Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы көпшілік талқысына түскелі біршама уақыт өтті. Сарапшылар рухани өміріміздің барлық саласын қамтыған мақаланы Мәңгілік елдің мақсат-мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін айқындап берген ұлт жадының тұғырнамасы, тарихи құжат деп бағалады.
Жақында «Сыр бойы» газетінің редакциясы Елбасы көтерген мәселелерді ой ора¬мынан өткізіп, талқыға салу үшін «дөңгелек үстел» ұйымдастырды. Басқосуға эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Болат Боранбай, Тілдерді оқытудың өңірлік орталығының директоры Нұрсәуле Мұсаева, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана директорының орынбасары Бақытнұр Мырзахметова, «Мұрагер» мектебінің мұғалімі Алтынай Есжанова қатысты.
Қаныбек Әбдуов, «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары: – Елбасы мақаласын оқығанда өзім сұхбат алған қарт майдангердің әңгімесі есіме түсті. Ақсақал «Қан майданның ортасында жүрсек те, саяси жетекші үнемі қасымыздан табылатын. Политрук Отан үшін отқа түссек те, күймейтінімізді құлағымызға құйып тұрғанда, алғы шепке екпіндей ұмтылатынбыз» деген еді. Бұл идеологияның жігерді жанитын күш-қуатын білдірсе керек.
Елбасы мақаласында ерекше мән берілген латын әліпбиіне қатысты мәселеге орай төл басылымның архивіне зер салдық. «Сыр бойы» «Ленин жолы» аталған 1929-1939 жылдар аралығында латын қарпімен басылыпты. Сол 1939 жылдың алғашқы нөмірлерінен «Ленин жолы» деген атаудың латын қарпімен жазылған нұсқасына, кириллицаның қосылғанын көріп отырсыздар. 1940 жылғы нөмірлерде тақырыптар, кейбір мақалалар жаңа қаріппен жа¬рияланған. Бірте-бірте аралас, яғни латын және кириллицамен қатар ба¬сылып, оқырман көзін үйреткен сыңайлы. Осылайша 1941 жылдың орта шеніне дейін жалғасқан. Тек 1941 жылдың қазан айындағы нөмірлер таза кириллицаға көшкен. Біздің газет Қазақстандағы байырғы басылымдардың бірі болғандықтан, бұл – біздің тарихымыз, бір жағынан әліпби ауыстырудағы тәжірибеміздің бар екенін көрсетеді.
Сайлаубай Жұбатырұлы: – Елбасы мақаласында қазір көп талқыланып жатқан латын қарпіне көшу, экология, білім, патриотизм сияқты мәселелер ғана қамтылған десек, қателесеміз. Қазір рухани, адами күрделі үдерістер кезеңінде тұрмыз. Бұл мақаланың өзегіндегі өте ауқымды мәселе – адам, адамның дүниетанымы. Қай мәселенің де, қай қоғамның да қозғаушы күші – адам. Ерлікті жасайтын да, саяси жүйені орнықтыратын да, экономикалық тұғырды бекемдейтін де – адам. Руханият майданының өкілі ретінде біз осыны өмір бойы іздеумен келеміз. Мақаланы оқып, іздегеніміз табылғандай болды.
Елбасы айтқан прагматизм, ашық сана, тарихи мұраларды тану мәселелері өте өзекті. Бұған дейін табысты жүзеге асқан «Мәдени мұра» осы жолдағы алғашқы қадам болды. «Мәңгілік ел» идеясы, «Ұлы дала» деген рухани статусымыз, кешегі өткен Қазақ хандығының 550 жылдығы тамырымызға оралуға әсер етті.
Гүлжазира Жалғасова: – Елбасы мақаласына пікір білдірушілердің басым бөлігі латын қарпіне көшуді қызу талқылады. Кейбіреулердің бұл мәселені тым саясиландырып жібергенін де байқап отырмыз. Латын графикасы туралы Елбасы 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында айтқан болатын. Кейін бұл мақсат 2012 жылғы Жолдауға, «Қазақстан-2050» стратегиясына ен¬ді. Жоғарыда айтылғандай, латын қар¬пі бізге жат емес. Тарихымыз бен әдебиетіміздің бір бөлшегі осы қаріппен таңбаланған. Енді алдымызға «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз» деген міндет қойылды.
