Зейнолла мен Мұқағали

Зейнолла мен Мұқағали
Зейнолла мен Мұқағали1963 жылдың соңғы айы. Сенбілік кеш. Қызылорда пед¬инс¬титу¬тының үшінші курсында оқимын. Аядай бөлмеде елегізіп отыра алмадым. Бірге тұратын Кенебай дос (бұл күнде ол ғылым докторы) аяқ астынан ауылына барып келетін болып «Алматы–Мәскеу» пойызына түс қайта отырған-ды. Оны жолға шығарып салғасын тіп-тіке пәтеріме келдім. Сырт киімімді шешініп тастап, шиқылдақ темір керуетке шалқамнан түсіп Ілияс ақынның атақты «Құлагер» поэмасын жаттауды одан әрі жалғастыруға кірістім.
Біз пединституттың бұрынғы ректоры, енді Шымкент пединститутында ұстаздық ететін ғалым Әділ Ермековке еліктейтін едік. Ол кісі бізге бірінші курстың алғашқы күндерінен жыл бойына «Тіл біліміне кіріспеден» лекция оқыған еді. Байқағаным: Ермеков – орыс, қазақ тілдеріне бірдей жүйрік, бойынан білім бұлағы ағып тұрған ғажап адам. Мұқтар Әуезовтың төрт томдық эпопеясын, Ілиястың құдіретті поэмаларын, Сәбиттің – «Ботагөзін», Ғабиттің «Оянған өлкесін» жатқа соғады. Еліктемей көр! «Болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, біраздан бері қолым қалт еткенде «Құлагерді» жаттап жүрген едім. Бірақ осы бүгін көңілім әлденеге алабұртып аблыға берді. Қолыма домбырамды алдым. Бала күнімнен құлағыма сіңісті болып қалған Қазанғаптың «Көкілін» қайта-қайта тартып, күй ырғағына қосылып ыңылдаған болдым. Бәрібір көңілім көншір емес, өрекпумен болды.
Байыз таппағасын кеш түсе жұқа пальтомды киіп тысқа шықтым. Шып-шымыр аяз бірден іші-бауырымды қалтыратып жіберді. Сонда да кері беттегім келмеді, қалың қарды сықырлатып қаланың ұлы көшесіне түстім. Ол кездің жастары бүгінгінің үрпек бастарындай жанаяр емес, үш-төрт аялдамаға бола автобус күтіп аңырып тұрмаймыз. Көшеде адымды кең алып, қарыштап жаяу жүре беруші едік. Сол дағдымен екпіндегенім сонша, шамалыдасын бусанып сала бердім. Ал, жүрегім әлде неге аблығып басылар емес. Мені дедектетіп қандай қанатты құдіреттің алып ұшқаны беймәлім, тура сол бетіммен келіп тоқтаған жерім – Төлебаев көшесіндегі он бесінші үйдің жетінші есігі екен.
Бұл ақын Зейнолла Шүкіровтың үйі еді. Есікті ақынның асыл анасы – Набат апамыз ашты.
– Сәлем бердік, апа!
– Ау, құлдығым, көп жаса, бақытты бол! Аманбысың? Қайда жүргенің бұл, соқпағаныңа көп болды, әке-шешеңнен хабар алып тұрамысың? – деп ақын анасы қарсы алды.
– Ассалаумаәлейкүм, Зеке!
– О, біздің Аңқибайымыз келді ғой! – деп қолын ұсынған ақын да көңілді екен, жайдары отыр. – Жақсы келдің! – дейді көзілдірігінің астынан өткір жанары лапылдап. – Енді мына ағаңа сәлем бер де, қасына отыр, – деді менің қолымды төрде таудай болып отырған кісіге икемдеп.
– Ассалаумаәлейкүм, аға!
– О, бәрекелді, әлейкүмсалам!
– Бұл отырған нар қазақ кім, танисың ба? – деді Зекең жайғасып отырғасын.
Бір жерде көрген адамым сияқты: кинодан ба, газет-журналдардан ба, мүмкін кітаптан көруім. Төрде кәдімгі қазақы тілмен айтқанда: маңдайы жарқыраған, екі беті нарттай қызыл, екі иығына екі кісі жайғасқандай, шынында да бір нар қазақ отыр. Ақсары өңді, кең танау. Жүзі жылы, көзқарасы мейірімді. «Оһ, білдім, есіме түсті!» – дедім ішімнен.
