СУ БАСУ ҚАУПІ БАР 56 ЕЛДІ МЕКЕН АНЫҚТАЛДЫ


СУ БАСУ ҚАУПІ БАР 56 ЕЛДІ МЕКЕН АНЫҚТАЛДЫШардара мен Көксарай су қоймаларының суға толуы, жауын-шашынның көбеюі сырбойылықтар үшін қауіпті болып тұр. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тиісті сала өкілдері мәлімдеді. 
Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов аймақта су басу қаупі бар 56 елді мекен барын айтты. Ал оның айналасында 375 мың адам, 79 мың тұрғын үй, 247 мың мал бар. Тұрғындар жағдайдан хабардар. Азаматтық қорғау құрылымдарының жұмысы күшейтілді. 
– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудандарда жедел штабтар құрылды. Қауіпті учаскелерде 68 техника, 680 адам жұмыс жасап жатыр. Бірінші кезекте қорғаныс бөгеттері күшейтіледі. 82 эвакуациялық жинақ пен 96 эвакуациялық қабылдау пункті дайындалды, – деді басқарма басшысы. 
Табиғи факторларға байланысты Сырдария өзенінің төменгі ағысына облыс шекарасындағы Көктөбе су бекетінен секундына 1300 текше метр су өтіп жатыр. Алдын ала есеп бойынша екі-үш күндікте бұл 1600-ге дейін көбейеді. «Қазгидромет» (Қазақстан) пен «Узгидрометтің» (Өзбекстан) ресми мәліметіне сүйенген Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыханов облыс аумағына келетін су мөлшері секундына 1800-2000 текше метрге дейін жоғарылауы мүмкін екенін қаперге салды. Қауіптің алдын алу үшін Шиелідегі Күміскеткен су қоймасының жобасы әзірленді. Қазір мұнда 60 текшеметр су келіп түсіп жатыр. Негізі қойма 600 миллион текшеметрге дейін су сақтауға лайықталған. 
– Бүгінде қауіпті аумақтардағы көлдер жүйесі мен ескі су арналардың өткізгіштік қабілеті зерттелу үстінде. Мамандар Шиелі ауданы бойынша Бұлақтыкөл, Парша, Қалғандария арналарының жағдайын анықтап жатыр. Қазір Нансай арнасының су өткізу қабілетін секундына 20 текшеметрге дейін арттыру үшін тазарту және ауқымын кеңейту механизмі жұмыс істеуде, – деді Ә.Қарлыханов. 
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Омар Бержанов барлық ауданда, қалада қауіпсіздік шараларына пайдаланылатын материалдық-техникалық қорлардың әзірленгенін жеткізді. «ҚазСуШар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалы басшысының орынбасары Жорабек Ерназаров қауіпті сейілту бағытында қолға алынған жұмыстар туралы айтып берді. 

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.



НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 сәуір 2017 г. 1 581 0