«Мал баққанға бітеді» дейтін аталар сөзінің бекер еместігін уақыт қайтара дәлелдеп отыр. Расы да сол ғой, қарамасаң, қораңа қара бітуі қиын. Қаршадайынан мал шаруашылығының арасында жүрген Әбдіманап өз балалары жігіт болған соңғы жылдары мал өсіруге шындап ден қойды. Әуелгіде уақ малдың басын көбейтіп, оны өз төлі есебінен молайтқан жігіт ағасы бертінде бірыңғай ірі қара малын өсіруге бет бұрды.
– Адал бейнеттің наны қашанда тәтті. Мемлекет те мал өсіремін дегенге несие беріп, қарасып жатыр. Жайылымдық жер болса да жер жетеді, жем-шөптен де тарықпауға мүмкіндік бар. «Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» демекші, малы бардың көтерілер жалы бар. Бәрін айт та, бірін айт, еткен еңбектің берекесін берсін деңіз, – дейді Жаңақорған ауданы Сүттіқұдық ауылының тұрғыны Әбдіманап Дүйсебаев.
Ілгеріде қой төлдей бастағанда тау беткейдегі қыстау «Қаздың құмында» отыратын еді, енді қолда сиыр малы қалған соң бұл жаққа кешеуілдеңкіреп, сәуір айын аяқтаңқырап ғана жылжиды. Оның үстіне биыл дария суы да көтеріңкі, бұл малдың арғы беттен бері өтуіне ептеп қиындық туғызады. Әзірге бір үйір жылқысын тауға қарай айдап салып, аңдысын аңдып отырған жайы бар.
Еске түседі ғой, кеңшар тарағанда бұл үлесіне оншақты қой алып шыққан. Содан кейін бөлінген бір шаруа қожалығының есебінде жүрді. Өзі ауыл халқын қамтамасыз етемін деп арнайы автокөлікпен тұрғын¬дардың ауыз суын тасымалдады. Басқа да жұмыстарға араласып байқады. Деген¬де, бүгінде рахатты осы мал өсіруден көріп отыр. Ұлы Дүкенбай мен келіні Гүлзира айтқанынан шықпай, уақ малмен бірге көшіп, қыста Сыр жақта қыстатып жүріп, қолдағы азғана малды үш жүздің үстіне, одан отарға жеткізді. Әрине, науқан кезінде жұбайы Баян екеуі де шаруашылық жұмысынан қалыс қалмайды. Қыстау басында болады. Төл түсімі болған соң жазда Жиделі өзенінің бойына жылжиды. Сол жерден де бұлақ басынан үй, қора-қопсы салып алған. Қажетті жем-шөпті жазда дайындап алады. Қойдың қиын күрегеннің мұрты майға шыланады екен, қазіргі күні ескі үйін жаңалады, жеңіл көліктің қос-қосын тақымдады. Ағайынға барыс-келісті де жиілетіп, алыс-берістен тарықпағанын да айтуға болар. Оқуға талаптанған бала-ларының бірі өз мамандығы бойынша қыз¬мет етіп жүр.
– Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында, халық¬қа арнаған Үндеулерінде әр адам өзінің оң жамбасына келетін қолайлы кәсіпті меңгеру қажеттігін айтып, жергілікті басшыларға осыны тапсырумен келеді. Бұл – қарапайым еңбек адамына деген қамқорлық. Оның үстіне жұмыс істеймін деген адамға бар мүмкіншілік жасалған. Қазіргі бағытты түсініп отырмыз, біреуден бірдеңе дәметпей, еңбек ету қажет. Жуырда ауданымызды аралаған облыс әкімі де жұртшылықпен кездескенде осы мәселені баса айтты. Үкімет тарапынан берілетін несиені де тиімді пайдалануымыз керек. Өз замандастарым мен ауылдастарымның арасында атакәсіпті өркендетуге кіріскендер қатары молайды. Бұл өте жақсы деп ойлаймын, – дейді Әбекең ағынан жарылып.
Міне, атакәсіпті қолға алған Әбдіманап өнегелі еңбек ұйымдастырып, балаларын да осы жолға бейімдеді.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы,
Сүттіқұдық ауылы.