– Мұқағали Мақатаев қой!
– Өй?! – Ақын орнынан қопаңдап маған еңсеріле түсті. – Мені бұрын көріп пе едің?
– Жоқ.
– Өй, өзің бір шәңгегің жөндем жігіт болдың ғой! Зеке, келші, мынаны алып жіберелікші! – деп алдында мөлдіреп тұрған рюмкесін көтере берді.  
Алдындағы дәмді тағамнан әрі-бері қарбытып алған Мұқаң:
– Сонымен сенің атың Аңқибай болды ма? – деді.
– Жоқ.
– Ой, арланым-ай, сен Алматының Аңқибайы болсаң, бұл біздің өз Аңқибайымыз, – деп сол бір жамбасына құлай жатқан күйі күліп жатыр. Кәдімгі баланың күлкісі. – Мен ғой Аңқибай дейтін…
Мұқаң да тар бөлмені теңселте күлді.
– Бұл ағаң біз екеуімізді қатырды-ау… – дейді. – Қалай айтады, ә?!
Желпініп алғасын Зекең: – Ал, арланым, ілгері кеттік, жалғастыр, – деді.
Мұқағали тамағын көмейден бірер кенеп алып, құдды баяғыдағы сөзге жүйрік абыз әулиедей (айырмашылығы – қағазға қарап) толғап кетті:
Бұл не өзі, найзағай ма, дауыл ма?
Болмаса, нөсерлі жауын ба?
Болмаса, күреске шақырған,
Ашу ма, ұран ба, дабыл ма?
Болмаса, қарғыс па айтылған,
Қатыгез, тоғышар қауымға?..
Ақын ұзақ сүреге түсіп алып толғап отыр. Зекеңнің қабағы бір түйіліп, бір жазылады, бар пейілімен беріліп, теңселе тыңдайды. Бұл ғажап болды: «Аппассионата» ғой, – дедім ішімнен. Ақын жыр айтқанда, тіпті тауланып, ажарланып кетеді екен. Тұлғасына кейпі сай, шабыттанып, арқаланып, әруақтанып отырған осы болмысына барқыттай жұмсақ үні сай. Ақын адам осындай тұлғалы, осындай келбетті болуы керек қой! Әр сөзін текке айтпайтын Зекеңнің «арланым» деп ақтарылып отыруы тегін бе? – деймін ішімнен күбірлеп.
 Арада біраз жыл өткенде зерделеп отырсам, алпысыншы жылдар   Мұқағалидың парасатты қауымға парқын таныта бастаған шағы екен. Алпыс екінші жыл емес пе, «Аппассионатасын» жариялап, айды аспанға бір-ақ шығарғаны.
Не айтатыны бар, бұл түн Шүкіров шаңырағын ән мен жыр кернеген түн болды. Зекең бұл түні Мұқағалиды тыңдаумен болды, өзі толас-толаста мандолинасымен ән салып қояды жіп-жіңішке бала дауысымен. Әсіресе қайырмасы: «Қиялдаған Новои жоқ жары ма-ау деп едім, қайта туған Абайдың Тоғжаны ма-ау деп едім» – деп келетін әнді өте тым беріле Мұқағалидың әлсін-әлсін сұрауымен де құшырланып айтты.
Айтып болған сайын Мұқаң:
– О-ай, деген-ай… – деп демін құдды шыңыраудан тартқандай ыңыранып, теңселіп-теңселіп алады.
Бір тыныс созған сәтте: – Осы күндері не жазып жүрсің? – деп сұрап қалды Зекең.
– Құдайдың өзі жар болсын, – деді Мұқаң танауы шуылдап. – Мен бір азапқа түстім…
– Е, е, арланым… – деп Зекең кеңк-кеңк күлді.
– Рас, Зеке! «Аппассионатамен» тоқтап қалғаным жоқ. Ленинге айналып соға беретін болармын. Көңілге түйіп жүргенім де, түртіп жүргенім де аз емес. Маркс туралы да жазып жүрмін. Дантенің «Құдыретті комедиясынан» «Тамұғын» әурелеймін деп бір айықпас азапқа тап болдым…
– Жағдайың қиын екен… – деді Зекең күліп. Осы сәт Мұқаңның мұрнының шуылы күшейіп кеткендей болды.
– Шын айтам, Дантенің «Тамұғын» аударуға батылың қалай барды? Біз сияқты жарлы-жақыбайлар ұлыларды қазақша сөйлетуге қор жинап алғасын баруына болар еді. Үзідігіп қалма. Денсаулықты да ойлау керек. Байқа, Мавр мен Ильич, «Тамұқ» пен тапшылық жаныңды жеп қойып жүрмесін.
Мұқаң қамқор көңілмен тілек айтқан досына өлеңмен жауап қайтарғысы келгендей толғап кетті:
Адам бар ма мәңгілікке өлмеген,
Заман бар ма бағы тайып көрмеген,
Азап бар ма ауыр жолда көлбеген,
Ашу бар ма адам ұлы жеңбеген,
Ақын бар ма шамшырағы сөнбеген,
Батыр бар ма туды қолдан бермеген,
Ақын бар ма ақиқатқа шөлдеген?
Десе біреу.
Ол – сен, Мавр, сен дер ем! – деп бір қайырып тастады.
Мұқаң осылай таң атқанша жырлайтын жыраудай, ара-арасында мен құйып беріп отырған сүтсіз қара шайды сіміріп алады да, жыр селін түйдек-түйдегімен төгіп тастап «ал, мұным қалай» дегендей бір дем маңқиып отырады.
Түннің бір уағында Мұқаң киініп сыртқа шығып кеткенде Зекең: «Бұл ағаң да бір жүрген әулие. Маған соғатыны бар, Алматыдан шығарда телефон соға салмай ма? Жан-жақпен хабарласып, жігіттердің басын қосып, жақсылап қонақ ететін. Қазалыға бара жатыр екен. «Қазақстан» пойызынан түскен де, мені іздеп жетіп келген. Ертең сол пойызына мінуі керек, әйтпесе билеті күйіп кетеді. Қазалыда Зұлқарнай Сақиев деген жазушы ағаң тұрады. Соған телефон соғып, күтіп ал. Сыр бойы¬на бірінші  келуі ғой, дұрыстап қонақ етіңдер дегелі отырмын. Ертең күн демалыс қой, сен бұл ағаңды жолына шығарып салатын бол» деді.
Ертеңіне жолға шығар алдында терлеп-тепшіп ыстық ас ішіп отырған Мұқаң: – Зеке, сонымен мен қандай ақын екенмін, шамалай алдың ба? – деп тосын сұрақ қойсын.
Зекең мүдірген жоқ: – Сен бұл бетіңмен қазақтың ақыны болып жарыт-пассың... – деді әр сөзін шегелеп.
– Оу, Зеке?! – Мұқаң мейірімді жанары тұнжырап отырып қалды.
– Сен сорғалаған лириксің ғой, өзіңді өзің неге бағаламайсың? – деді Шүкіров тағы да әр сөзін шегелеп. – Ойланып көр: Совет Одағында он бес республика бар. Әр республиканың бір-бір Сағиы мен Тұманбайы бар. Әне, солардың бәрі жабыла Марксті, Ленинді, коммунистік партияны, көсемдерді жырлады делік. Бәрін бір тілге аударды делік. Ойлан, сонда не болып шығатынын. Жақсы, қазақтың Мақатаевы латыштың Мақатаевынан басым-ақ болсын. Бірақ, сен осы саясатшыл бетіңмен қалыптасып кетсең, соңыра біздер жер жастанып жатқанда қалай болады? Алдағы ғасырдың ұрпағы сені кімнің ақыны деп қабылдайды?
– Апыр-ай, Зеке... апырай, Зеке... – дей берді Мұқаң. – Сіз мен ойлап жүргеннен де әріге кеттіңіз ғой. Түсіндім, түсіндім...
– Ол түсінгенің өз алдына, – деді өз позициясын әлдеқашан нықтап, мықтап алған Шүкіров. – Сен күшіңді босқа демейін, бірақ жанып түсетін бағытыңа жұмсай алмай келесің. Сен – философиялық лириканың жүйрігісің ғой, күшіңді осы тұстан көрсетуің керек...

* * * 
... Вокзалда Мұқаң: – Зейнолла қандай жақының болады? – деді.
– Мұқа, біз туысқандық жағынан маңайласпаймыз.
– Рухани інісі болдың ғой?
– Мүмкін, егер рухани інісі болуға жарай алсам...
Вагонға аяқ салар сәтте: – Сен де мен сияқты ұялшақ екенсің, інім, – деді Мұқаң қолымды қысып. – Бұл ағаң да ұяң болып өскен...
... Содан арада екі аптадай уақыт өткен болуы керек, мен Зекеңді жақын қалған жаңа жылмен құттықтап шығуға бардым. Әңгіме үстінде Зекең Мұқағалидың Алматы – Қазалы сапарындағы хикаяларын жыр-ғып айтып, ішек-сілесі қата күліп алды. Ол кезде бұл оттың басына әсіресе студенттер қауымы келгіш еді. Сол Қазалыға тартып бара жатқанында пойызда бір топ жалағаштық студенттердің ақынды танып, стансадан түсіріп алып қала жаздағанын, одан Зұлқарнайдың қалай күтіп алып, қалай қыдыртқанын, Мұқаңның қамсыз жүретін бейкүнә қылықтарын айтып тауыса алар емес. Зекең жалағаштық бір студенттің сәлем бере келгенде айтып берген және Зұлқарнайдың телефонмен хабарлаған қызық әңгімелерін өзінше әрлеп, түрлендіре түсетін сияқты. Көзі күлімдеп, жүзі жайнап, рахаттанып отырып айтады.
– «Батыр – аңқау, ер – көдек» деген, айтатыны жоқ, өзі жардай жігіт болғанымен баладан бетер екен... – деп ақын анасы сыпайы күліп отырды.
– Ол расында әйгілі батырдың ұрпағы. Баяғыда Райымбек деген батыр бабасы жаудан елін қорғаған! – деп жатыр Зекең.
– А-а, солай ма? Неғыса да шыққан тегі таза болды. Тұрысымен бала, бала...
Енді бар ғой, ақын анасы айтып отырар болса, тірі қызық! Қайтар жолында Мұқаң бұл үйге тағы соғады ғой. Бір қолында өзінің бірдеңесі, арқасында бір қап жүгі, соны босағаға дүрс еткізіп тастай сала:
– Әже, сізге әкелдім! Қазалыдан! – деп Мұқаң қомпаңдап, арсалаңдап Набаттың қолын алып жатыр дейді.
– Күнім-ау, мұның не? – деп қаптың аузын шешіп қараса, балық.
– Мұны кім берген?
– Зұлқарнай!
Бұл үй балыққа зәру емес. Зекеңнің әкесі Әнәпия Бөгеннен апта аралатпай балықтың тәуірлерін қаты¬нау¬шылардан жеткізіп тұрады. Сұңғыла Зекең көңілі¬не күдік алады да, Зұлқарнаймен хабарласады. Ойлағанындай: билет Қызылордаға емес, Алматыға алынған. Сонда, бұл балықтың кімге арналғаны? Мұқаңың от басына ғой! О, әулие... Зекең қаптың аузын байлаттырып, «Мәдениет және тұрмыс» журналының арнаулы тілшісі, «Аппассионатаның» авторына бір қап базарлығын қайтадан арқалатып, поезына іліктіреді.
... Содан бері талай жыл ағып өтті. Сондағы сол бір қап балықты Мұқаң үйіне шып-шырғасын шығармай жеткізе алды ма, әлде жолда ұшырасқан біреулердің қолында кетті ме, кім білген? Күнкөріске бейімі жоқ адамнан ондайды да күтуге болады. Қысқа қайырым уақыт ішінде туған халқының рухани биігіне «өрмелеп шығып Күн болған» текті ақынмен жүздесіп, тұз-дәмдес болуымның бары сол екен. Бір-ақ рет және ақырғы рет. Одан артықты тағдыр жазбапты, көп көріпті. Иә аштан өлтірмеген, я көштен қалдырмаған ит тірлік асыл адаммен енді қайтып кездесу сәтіне бір жолықтырмай-ақ қойғаны. Тағдырдың бар жарылқағаны жауһар жырларына табынып артында қала бергеніміз. Кей-кейде жадымнан өшпес сол бір қадір түнде екі бірдей ақынның ортасында жатып әңгімелерін, тіпті Хрущев туралы анекдоттарына дейін талыға қызығып тыңдағанымды есіме түсіріп, бір рахат күй кешетінім бар. Сондай шақта Зекеңнің түптің түбін ойлайтын сұңғыла зеректігіне, ал Мұқаңның жарық дүниеден жай оғындай жарқ етіп өте шығарын білгендей жұртты шамалы-ақ уақытта ағыл-тегіл ғажайып жырға қарық қылған ұлылығына қайран қаламын.
