12-15 сәуір аралығында Әзербайжан Республикасында Қызылорда облысының мәдениеті мен өнері күндері өтті. Бауырлас қос елдің дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығына арналған шарада жерлестеріміз Баку мен Шеки жұртшылығын қазақтың халық әндерімен сусындатып, сахналық қойы¬лымдарын көрермен назарына ұсынды. Делегация құрамында болған Кеулімжай Шалтақбайұлы бұл өнерпаздардың өзара шығармашылық тәжірибе алмасуы үшін таптырмас мүмкіндік екенін айтады.
Кеулімжай БОТАБАЕВ,
Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің директоры,
Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрінің бас дирижері:
– Әзербайжан сапарынан алған әсеріңізбен бөлісе отырсаңыз...
– Өте керемет әсермен оралдық. Сыр елі мәдениеті мен өнерінің жанашыры, облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына өнер адамдарының атынан алғыс білдіремін. Соңғы уақытта аймағымыз бен алыс-жақын шет мемлекеттер арасында мәдени әрі рухани байланыс бекемделе түсті. Шет ел сахнасында өнер көрсету дегеніңіз – үлкен мәртебе. Республикаға танымал Құрманғазы, «Отырар сазы» оркестрлерінен басқасында мұндай мүмкіндік бола бермейді. Әзербайжан сапарының біз үшін маңызы жоғары. Шара Қазақстанның осындағы елшілігі, «ТҮРКІСОЙ» ұйымы, Әзербайжанның мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен өтті. Халықаралық ұйымның бас хатшысы, қазақ мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген Дүйсен Қорабайұлы концерттік бағдарламамызды тамашалап, жақсы бағалады. Ауқымды жұмысты облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ұйымдастырып, абыроймен атқарды. Еңбектің ақталғаны шығар, жоғары деңгейде өнер көрсетіп қайттық. Осы орайда оркестрге өзіммен бірге халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, Мемлекеттік акаде¬миялық симфониялық оркестрдің, «Отырар сазы» академиялық фоль¬клорлы-этнографиялық оркестрінің дирижері, колледж түлегі Мүсілім Әмзе де дирижерлік еткенін айтқым келеді.
– Ондағы көрермен қазақ өнерін қалай қабылдады?
– Шет мемлекеттерде қазақ ұлты өкілдерінің диаспорасы болады. Әзербайжандағы концерті-мізге қандастарымыз, сонда оқып жүрген жастар көптеп келді. Екі елдің тарихы тамырлас, тілі мен мәдениеті үндес болғандықтан әзербайжандықтар қазақтың ұлттық өнерін бірден-ақ түсініп, жылы қабылдады. Сырбойылық өнерпаздар ел астанасы Баку қаласы мен Шеки елді мекенінде болды. Екеуінде де зал толы болды. Біз қазақ әндері мен күйлерінен бөлек, әзербайжандықтардың репертуарынан да шығармалар орындадық. Облыстық филармонияның өнер ұжымдары ұсынған концерттік бағдарламаны жергілікті халық зор қошеметпен, ерекше ықыласпен тамашалады.
– Өнерге, оның ішінде сіз жетекшілік ететін оркестрге қолдау қай деңгейде?
– Оркестр филармонияның, өңірдің бет-бейнесі іспетті. Қазақстанның іші болсын, шет ел болсын, аймақ мерейін тасытып, абыройын асқақтатып жүр. Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының қолдауымен Әзербайжан сапары¬ның алдында жаңа¬дан музыкалық аспаптар сатып алып, киім тіктірдік. Басқарма мен филар¬монияның жұмысы жылдан-жылға дамып келеді. Мысалы, бұрын 40-50 шақты ғана өнерпаз болса, қазір 200-ден асып жығылады. Ал сан мен сапа үйлесім тапқан жерде қай сала да алға жылжитыны анық.
– Оркестр құрамы мен жұмысы, жетіс¬тіктері жөнінде айтып берсеңіз...
