Ертай Айғалиұлы: Уақыт тынысын сезінбеген, қалың бұқарамен етене араласпаған журналист журналист емес

Ертай Айғалиұлы:  Уақыт тынысын сезінбеген, қалың бұқарамен етене араласпаған журналист журналист емесУақыт – аққан жұлдыздай өтеді дегенді жиі айтатынымыз бар. бұл уақыттың мәнді, құнды һәм қасиетті ұғым екенін айғақтаса керек. Бүгінгі кейіпкеріміз белгілі қаламгер, шебер көсемсөзші, парасатты – редактор Ертай Айғалиұлы уақыттың өзіндік өрнегі жайлы ой айтады. Жүріп өткен ізін ой елегінен өткізіп, жастық шағымен ғұмырының қызықты шақтарын еске алады. Тек соның бәрі көзді ашып-жұмғанша өте шыққанын сөз етеді. Тіпті қатар өсіп, алпыстың ауылына қатарласа қалай жеткенімізді аңғармай да қалыппыз-ау?! 


                Алтыншы сыныпта ауылға су әкелген бала
   
– Ертай, Өзбекстанда туып-өскен екенсің. Балалық шағың сонда өтті ме? Елге қай жылдары оралдыңдар?
– Отызыншы жылдары біздің әкелеріміз бен аталарымыз да қуғын-сүргінге ұшырап, тарыдай шашылды. Өзбекстанға, Ауғанстанға, Иранға... Өз атам мен нағашы атам халық жауы болып бірі Ташкенттің абақтысында, бірі итжеккенде көз жұмғанын кейін ес біліп, етек жиғанда естідік. Жетімдіктің зарын жат жерде Өзбекстанда бастан кешкен көкем намысын қайрап ширығып өсті. Сол өңірде қос мұңлық әке-шешем кездесіп шаңырақ көтеріпті. Анам он жеті баланы дүниеге келтіргенмен жер басып жүргеніміз шүкір, бесеуміз..
Өзбекстанда дүниеге келдім. Тілім өзбекше шықты. Өзбектің әшуласын тыңдап өзбекке айнала бастадық. Өзбекке айнала бастадық демекші талай қазақ өзбек болып мәңгілікке қалып қойғаны да шындық. Әкем біздің мына тұрпатымызды көріп, алпысыншы жылдары ата-жұртқа оралуға шешім қабылдады. Жиырма шақты үй сөйтіп Оңтүстік Қазақстанның Шардара ауданына көшіп келдік. 
– Балалық шағың осы өңірде өткен екен ғой.
– Өзің біліп отырғандай балалық шағымның алты жасы Өзбекстанда, алтыншы сыныпқа дейін Шардарада, ал қалған кәмелет жасқа толғанға дейін Қызылорда облысында өткен екен. Қызылорда–  біздің ата-бабаларымыздың мекені ғой. Негізінен елге келген соң бір отар  қой бақтық. Каникулда амал жоқ, біз де Қызылқұм сахарасында әкеме көмектесетінбіз... «Шиебөрілері жылаған сахара» деген хикаятымның туу себебі осы сахараны жақсы көргендіктен.