Байқап жүргеніміздей, қазір жастар әлеуметтік желілерде кириллицадан гөрі латын қарпін көп қолданады. Бұл олардың ағылшыншаны қарқынды меңгеріп жатқанына дәлел. Орта буын да латын қарпін үйренуде қиындыққа тап болмайтын сыңайлы. Дегенмен, бұл міндетті жүзеге асыруда ең алдымен қандай қадамдар жасалу керек деп ойлайсыздар?
Болат Боранбай: – Латын әліпбиіне көшу туралы саяси шешім шықты деп есептеймін. Жазу – адамзат баласының үлкен жетістігі. Оның төрт түрі болады. Біріншісі – пиктография, адамның бейнесіне құрылады. Жаңақорған мен Шиеліде кездеседі. Екіншісі – идеографиялық, жекелеген сөздерді, морфемаларды сурет немесе шартты таңбалар ар¬қылы бейнелейді. Буын жазуында әрбір буын жеке таңбамен белгіленеді. Дыбысты немесе әріптік жазуды біздің эрамызға дейін арғы ата-бабаларымыз қолданған. Ғалымдардың айтуына қарағанда, дыбыстық жазу таңбасы 20 мен 40-тың, буын жазуының таңбасы 40 пен 200-дің арасында болуы керек. Сонда біздің жазуымыз саны жағынан үшінші қатардағы буын жазуы деңгейінде қалып қойған ба дейсің. Ал латын әліпбиіне көшкен жағдайда артық әріптен арыламыз. Таңба санын одан да азайтуға болады. Түркі халықтарын біріздендіру ал¬ғаш¬қы қатарда тұр. Әлем елдерінің басым көпшілігі, оның ішінде Еуропа осы алфавитті қолданады. 1926 жылы жұрт жаппай латыншаға көшкен кезде Ахмет Байтұрсынов ғасырлар бойы қалыптасқан төте жазуды сақтап қалу туралы ойынан айныған жоқ. Оны қызметтен түсіріп, содан кейін қабылданған бұл шешім.
1929 жылы орыстың сөздерін бұзбай жазу жөнінде мәселе көтерілді. Ахаңның ұсынған принципі - 26 (28). Мұнда г мен ғ, к мен қ әріптерін бір таңбамен беріледі. Бұдан шығуға болмайды. «Біз түрік не әзербайжан алфавитіне неге жақындамаймыз?» деушілер табылады. Тарихқа үңілсек, біздің тіліміз қыпшақ тобына жатады. Әлемдік тілдер қатарына енген қыпшақ тілі¬нің тікелей мұрагеріміз. Махмұд Қашқари «Диуани лұғат ит түрк» атты еңбегінде де, басқа да еңбектерінде біздің тілімізге «нағыз таза, кіршіксіз» деп баға береді.
Орыс әліпбиінде 32 әріп бар. Ал қазақ баласына 42 әріпті үйретіп, сауатын аштырады. Бала мектепке барғанға дейін сайрайды. Барған соң басылып қалады. «Әліппені» тауыс¬қанша төпелейміз кеп. Сөйтеміз де тілін қырқып тастаймыз. Әріптің көптігі өзімізге де, ұрпағымызға да кері әсерін тигізіп келеді. Ал латын¬шамен оқытсақ, онда біз орыстан ер¬терек бітіреміз. Әріп азайған сайын проблемасы да азая бастайды. Ин¬фор¬матиктер 23 таңба ұсынып отыр, яғни тағы 3-ге қысқарды. Халықаралық терминдерді, кейбір қиын сөздерді жазуда осы тәсіл, яғни апостроф қолдану жақсы көмектеседі.
Нұрсәуле Мұсаева: – Латын әліпбиіне көшу туралы бұрын да айтылды.
Елбасы «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қа¬былдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқу¬лық¬тарды дайындауға кірісуіміз қажет» деп нақты уақытын белгілеп, тап¬сыр¬ма берді. Бұл ретте осы саланың мамандарына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Мақала руханиятқа, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа, біздің бітім-болмысымызға рухани жаңғыру керек уақытта жарияланып отыр.
Латын қарпіне көшу – үш тілде білім беру, «Цифрлы Қазақстан» бағ¬дар¬лама-ларымен үндес жоба. Мәселен, ағылшын тілін оқыған бала латын қарпін толық меңгереді. Сондықтан қиынға соқпайтыны анық.
Рухани ізденіс дегеннің өзін ештеңеге селқос қарамау деп түсінемін. Көз-бояушылықпен, асыра мақтанмен іс бітпейтініне көзіміз жетті. Мәселен, Наурыз мерекесі алғаш тойлана бастағанда ұлттық киім киіп, ою жапсырып шығуды дұрыс көрдік. Қазір халықтың санасы жетілді. Дәстүр-салттарымыз өзінің мәніне қарай келе жатыр. Осыдан он шақты жыл бұрын жастардың сөздің парқына мән бермейтінінен қорқатын едім. Қазір түрлі шығармашылық байқауларда, ғылыми жобалар жарыстарында, жалпы жастармен кездескенде бұл үрдістің жақсы жағына өзгеріп келе жатқанына көзім жетті. Мүмкін барымызды бағалауды үйрену үшін өтпелі кезеңнен өтуіміз керек болған шығар.
Меніңше, «халықаралық стандарт» деген мәселеге біржақты қарауға болмайды. Ғылым мен технологияны, экономиканы халықаралық стандартқа сәйкестендіру құптарлық қа¬дам. Елбасы «заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жа¬ғымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» дегенде, табиғатымызға жат дүниелерді талғамай жұтудан ары¬луды айтып отыр. Өзгенің қалыбы мен тәжірибесін өзімізге таңу, тарихи тә¬жірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қараудан сақтануымыз керек.
Бақытнұр Мырзахметова: – Елбасы Абай, Мұхтар, Жамбыл, Құрманғазы мұраларының рухани мәдениетіміздегі орнын атап өтті. Ұлттық рухымыз бойымызда қалуы үшін қазақтың мінезін, дәстүр-салтын, жөн-жоралғысын шы¬ғармаларына ар¬қау еткен классиктерді жастар оқуы керек. Бұл жерден жастардың кітап оқымайтынымен байланысты тағы бір мәселе алдымыздан шығады. Бірақ біздің тәжірибеміз «кітаптың дәурені өтті» деп тым түңілуге болмайтынын көрсетіп отыр. Рас, бұл – әлемде қалыптасқан тенденция. Соңғы кездері шығармашыл жастардың ізденудің классикалық үлгісін таңдап, яғни, кітаптан ізденуге бейімделіп келе жатқанын байқаймыз. Қазір жазушылардың шығармалары қайта басылып шығуда. Бұл кітапқа сұраныс бар екенін білдіреді.
Елбасының гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аудару керек деп тапсыруы талапкерлерді кітап оқуға үйретеді деп ойлаймын. Кітапханалар дәстүрлі және виртуалды түрде қызмет көрсетуді бірдей алып жүруге әбден машықтанды. Сондықтан оқырман қандай қызметті таңдаса да дайынбыз.
Болат Боранбай: – Өткен ға¬сыр¬дың 20-жылдары қазақ зиялылары әрбір пәнді бөліп алып жазды. Мы¬салы, Мағжан Жұмабаев – «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытов – «Психология», Ахмет Байтұрсынов «Тіл – құрал» атты оқулықтарды шығарды және бұған бар¬лығы бірдей атсалысты. Елбасы ұсынып отырған «100 оқулық» жобасы осы үлгімен орындалуы керек.
Сайлаубай Жұбатырұлы: – Мақаладағы «ұлттық код» деген ұғымды таратып айтқым келеді. Код дегенің – кілтін таппасаң, ашылмайтын құлып. Біздің әрқайсысымыздың бойымызда ана сүтімен дарыған қасиеттеріміз бар. Ұлттық кодымыз кешегі Кеңес дәуірінде қыспаққа түс¬кенмен, оның жалғасқан тіні бізді тұр¬мыстық дәстүрлеріміз, ата-баба үрдісі, бесік жыры, т.б ретінде сүйреп келеді. Ұлттық код – қазақи тәрбие, болмысымыз, дәстүріміз, ырым-ты¬йымдарымыз. Мұның артында прагматизм мен ашық сана тұр.
Бізді талай қиындықтардан сүйреп алып шыққан прагматизм деп ойлаймын. Мәселен, жүргізуші рульді айналдырып, жылдамдықты қосуды білумен шектелсе, қанша адам далада қалатынын кім білсін?! Біздің жүр¬гізушілер бұзылғанды жөндей алатын механик те болды.
Қазақта «кең», «кем» деген сөздер бар. Айырмашылығы бір-ақ әріп. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген мақалды бәріңіз білесіздер. Бірақ, мына ғасырда асқан кеңдік керек пе? Біз нанымызды аузымыздан жырып, өзгемен бөлістік. Намысшылдығымызды ұсақ бәсекеде көрсететін болдық. Кешегі күні қазақ қарызданып-қауғаланып баласын оқуға түсіретін. Қазіргі қарызға бел¬ше¬ден батып той жасағаннан, сол оқыт¬қаны дұрыс еді. Мәрттік пен кеңпейілділігімізді жоғалтпайық. Де¬ген¬мен, бұл барымызды шаша беру деген сөз емес.
«Ашық» деген жақсы сөз бол¬ға¬нымен, біздің далақтаған ашық ха¬лыққа айналып кеткен жайымыз бар. Рухымыздың қақпасын ашып жі¬бергендіктен, сырттың қаңсығы бізге кино сияқты көркем туындылар ар¬қы¬лы еніп кетті. Мәселен, жапон халқы ең соңғы самурайын жоғалтса да, кодын сақтай білді. Сондай-ақ, тау халықтары бір түнде туған жерінен күштеп аластатылса да, рухын жоғалтпады.
Буддизмнің ірі тұлғасы Сиддхартха Гаутама 19 жасына дейін кедейшілік, өлім, қайыршылық дегеннің не екенін білмей өсіпті. Бір күні қорғанды аралап жүрсе, опырылып құлап кеткен қабырғадан аяғы ақсақ, үсті-басы алба-жұлба біреуді көреді. Күтушісінен «мынау не нәрсе?» деп сұрапты. Бүкіл әлемнің сұмдығын көрсетіп қойған күтуші басы өлімге тігілгенін білсе де, ол адамның қайыршы екенін, мұндай бақытсыздықтың өмірде болатынын айтыпты. Бұл көрініс Гаутаманың өмірін мүлде басқа арнаға бұрып жібереді. Ол әкесінің өзіне берген бар байлығын тәрк етіп, дүниені жалаңаяқ кезіп кетіпті. Күндердің күнінде аш, жалаңаш өлім хәліне келіп, дарияның жағасында жатса, бір қайық ығып барады екен. Үстінде екі музыкант отырыпты. Біреуі – шәкірті, біреуі – ұстазы. Ұстазы шәкіртіне «Қолыңдағы дутардың құлағын қатты бұрама, шегі үзіліп кетеді. Бос қойма, қалаған әуенің шықпай қалады. Сондықтан ортасын тапсаң, аспабың да аман, қалаған музыкаңды да ойнай аласың» деп келе жатыр екен.
Сол уақытта Гаутама «әкеме ренжіп, пейіштен тозаққа түсу ар¬қылы екі шекті мәселеге барыппын. Мен мұның ортасын табайын» деп райынан қайт¬қан екен. Біздің қазақи кеңпейілдігіміз бен прагматизм есебі әдемі жарасып, со¬ның ортасынан құбақан жол табуымыз керек.
Алтынай Есжанова: – Елбасы атап көрсеткендей, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Оны мен шәкірттерімнің бойынан байқаймын. Жоғары сыныптарға сабақ беретіндіктен, олардың білімге, өркениетке құштарлығына, талабына қол¬дау көрсетуге тырысамын.