Енді есейген шақта зерделеп көрсек, көсемдерді, партияны, қой терісін жамылған интернационализмді, түбі дүдамал дүрдараз демократияны аянбай жырлауға болар. Мақатаевтың маңдайына біткен қоғам мен саясат қалайда жырлатты ғой. Бірақ, Одақтағы әрбір ұлттың бір-бір Мақатаевы жабыла жырға қосқанда, нәтижесі не болды? Орыс тілінде идеясы ұқсас жырларға жұрттың көбінің-ақ ет-бауыры елжірей қоймады. Айталық, Пешковтың үйінде Ленин Бетховенді («Аппассионата») тыңдап отыр делік. Баршаға белгілі сол оқиғаны қанша қызықтап жанды қинағанмен Мақатаев қаламынан туған сол дастандар («Мавр», «Ильич») кезеңдік туынды болып қалды. Ақиқатына тоқтағанда, ондай үлгілерді басқа ұлт ақындарының жазғандардан да табуға болар. Бірақ, қазаққа біткен Мақатаев – екінің бірі, егіздің сыңары емес қой. Дәлел ме? Дәлел: балы сорғалаған лирикаларын зерделеп көріңіз, қандай күй кешер екенсіз. «Қарылғашым, келдің бе?», «Дариға жүрек», «Қара өлең», «Өмір сүрейік алмасып», ¬«Жаназасын» оқыңыз, оқыңыз да «Мавр», «Ильичпен» салыстырып көріңіз. Алатын әсеріңіз – екі түрлі...
Әттең дүние-ай, тағдырдың алқымы іспес сондай біртуарларға сары тіс шал болуды қимайтыны қалай?! Ардақты ақынның маңдайына жазылғаны – бар болғаны 45 жыл ғұмыр екен. Не деуге болады?! Қыршын ғұмырын өзі жазғанындай «күміс жалды Күн деген көлікпен» өткізген боздаққа тағдыр қырын қарады. Қаламгерлік қиямет-қайымның сұрапылын кешіп келіп, зейнетін енді-енді көрсем-ау дегенде... жайратып салды. Ақын мұрасымен мұңдаса отырып жазмыштың дегенінен жаңылмайтын безбүйректігіне тістеніп, күйінеміз.
Сол бір қаралы күн... Жаманат хабар жеткізген «Қазақ әдебиеті» газетінен қанаттасы Тұманбайдың аза жырын оқығанда, Шүкіров үйінің төрінде өткен сонау бір түнге шегіндім сонда. Құлағыма кімнің кім екенін жазбай танитын Набат шешеміздің: «Тұрысымен бала, бала» деген жұмсақ үні жеткен. Аяулы ақын он үшінші ғасырда ғұмыр кешкен Дантемен тілдесіп, қырық бесінде он сегізінші ғасырды ен жайлаған Моцартпен мұңдасыпты. 
Жыр жолында жанып өткен Зейнолланың да, Мұқағалидың да ғаламат жырлары қалды тірілерге мұра болып. Орыстың ыждағатты зиялылары Лев Толстойдың 150 жылдығы алдында, 1978-жылы Мәскеуден бір жып-жинақы шағын жинақ шығарды. Кітап Толстой туралы ел аузында қалған үзік-үзік әңгімелерге, тіпті ол туралы айтылған анекдоттарға, жігітшілік хикаяларға толы екен. Әне, басқа жұрт сондай! Ұлыларының әрбір қадамына дейін ұмыт қалдырмай тірнектеп жинай береді. Ал, біз...
Бұл хикая сол ыждағатты орыс зиялыларының үлгісімен қағазға түсіп қалды.

Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 сәуір 2017 г. 1 467 0