– Өзіңді қаламгер еткен де сол Сахараның әсері ме? Жалпы қалам ұстап, шабыт тұлпарына мінуіңе не түрткі болды?
– Мен кішкентайымнан ән айтуға, домбыраға әуес болдым. Ал шын Армантауға бет түзеуге алтыншы сыныпта жазған кішкентай жанайқай мақалам әсер етті. Әрине, өзімше өлең жазып шатпақтайтыным да бар еді. «Қазақстан пионеріне» де жазғаным шығып тұратын. Біз жаңа құрылған совхозға көшіп келдік. Екі-үш шақырым жердегі скважинадан күн сайын бірнеше рет иін ағашпен су тасимыз. Иығымыз жауыр-жауыр. Бір күні ойладым. «Осы скважинадан неге үй-үйге су тартпайды. Қой, мұны мен жазайын» деп облыстық газетке «Ауыз судың азабы-ай!» деп хат жазып жібердім. Көп ұзамай ол мақалам шықты. Бүкіл ауыл шулады. Совхоз директоры көкеме ұрсыпты. Сөйткенше болмай облыстан комиссия келген. Факті дұрыс. Соның арқасында көп ұзамай техникалар жіберіліп, үй-үйге су тартылды. Міне, мен қаламның айбарын, күшін сонда көрдім. Халық маған мектеп оқушысы демей, содан соң мұңдарын айтып жиі келетін болды. 
– Бала кезіңде кітапқұмар бала болдың ба?
– Иә, ол кезде компьютер түгілі теледидар да жоқ еді. Ауылдағы кітап оқығыштардың біреуі болдым. Кітапты құныға оқитынбыз. Шағын кітапхананы тауысып, үй-үйден кітап іздейтінбіз. Өзің білесің қазіргі балалардың дені кітап оқымайды. Тест деген де балаларымыздың рухани байлықты молынан алуға үлкен кедергі. Меніңше, кітап оқу адамды байытады. Ол толыққанды адам етуге өлшеусіз үлес қосады.
– Қазіргі жастарымыздың, тіпті үлкендеріміздің де осы рухани байлықтан сусындамауынан сөзге олақ, сөйлеуге орашалақ болатыны осыдан ба?
– Дұрыс айтасың,Бек. Әлемдегі ең бай, ең көркем тілдердің бірі қазақ тілі екендігін ғалымдарымыз дәлелдеп, зерттеді. Сөйлеу білу де үлкен өнер ғой. Шешендік өнерге ата-бабаларымыз зор мән берген. Осылай жан дүниеміз жұтаңдана берсе осы өнеріміз құрдымға кете ме деп қорқамын. Өз тіліңді қадірлемегенің өзіңді, ұлтыңды қадірлемегенің. Кейінгі ұрпаққа тілін жанындай көретін етіп тәрбиелемесең ертеңгі өміріңнің бәрі бос. Балаларымыздың, тіптен олардың ата-аналарының өз тілінде сөйлемеуі намыссыздықтан. Тіптен сөйлегендерінің өздері орысша араластырып, тілімізді мазақ қылғандай алабажақтап сөйлейді.

          Журналистика жазушыны көпірме сөзден құтқарады
   
– Сөз өнері тек жазушыларға ғана емес, сол тілдің иесі халыққа да тән дейсің ғой. Осы сөз өнерін ту еткен жазушылық қадамың қалай басталды?
– Жазушы болу аспаннан түскен құбылыс емес. Әрине, Алла берген талант керек. Негізінен ол қасиетті атқа Толағайдың тау көтергеніндей шелек-шелек тер төгіп жетесің. Тырнақалды әңгімемді тоғызыншы класта жазыппын. Ұстазым бір күндері: «Ертай, балалардың әңгіме жазудан бәйгесі бар екен. Соған қатыссаңшы» деді. Соның алдында ғана «Жаппар тентектің басынан кешкендері» деген романын бітірген дәуге әңгіме жазу деген не тәйірі. Бір түн ұйықтамай «Қызыл етік» деген әңгіме жазып, ертеңіне ағайыма жеткіздім. Әрі-бері күтіп жүрдім. Хабар-ошар болмады. Оныншы класта оқып жүргенде көктемде сақпанда жүргенмін. Парторг аға келіп менен сүйінші сұрады. «Әй, жазушы бала! Бәйге алыпсың. Құтты болсын!» деді. Сондағы ағыл-тегіл қуанышымды айтпа!
– Одан кейін де талай бәйгелерден келдің. Ол қандай бәйгелер, аузыңнан естісек? Жалпы балалар жазушысы болудың қиындығы неде, Ертай?
– Қандай қазақ болсын бәйге десе делебесі қозып тұрады ғой. Бала кезімде тұлпар мініп талай бәйгеге қатыстым. Біздің Қасқа атымыз ылғи бірінші келетін. «Қайдасың, қасқа тайым?» деген әңгімемнің тууына сол балалық шақтағы Қасқа ат себепкер болды. Алдымен балалар жазушысы болудың қиындығына тоқталайын. Кішкентай патшалар жазушысының жаны таза, жүрегі нәзік, көңілі бала тәрізді пәк болуы тиіс. Кішкентай кейіпкеріңнің жан дүниесіне кіре біл. Жазуыңды тым қоюлатпа. Сөздерің, тілің кесте тәрізді төгіліп тұрсын. Қарапайымдылық, нәзіктік шығарманың өн бойында үнемі сақталсын. Оқиға желісі қызықты, диалогтарың жеңіл болсын. Оқырманыңды жетелеп, ғажайып әлемге кіргізе алсаң, міне, сол шеберлік. Тамыр бүлкілі, қан толқыны толассыз соқсын. Бір сөзбен айтқанда сен балалар жазушысы болып туылуың тиіс. Әрине, ізденіс керек. Ізденіс болғанда кешегі Бердібек, Марат, Машқар ағалардың уақыты бір бөлек, қазіргі уақыт бір бөлек. Уақыт, замана тынысын сезінген абзал. Қысқасы базбіреулер айтқандай балалар жазушысы болу оңай емес.
 Мен журналистпін. Шерхан, Оралхан сынды ағалар да шығармашылдығын журналистикадан бастаған. Журналистика жазушыны көпірме сөзден, артық ой нөпірінен тазартады. Журналист болмай бірден жазушы болғандардың айырмашылығы осы жерінде. Бірақ журналистік қызмет алтын уақытыңды жеп қояды. 
Небір таланттар оның қазанынан шыға алмай қалады. Мен де сол қазаннан шыға алмай көп жүрдім. Яғни қолымды мезгілінен кеш сермедім. Мені анда-санда құтқарған нәрсе бәйгелер дүбірі. Мысалға кеңестер өкіметі кезінде балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жалын» жабық бәйгесі болды. Бұл бәйге талай талантарды жарқыратып танытты. Марат Қабанбай, Оралхан Бөкей, Тынымбай Нұрмағамбетов, Қаржау Айтолқын, Шәкен Күмісбаев, Әшірбек Көпішев, Балтабай Әділ, т.б. Мен де сол кезде жастығыма қарамай бағымды сынап көрдім. «Мен сені сағындым, әпке!», «Шиебөрілері жылаған сахара» атты хикаяттарым сол кездері жүлделі орындарды иеленді. Ал тәуелсіздік кезінде балаларға арналған халықаралық «Дарабоз» байқауында да екі шығармам бәйге алды. Атап айтсам «Ақбарыс, американ және Аспантау үңгіріндегі қазына» хикаятым бас бәйге, «Қара бала, адам-қасқырлар және мұзсарай» хикаятым үшінші орынды иеленді.

                            Бүкіл түрмелерді аралаған кітап    
   
– «Қара жапырақтар» романыңның аты өзгеше екен. Оны неге олай атадың?
– Жасыл, қызыл, сары жапырақтар болады. Ал қара жапырақтар қайдан шықты дейсің ғой? Біздің еліміздегі Семей полигонын бүкіл әлем біледі. Азғыр, Нарын полигондарынан халық бейхабар. Бұл полигондарда Ресей біздің, қазақтың қасиетті жерін атом бомбалары арқылы сынақ алаңдарына айналдырды. Бұдан қаншама халық қасірет шекті, адамдардың өмірлері ерте қиылды, ерте солды десеңші! Роман аяқ астынан туды. Теледидардан бетін әжімдер аямай осқылаған ананы көрдім. Түрі өте қорқынышты! Қол арбада маған бір қыз қарап тұр. Анасы «он үштегі қызым» дейді. Он үш емес бар болғаны жеті-сегіз жасар баладай. Ол маған қарады. Ондай үлкен де мұңлы әрі сұлу, өңменіңнен өтердей қарақат жанарларды өмір бақи көрмеппін. Анасы байғұс он екі баланы дүниеге келтірген. Бәрі полигонның құрбанына айналған. Мына қыз соңғы тұяқ. Мен дәл осы мезетте бір шығарма жазуға бекіндім. Анасын да, қызды да таптым. Үйде қонақта болды. Сол кезде қыздың сезімталдығына, ақылдылығына, білімділігіне тәнті болдым. Кітапты көп оқиды екен.Оның ойлау деңгейі он сегіздегі бойжеткендей. Мен кітабымды жаза бастадым. Раушан өз дәрігеріне ғашық болады. Ол өзінің ақ қан дертіне ұшырағанын, бар болғаны бес-алты айдан кейін өлетінін біледі! Ауылында жатып дәрігер ағасына он екі хат жазады. Бұлар жай хаттар емес, оларда бүкіл қазақтың қасіреттері, тарихы, тағдыры жатты. Кішкентайлар ғана емес ересектер оқитын дүниеге айналды. Мысалға «Қара жапырақтардың» бір данасы бүкіл түрмелерді аралап жүргенін, оны кезекпен қызыға оқитынын бір інім жеткізді. 
 – Балаларға арналған тағы да қандай шығармаларың бар?
 – Жоғарыда айтқандардан басқа «Алтын сандықтың құпиясы», «Бокс қолғабыңды жоғалтпа, бауырым!» хикаяттары және басқа да ондаған әңгімелер ұсындым кішкентай патшаларға. Өткен жылы «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный» атты қос арналы тарихи роман бітірдім. Үзінділері баспасөздерде жарияланды. Баспаларда екі-үш кітабым жатыр.
– Не жазып жүрсің қазір?
– Құдай қаласа ересектерге де, жасөспірімдерге де, жастарға да арналған «Мен саған ғашықпын!» атты романымды аяқтап, өткен жылы кітап болып шықты. Оншақты жылдан бері бес уақыт намазымды тастамаймын. Бұл маған Алланың берген бақыты болса, 2013 жылы қасиетті Меккеге барып, қасиетті Қағбаға маңдайымды тигізу бақытына тағы да ие болдым. Тәубе, шүкір! Мына романым адамдар арасындағы ғашықтықты дәріптей отырып, соңғы, ақырғы кезеңінде нағыз ғашықтық бір Аллаға деген қорытындыға келеді менің кейіпкерлерім. Әрине, жоспарлар көп. Шабыт тұлпарына нық міндім деп ойлаймын. 
– Еңбек жолыңызды «Лениншіл жастан» бастап, Сейдахмет Бердіқұлов, Сағат Әшімбаев, Серік Әбдірайымов, Жарылқап Бейсенбай, Несіп Жүнісбаев сынды жайсаң ағалармен бірге жұмыс істепсің.
– Менің еңбек жолым өзің білетіндей Жалағаш аудандық «Жаңадария» қазіргі «Жалағаш жаршысы» газетінен басталды. Содан соң әскер. ҚазМҰУ-дың журналистика факультеті. «Лениншіл жаста» кілең баһадүр ағалар жылы қарсы алды. Бас редактор Сейдахмет ағаның спорт атты сиқырлы әлемнен жазған дүниелері ерекше еді. Тілі қандай көркем, төгіліп тұратын. Сағат ағаның өзі неге тұрады. Үш жүз елу мың оқырманы бар газеттің бедел-бедері ерекше болатын. Секретариатта сол кездері Қуаныш Жиенбай, Қасым Әзімхан, Қайнар Олжай, Қали Сәрсенбай бәріміз мәкет сыздық. Кейін жұмысшы бөлімінде жұмыс істедім. Бұл алып ұстахана тек қана мені ғана емес, талай қазақтың дүлдүлдері тәрбиеленген, бапталған ыстық ұясы.
– Сол дүлдүлдер легі «Қазақ әдебиетіне» келіп, жазушылықтың көрігін қыздыратын ба еді?
– Иә, «Желтоқсан көтерілісінен» кейін іле-шала «Қазақ әдебиетіне» келдім. Шер-ағаң қай басылымға барса да бағын ашатын ғажайып редактор екенін дәлелдеген тұлға десек қателеспейміз. «Қазақ әдебиеті» сол кездері ұлттық мүдденің шоғын үрлеп тұрған бірден бір газет болды. Тәуелсіздігіміздің самалы ессе де, Мәскеудің қазақты тақымға алып, қылбұрау салып тұрған қиын кезі. Бірақ қазақ жұрты елеуреп, тілінің, салт-дәстүрінің мәртебесін көтеруге құлшынған рухты шағы сол шақтарда басталды деп ойлаймын.