– Биыл оркестрдің құрылғанына он жыл толғалы отыр. Осы уақыт аралығында құ¬рамында айтарлықтай өзгеріс бола қойған жоқ. Жыл өткен сайын қатарымыз жоғары бі¬лім¬ді жас мамандармен толығып келеді. Құрамында 50-ден астам адам бар болса, соның басым көпшілігі – Қазанғап атындағы музы¬калық колледждің түлектері. Құрылғалы бері Қазақстан қалаларының біразында болдық. Алыс-жақын шет мемлекеттерді араладық. Оркестр өсіп-жетілу үстінде. Күрделі классикалық шығармаларды орындауға мүмкіндігіміз жеткі¬лікті. Жылына кемі екі рет шеберлік дәрістер алып тұрамыз. Репертуарымыз жергілікті және отандық композиторлардың шығармаларымен толығып отырады. Әлбетте, Қазанғап, Тәттімбет, Дәулеткерей, Құрманғазы секілді дәулескер күйшілердің өшпес мұралары міндетті түрде болады. Оркестр осы он жылда бірнеше конкурсқа қатысты. Соның ішінде 2010 жылы Ақтөбеде өткен халықаралық конкурста лауреат атандық. Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қазақстаннан қатысқан оркестрлердің арасынан 3-орын -иелену – жеңіс.
– Биыл колледждің құрылғанына – 40 жыл. Мерейтойға қандай жоспар бар?
– Мерейтойды қараша айында өткізуді жос¬парлап отырмыз. Университеттің арғы-бергі тарихынан сыр шертетін кітап шығарып, естелік қалдырсақ дейміз. Одан бөлек, колледжді біті¬ріп, бүгінде республика мен облыс сахналарында өнер көрсетіп жүрген түлектеріміздің қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынамыз.
– Колледж түлектерінің оқу орнын бітір¬геннен кейінгі өмірі қаншалықты бақылауда?
– Бұл мәселе үнемі біздің назарымызда. Колледжді бітірген балалардың 50 пайыздан астамы бірден жоғары оқу орындарына түседі. Көбі Алматыдағы Қазақ мемлекеттік консерваториясы мен Астанадағы өнер университетін таңдайды.
– Бірнеше музыкалық аспапты ¬шебер меңгергенсіз. «Тоғыз ұлым – бір төбе, Ертөс¬тігім – бір төбе» дегендей, соның ішін¬де қай¬сысы жаныңызға жақын? Неге дири¬жерлікке бет бұрдыңыз?
– Консерватория бітіргеннен кейін негізі сим¬фониялық оркестрге жолдама беріл¬ген. Келген кезде филармония басшысы ¬ауысып, директорлыққа Бауыржан Шөкенов тағайындалды. Сол кісі бірігіп камералық оркестр ашуды ұсынды. Ұсынысты құп алып, мамандар жинап, камералық оркестр құрдық. Ол бірақ филармонияның емес, музколледждің қарамағында болды. Содан дирижерлікпен айналысуға тура келді. Біраз тәжірибе жинадым. Өкінішке қарай камералық оркестр тарауға мәжбүр болды. Есесіне араға жылдар салып облыс әкімінің тікелей қолдауымен камералық оркестр филармония жанынан ашылып, үш жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді. 1992 жылдан бері колледж жанындағы оқушылардың халық аспаптары оркестрін басқарамын. Тұрмағамбет оркестрінің мүшелері осы құрамда шыңдалған. Өзім тәрбиелеген шәкірттер. Негізі бірқатар аспапты меңгергеніммен виолончельді жақсы көрем. Өйткені Алматыдағы А.Жұбанов атындағы қазақ музыкалық мектеп-интернатында бірінші кластан бастап осыны оқығанмын. Мұны итальяндық музыка аспабы дейді. Бірақ бастауын қылқобыздан алады деп ойлаймын. Соңғы кезде көп жерде осылай айтылып та жүр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Назерке САНИЯЗОВА.