Қазіргі оқушылар осыдан жиырма жыл бұрынғы оқушылардан мүлде басқа. Әлемнің маңдайалды университеттерінде оқуды, ғаламдық деңгейдегі ірі компанияларда жұмыс істеуді армандайды. Елбасы айтқан технологиялық революцияның әсерінен таяуда жойылуы мүмкін кәсіптерді игеруден бойларын аулақ ұстайды. Бұған ақпаратқа қолжетімділіктің де әсері бар. Қазіргі балалар бәсекелестік ортада қалай озық шығудың жолдарын іздейді. Бірақ олардың арманындағы табысты, бақуатты адам ең алдымен білімді болу керек екенін үнемі түсіндіріп отырамыз.
Жаңа әліпбиге көшу жолында алдымен оны үйрететін мамандар дайындалатынын, бұл жұмыстың ауқымды бөлігі мектеп мұғалімдеріне жүк¬телетінін білеміз. Кеше оқушылар латын әліпбиіне ауысуды, латынша үйрену деп түсініп, сұрақ қойды. Бұл тілді ауыстыру емес, қаріпті ауыстыру екенін айттым. Қорыта айтқанда, бұл реформадан көп игілік күтеміз.
Гүлжазира Жалғасова: – Мақалада «жаһандық әлеммен қабыс¬пайтын кейбір дағдылардан арылу керек» делінген. Сіздердің ой¬ла¬ры¬ңыз¬ша, қан¬дай дағдылардан арылуымыз керек?
Нұрсәуле Мұсаева: – Қазір көпшілікті бойкүйездік, нем¬құрай¬лы¬лық деген ауру меңдеп алды. Әрбір әрекетті жоспарлау деген жоқ. Уа¬қытты тиімді пайдаланбау, самарқаулық басым. Қазіргі заман мұндай кертартпалықты көтермейді.
Сайлаубай Жұбатырұлы: – Қазақтың Абай хәкім айтып кеткен жаман әдеттері әлі де ілесіп келе жатыр. Жалпы адамзатқа тән жаман қасиеттердің барлығынан арылуымыз керек.
Гүлжазира Жалғасова: – Мақаладағы «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобалары қандай бағыттарды қамту керек?
Сайлаубай Жұбатырұлы: – Туған жерге кім-кім де қарыздар. Бұл ретте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жасалған жұмыстар жеткілікті. Дәлірек айтқанда, бастау көзі бар, әрі қарай тереңдету атқарушы биліктің құзырындағы шаруа. Ал руханияттың, яғни шығармашылық адамдары туған жердің рухын, дәстүрін, ата-баба аруағының қасиетін таныту жағында болуымыз керек.
Ауылға әр айналып соққанда, қарттардың қатары сиреп қалады. Сол кісімен тарих, шежіре де бірге кетеді. Жылдар біздің қазынамызды ұрлап жатыр. Мен білетін Арал төңірегінде Қамбар батыр туралы, Хантөрткіл деген тау жайында тамаша аңыздар бар. Міне, осындай аңыздарды жинау арқылы Елбасы айтқан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» деген жобаға да үлес қосуға болады.
Нұрсәуле Мұсаева: – Соңғы жылдары «Туған жерге тағзым» деген әлеуметтік жоба жүзеге асып келеді. Бұл бағдарламаны облыстық деңгейде қалдырмай, аудандарға, ауылдарға тарату керек. Жобаның халыққа көп көмегі тиді. Мәселен, республикалық, халықаралық дәрежедегі Қызылордадан түлеп ұшқан дәрі¬герлерді іздестірдік. Оларға «өз тараптарыңыздан қандай көмек көр¬се¬те аласыздар?» деп телефон шалдық. Қазір өздерінің уақыттарына қарай тегін ота жасауға, науқастарға кеңес беруге келісім жасалды. Тіл орталығы қызметкерлері ауылдардан түлеп ұшқан тұлғалар туралы шығармалар байқауын ұйымдастырды. Бұл да адамдарды тануға, туған жерге ту тігуге бастайтын қадам.
– Әңгімелеріңізге рахмет.
Елбасы мақаласын бүге-шігесіне дейін талдап шығу үшін бір басқосу аздық етеді. Біз бүкіл ел талқысындағы рухани құжаттың мәнін түсіндіруге теңізге тамған тамшыдай ғана үлесімізді қосуға тырыстық.