөнелту. Бұл орайда Жаңа Шиелі каналы 70 текше метр, Нәнсай – 8, Күміскеткен – 50, Ботабай – 10, Жаңа Сұлутөбе – 8 және басқасын қосқанда 180-200 текше метр су алу мүмкіндігі бар екен.
Иә, сақтық шаралары жасалуда. Жергілікті атқарушы орындар мен халық бірлесе қауіпті сейілту жолында күш біріктіріп отыр.
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |