Жаназар Досқанаұлы бұрынғы Ақмешіт уезі, Шиелі болысына қарасты Сұлутөбе атырабында 1818 жылы шаруаның отбасында дүниеге келген.
ХІХ ғасырдың басында Сыр өңіріне билік-өктемдігін жүргізген қоқандықтар мен батыстағы Ресейдің отаршылдық сая¬саты және жаугершілікке тән ішкі ба¬рымташылардың озбырлық әрекеттері үдеп тұрған кезде Жаназар Досқанаұлы ерте есейіп, бүкіл саналы өмірін күн-түн демей күрес жолында өткізеді.
Жаназар Досқанаұлын көз көрген қария¬лардың ауыз-екі айтып қалдырған, бізге жеткен естеліктерде, ол кісі ірі денелі, екі иығына екі кісі мінгендей, қапсағай бойлы, сұсты, өткір көзді, қыр мұрынды, қараторы жүзді кісі болыпты. Жаназардың алғашқы батырлық іс-қимылы он жеті жасында-ақ байқалады.
Жаназар батыр жауға шапқанда «Әкең Жаназар» деп айқай салып, жау¬дың дег¬бірін кетіріп тиіседі екен. Астындағы «Қылқұйрық» аты шапқанда бос сүйретілген қыл шылбыры бірде ауада қалқып жыланша ысылдап, бірде жерді шаңдатып, тұмандандыра әсер беретін көрінеді. Оған қоса, Жаназар батыр қайда жүрсе де аспанда бұлт айналып, егер жауға шапса, ол бұлт төне тұмандата түсіп, жаудың құтын қашы¬рып, бірін-бірі көрмей де қалатындай әсер беретін болған.
Ертеректе батыр ауылына кірме ¬бо¬лып отырған бір топ қарулы барымташы¬лар Жаңабай қарттың түйелерін айдап әке¬теді. Жаназар жалғыз өзі барымташыларды қуып жетіп, оларды әп-сәтте жеңіп, малды барымташылармен қоса айдап, Жаңабай қартқа қайтарған екен. Сонда, барымташылар: «Әкең Жаназар!» деп айқай салғанда біздің көз алдымыз тұманданып, көрмей қалды. Аруағы ¬басым келген жан алдында біз дымға да тұрмай қалдық» деп он жеті жастағы Жаназардың батырлығын мойындайды. Сонда ауыл ақсақалдары: «Бұл баланың келешегінен біз көп нәрсе күтіп отырмыз» деп үміт артып отырғандықтарын білдіреді.
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азат¬тық күрес жолында Қоқан басқын¬шыларымен болған шайқастарда Иман батыр бастаған көтерілісшілер құрамында ол Қыпшақ сарбаздарын басқарып, Әулиеатаға дейін барған және Созақ, Жаңақорған, Жөлек, Ақмешіт бекіністерінде орналасып қалған Қоқан күштерін талқандайды. Бұл шайқаста Жаназар батыр бастаған Қыпшақ батырларының алдыңғы сапта соғысқан ерліктері туралы белгілі ақын Мансұр Бегежанов өзінің тарихи дастанында:
Болыпты бес жүз жігіт бес жүз қыран,
Көбінің нәмі Қыпшақ, Ойбас – ұран.
Ат қылып айдаһарды мінер еді,
Қолына қамшы орнына ұстап жылан.
Бәрі де болат шайнап, мұзды бүріккен,
Жаназар Шағыр Қыпшақ бұл жүзбасы,
Қазақтың найза ұстаған батырынан, – деп жырлайды.
Кенесары Қасымұлы жалғыз Қоқан хан¬дығы емес, орта Азиядағы көршілес Қырғыз елін шабар алдындағы дайындықта қосынын толықтыру мақсатында елден адамдар, мал, дүние-мүлік жинауға жарлық береді. Бұл жарлыққа «бекерге қырыламыз» деп наразы болған Сыр бойындағы қып¬шақтар ауылын шабуға келген Наурызбай батыр, Жаназар батырмен бетпе-бет кездескеннен кейін, қыпшақ ауылдарын шаппай кейін қайтқан екен. Сарбаздарының «бір адамнан қорқып неге кейін қайттық?» деген сұрағына Наурызбай: «Жаназардың үстіндегі аспанда төніп тұрған қара бұлтты көрдіңдер ме? Жаназардың екі иығынан екі үлек мойнын созып, аузын арандай ашып маған тап беріп, атылып қарап тұрды. Жаназардың пірі үлек екен. Менің пірім – қабан. Үлектен қорыққаннан қабаным да атымның астына кіріп кетті. Жаназардың пірі үстем шықты. Кейін бір реті келер» – деп, атын тебініп кете берген екен.
Кенесары хан әрдайым қосынындағы күшті батырларды бір-бірімен жекпе-жекке шығарып, күшін сынап, жан-жақты жаттықтыру тәсілін көп өткізіп тұрады екен. Соның бірінде Наурызбай мен Жаназарды жекпе-жекке шығарады. Жаназар батыр ханның көзінше Наурызбайдың найзасын қағып түсіріп, атынан құлатып, одан артық қатаң қимылға бармай, Наурызбайдың екі иығына найзасының ұшын кезек-кезек қойып «жауласпайық, тату болайық!» деген ишарат білдіреді.
