САЙЛАУ КОМИССИЯСЫ ЖҰМЫСЫН САРАЛАДЫ

Сәрсенбі күні облыстық сайлау комиссиясының ашық отырысы өтіп, онда  2016 жылы атқарылған жұмысы мен 2017 жылға жұмыс жоспары талқыланды. Отырысты ашқан облыстық сайлау комиссиясы төрағасының  орынбасары Қорғанбек Қайруллаұлы комиссия құрамындағы өзгеріс жайлы хабарлады. Қазақстанның патриоттары партиясы қызметінің тоқтатылуына байланысты осы партияның өкілі болып табылатын облсайлауком мүшесі Руслан Чагай өз міндеттерінен босатылып, облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 15 ақпандағы сессиялық шешімімен «Туған жер» қоғамдық бірлестігімен ұсынылған, 1977 жылы туылған, облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқаратын Бағдат  Бердәулетов сайланды.
Мұнан кейін күн тәртібіне сәйкес Қ.Қайроллаұлы  «Сайлаулардың заңы және қаржы¬лай қамсыздандырылуы мәселелері бойынша 2016 жылы атқарылған жұмыстардың есебі мен 2017 жылға жоспар» тақырыбында  хабарлама жасады.
2016 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс және ҚР мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы өткізілді. Өткен жылғы Парламент Мәжілісінің сайлауына республикадағы 6 саяси партияның партиялық тізімі ұсынылды. Облыстық сайлау комиссиясының отырысында саяси партиялардың арасында өзара Келісім жасалып, сайлау науқаны дау-дамайсыз, заң бұзушылықтарсыз өткізіліп, оған қатысқан шетелдік байқаушылар сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын атап өтті.
Сайлаулардың қаржылай қамсыздандырылуына келетін болсақ, 2016 жылы республикалық бюджеттен сайлауды өткізу үшін  235060,0 мың теңге бөлініп, оның 234353,4 мың теңгесі игерілді, 706,6 мың теңгесі жыл соңында республикалық бюджетке қайтарылды. Қайтарылған қаражаттың қалыптасу себебі аудандық орталықтарда телевизия мен радиохабардың болмауы салдарынан кандидаттардың көпшілігі бұқаралық ақпарат құралдарынан шығып сөйлеуге бөлінген қаражатты пайдаланудан бас тартуы салдарынан болды. Сонымен қатар, сайлау науқанында мәслихат депутаттығына тіркелген 468 кандидаттың 22,6 пайызы (106 кандидаты) тіркеуден алынып, бөлінген қаражаттың толықтай игерілмеуіне септік етті.
2017 жылға жұмыс жоспарында мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау жылына екі рет өткізілетіндігі заңмен белгіленген, сондықтан 1-тоқсанда 1 депутаттың босаған орнына сайлау өткізілді, 3-тоқсанда босаған жағдайда сайлауды ұйымдастыру шаралары жүргізіледі. Сол секілді ҚР Парламенті Сенатының өкілеттік мерзімі аяқталған депутатының орнына сайлаудың өткізілуі мен ұйымдастырылуын қамтамасыз ету, ҚР ОСК жоспарына сәйкес маусым айының соңында өткізу жоспарланған.
Ашық отырыста облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Аягөз Сырлыбаева 2016 жылғы сайлау науқандарында сайлау науқанының құжаттамалық және әдістемелік қамтамасыз етілуі бойынша сайлау комиссияларының тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылғаны туралы айтып өтті.
2016 жылы облыстық сайлау комиссиясының облыс әкімдігінің ресми интернет-ресурсында «сайлау» бөлімшесі ашылған болатын. Үстіміздегі жылы осы сілтемедегі ақпараттар ауқымы ұлғайтылып, мұндай бөлімшелер барлық аудан, қала әкімдіктерінің интернет-ресурстарында ашылды. 
2016 жылғы жалпыға бірдей сайлау науқанында Қызылорда облысында ЕҰҚжЫҰ (ОБСЕ) миссиясының 10 байқаушысы, Түркітілдес мемлекеттердің әріптестік кеңесінің қысқамерзімді 7 байқаушысы, ТМД елдерінің миссиясынан 2 байқаушы қатысқаны туралы Б.Бердәулетов айтып берді. 
2016 жылы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы мен қалалық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Беларусьте өткізілген сайлауға ТМД елдерінің байқаушылар миссиясының құрамында болып, байқау жүргізуге қатысты. Үстіміздегі жылы Ортсайлауком мүшелері мен аппарат қызметкерлерін электораттық оқыту және жаңа ақпараттық технологияларды қолдану жөніндегі жұмыс тәжірибесімен таныстыру үшін Қырғыз Республикасына, Грузияға, Ресей Федерациясына, Молдова Республикасына, Үндістан Республикасына жіберу жоспарланған.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 сәуір 2017 г. 542 0