ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУ МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУДАН БАСТАЛАДЫ

Мемлекеттің құнды қазынасы адам десек, адамның басты байлығы оның денсаулығы екені белгілі. Елімізде жыл сайын тұрғындардың саулығын сақтау, ұзақ өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында түрлі бағдарламалар қабылданып, ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Себебі, дені сау адам ғана мемлекеттің шын мәнінде баға жетпес байлығы болып саналмақ. Еліміздің денсаулық сақтау саласына жаңадан енгізілгелі отырған міндетті медициналық сақтандырудың да өз мақсаты, көздеген межесі бар. Осы орайда жаңа жүйенің маңызы қандай, оның тиімділігі неде деген сұрақпен №2 қалалық емхана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Венера Садмановамен сұқбаттасқан едік.
– Венера Сансызбайқызы, еліміздің денсаулық сақтау саласына келер жылдан бастап міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілгелі отыр. Бүгінде жүйенің мақсаты, міндеті туралы бұқараға түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Аталған жүйе жайында кеңірек айтып берсеңіз?
– Еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Елбасының тапсырмасы бойынша Ұлт жоспары – бес институциялық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамның» 80-қадамына байланысты және Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізіліп отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің басты мақсаты – медициналық көмектің сапасын арттыру. Сондай-ақ, ол халықтың денсаулығын қорғау жүйесі болып табылады. Дамыған елдердің барлығында бұл жүйе іске асырылып, тұрғындар оның нәтижесін көріп отыр. Әр адам өз денсаулығына өзі жауапты, әйтсе де біздің елімізде тұрғындардың саулығын сақтауда көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып, жағдай жасалып отыр. Жаңа жүйе бойынша енді бұл мәселеге мемлекетпен бірге жұмыс беруші де араласатын болады. Олай дейтініміз, сақтандыру жарналарын азаматтарға жұмыс беруші мекемелер төлеп отырады, ал жұмыс істемейтіндер мен жұмысқа жарамсыздар үшін жарна мемлекеттен аударылады. Жалпы, бұл жүйе халықтың барлық топтары үшін медициналық және дәрі-дәрмектік көмектің тең көлемі мен сапасын қамтамасыз ететін болады.
– Жүйенің жүргізілу кезеңдері туралы не айтасыз?
– Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі елімізде 2017-2022 жылдар аралығында біртіндеп енгізіледі деп күтілуде. Яғни, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекет, жұмыс берушілер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуді бастайды. 2018 жылы елімізде міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Жарнаның мөлшерлемесі белгіленді. Мәселен, ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі 2022 жылдан бастап орташа айлық еңбекақының 5 пайызынан аспайтын болады. Ол бастапқыда 3,75 пайызбен басталса, одан арғы жылы 5 пайызға ұлғаймақ. Ал жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі алғашқы жылы 1 пайыз болса, 2020 жылдан бастап 2 пайызды құрайды. 
– Әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар үшін қандай жеңілдіктер бар, яғни, қандай жағдайлар жасалып отыр?
– Жаңа жүйеге қатысты заңда бұл мәселеге қатысты егжей-тегжейлі көрсетілген. Атап айтқанда, мемлекет заңға сәйкес халықтың бірнеше топтары үшін үлкен жеңілдіктер жасауда. Мәселен, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 14 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі тұрғындардың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы. Мысалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сонымен бірге І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оның мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар, интернат ұйымдарында білім алып және тәрбиеленіп жатқандар, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ, резидентура нысанындағы жоғары оқу орындарынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алушылар, бала тууға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыста жүргендерге, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, зейнеткерлер, тағы басқа азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған.  
– Жалпы, жаңа жүйе қарапайым халыққа не береді?
– Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл жүйе дамыған мемлекеттердің барлығында қалыптасқан, оның нәтижесін халқы көріп отыр. Ол ең бастысы негізгі сақтандыру түрі болып табылады. Бұл сақтандыру түріне мемлекеттік бюджеттен тегін көрсетілетін медициналық қызметтер кіреді. Ол еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді болады. Мемлекет өз міндетіне медициналық қызметтің бірнеше түрін алады. Мәселен, жедел жәрдем қызметін, санитарлық авиацияны, әлеуметтік маңызы бар ауруларға ем көрсетуді, төтенше жағдайда көмек көрсетуді және алдын алу шараларына қатысты екпелерді өз міндетіне алады. 
Міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында қаржыландырылатын сақтандыру түрі де бары белгілі. Бұл негізінен сақтандыруға кірмеген басқа да медициналық қызметтер түрін қамтитын болады. Оған амбулаториялық-емханалық көмектер, ауруханада жатып емделу, жоғары технологиялық көмектер кіреді. Сақтандырудың осы түрі міндетті сақтандыру жүйесіне тіркелген азаматтар үшін қолжетімді болады және азаматтардың жеке шығындары азаяды. 
– Бүгінде еліміз бойынша, оның ішінде біздің өңірімізде де бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары бойынша «Емханаға тіркел де, өз мәртебеңді анықта!» ұранымен тұрғындар мәртебесін анықтау науқаны өтіп жатқаны белгілі. Сіздің мекемеңізде бұл жұмыс қалай жүріп жатыр?
– Иә, үстіміздегі жылдың 5 сәуірі мен 31 маусым аралығын¬да «Емханаға тіркел де, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта!» ұранымен тұрғындарды емханаға тіркеу науқаны жүргізілуде. Осы орайда емхана қызметкерлері келген адамға жаңа жүйе жайлы түсіндіріп, ақпарат беруде. Онан бөлек біздің қызметкерлер үйлерді аралап ақпараттық-түсіндірме парақшаларын таратып, ауызша да насихаттаудамыз. Жалпы, №2 емханаға қарасты 36 мыңнан астам тұрғын бар. Балалар мен жасөспірімдерді қоспағанда бүгінде 5 мыңнан астамының мәртебесі анықталды. 
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Айнұр БАТТАЛОВА
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 сәуір 2017 г. 1 235 0