Сынақта өзі күшті, айла-тәсілді өзінің інісі Наурызбайдан Жаназардың басым екеніне көзі жетіп, келешегін ойлаған Кенесары, «түбі зиян келтірер» деп, абайсызда Жаназар батырдың атымен қоса ер-тұрманын, қару-жарағын қолға түсіріп, батырдың намысына тиетін өктемдіктер көрсетіп, өгізге мінгізіп, мал бақтырып қояды. Жаназар батыр есебін тауып қаруын, атымен, ер-тұрманымен қолға түсіріп, Кенесары қосыннан кетіп бара жатқанда Жаназар батыр: – «менің қырғызда кеткен кегім жоқ, қан төкпеймін. Мен үлкен бұлақтың басында үш күн күтіп жатамын, келсін!» деп, Кенесары өктемдігіне наразылығын білдіріп, жекпе-жекке шақырған хабарын айтып кетеді.
Хабарды естіген Кенесары: «Мына Жаназар кайтеді?!» деп Ағыбай батырмен ақылдасады. Сонда Ағыбай: «Бір тентек жүре берсін» дейді. «Жүре бергені қалай?» деген хан сұрағына, Ағыбай батыр: «Сендер барсаңдар, ол батыр сенімен де, Наурызбаймен де жекпе-жекке шығады. Олай болғанда екеуіңнің біреуіңді ол майып қылады. Ол күшті батыр әрі өте айлакер. Сондықтан бір тентек жүре берсін» депті. Жаназар батыр бұлақ басында үш күн күтіп, Кенесары келмегеннен кейін, ауылына кетеді.
Сыр елін билеп-төстеуші Қоқандықтар мен отарлаушы Ресейдің арасындағы қарама-қайшылықтарға байланысты, Сыр елінің арасы да замана ағымына қарай әртүрлі толқуда еді. Мұндай кезең ел тұтастығын қорғаушы батырлардың көзқарасына да үлкен әсер еткені белгілі. Осы орайда Жаназар мен Бұқарбай батыр елдің қамы үшін бірлесіп, төс қағысқан дос болып, азаттық үшін күрескен жорықтары халық аузында жыр болып айтылады.
Ол өзінің ғұмыр бойы саналы өмірін ат үстінен түспей, жорықтарда күн-түн қатып қанкешу шайқастарда жүрсе де ағайынның қамын ойлап, қайнар суы парлап атқылаған құдық қаздырып, қарауындағы ауылдарды ішінара отырықшылыққа да баулып, диқаншылықпен несібесін табуға үйреткен. Сол ауыл қазір «Бірлестік» деп аталады. Ал, құдық болса жанға да, малға да нәрін беріп келеді. Ағайындар оны «Жаназар құдығы» деп атайды.
Батыр бай болмаған. Шиелі ауданына қарасты Сұлутөбе атырабында, қазіргі «Бірлестік» ауылы, қартайғанша өмір сүріп, әдептілігімен, адамгершілігімен шыншыл¬дығымен, әділдікті жақтаушы, қоғам¬шыл, ел арасында жанашыр аға, қам¬қор пана, тәртіп сақтаушы, өте қадірлі кісі бол-ғанын өткен уақыттағы қариялардан естіген көнекөз қарт¬тар: «Шіркін, Жаназардай әділ болу керек», – деп айтып отырады екен.
Жаназар Досқанаұлының ¬бойына Жарат¬қан иеміздің тылсым әлемнен жомарт¬тықпен берілген әулиелік қасиеттері халқына осы күнге дейін қызмет етуде. Өткен заманнан бастап Жаназар бабаның басына арнайы зират жасаушы алыс-жақын жамағаттар қарасы үзілмеген.
Шиелі ауданына қарасты Сұлутөбе ауыл¬дық округінің «Бірлестік» (Жаназар батырдың туған жері, Кеңестік жүйе кезінде берілген атау) атты елді мекенде 100 шақты отбасы бар. Жаңа типті онжылдық мектеп, қарияларға салынған мешіт ұрпақ тәрбиесін жетілдіруде.
Батыр баба аруағына арнап ұрпақтары Жаназар батырдың өскен және бақилыққа аттанып жерленген жеріндегі Сұлутөбе тұсындағы ұлы Жібек жолы бойында, 2001 жылы арнайы үлкен кесене-ескерткіш тұрғызып, ел-жұрты жиналып үлкен ас берілді. Бұл бастама ұрпақ тәрбиесіне үлгі болатын елеулі іс-шара Жаназар батыр кесенесі басында жылма-жыл өткізілуде.
Енді, міне, батырдың кіндік қаны тамған арайлы атыраптағы «Бірлестік» ауылына Жаназар бабаның аты берілсе тарихи әділдік қалпына келіп, туған елдің қаһарман еріне деген құрметі паш етілмек.
Борис ҚАЛНАЗАРОВ.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, қолөнер шебері, педагог.
Қызылорда қаласы.