                             Оралхан ағаны бір рет ренжіттім
   
– Шер-ағамыздан басқа Оралхан ағалар да болды ғой онда. Оралхан ағай қандай жан еді? Ол кісілерден не үйрендің? Бірге өткен күндерден естелік айта отырсаң.  
– Шер-ағаң күндей күркілдеген сыртқы даусымен ғана емес, ішкі жан дүниесімен шабынып тұрған әділ басшы болды. Газетке жанын беретін, газетте көтерелетін көкейтесті мәселелерді қырандай көре білетін. Мен осы газетке келгенде орнымды қызғанды ма әйтеуір бір ағамыз клишелерді (суреттерді) тығып тастап, газетіміздің нөмірі кеш шықты. Мен ойладым жұмыстан шығарады деп. Газет шықпай қалған күннің ертеңіне кінәлі адам анықталып, Шер-ағаңның бізге айтқан мына әңгімесі менің мәңгі есімде қалыпты. «Әй, пәленше! Сен мына Ертайды саба, тіптен мені де аяма, бірақ сен мына қасиетті газетке неге залалыңды тигізесің?» деп ақырып жібергенде ана кісі жер болды. 
Оралхан ағаны алғаш көргенде адам менсінбейтін бір жан ғой деп ойладым. Шынында да ол кісі галстук тағынып, сықиып жүрмейтін. Толқынды шашын анда-санда сілкіп қалып, тіп-тік, паң, сырбаз қалпынан бір сәт жаңылмайтын Ор-ағамнан көп нәрсе үйрендім. Ол кісінің шығармаларын мектеп қабырғасында жүргенде-ақ оқып, оның жазу машығына еліктеп өстік. Ор-ағаң бала сияқты аяқ астынан ашуланса да, ол ашуы тез тарқап кететін. Уақытқа қатал қарап, оны тиімді пайдалануға тырысатын. Жоғарыда айтқандай сырттай паң көрінгенімен өмірде қарапайым, кішіпейіл еді. Әзілдеп сөйлеп, іліп айтуға шебер болатын. Мен Ор-ағаңды бір рет қатты ренжіткенімді білемін. 1990 жылы «Ана тілі» газеті ашылғанда мені жауапты хатшы етіп шақырды. «Бармайсың!» деп кесіп айтып, ол мені жібергісі келмеді. Соған қарамай кеттім. Ар жағы түсінікті нәрсе ғой.
– Редактор болып қалыптасуыңа кімдер әсер етті? Жақсы газет не журнал шығару үшін не керек деп ойлайсың?
– Мен мықты ұстаз-редакторлардың қармақтарында істегенімді мақтаныш етемін һәм өзімді бақытты сезінемін. Мысалға «Лениншіл жаста» («Жас Алаш») Сейдахмет Бердіқұлов, «Қазақ әдебиетінде» Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкеев, «Ана тілі» газетінде Жарылқап Бейсенбай, Мереке Құлкенов. Бұлардың әрқайсысының өзіндік басқару ою-өрнектері, стилдері, хас шеберліктері болды. Егер де өзіндік өрнегі бар газет шығарып жатсам мен сол кісілердің өнегелерінен көп нәрсе үйрендім. 
Жақсы газет не журнал шығару қазір оңай емес. Уақыт тынысын, сондай-ақ қалың бұқараға не қажеттігін сезіне білу, оқырманмен тығыз байланыс, елдің мұң-мұқтажын, мүддесін батыл да өткір көтеру мәселелерін күн тәртібінен түсірмеген басылым озады. Ал оңай емес дегенім мемлекеттік тіліміздің мүшкіл жағдайы, халық рухының бәсеңсуі, күнделікті әлеуметтік жағдай, күнкөрістік салқыны қазақ баспасөзінің таралымына зор нұқсан келтіріп отыр.
– «Ана тілі» газетінде жүргенде бірнеше рет автошеру ұйымдастырыпсың. Оларды не үшін ұйымдастырдың?
– Менің ұғымымда журналист кабинетшіл болмау керек. «Қасқыр мен журналисті аяғы асырайды» деген сол кезде қанатты сөз бар еді. Мен жай тілші немесе бас редактор болғанда да жер аралауды, елмен кездесуді журналистің басты мақсаты деп алдыма қойдым. Өзің сұрақ қойғандай осы газетте жүргенде екі мәрте автошеру ұйымдастырдық.Ресейдің 8 губерниясын араладық. Орыстанған бауырларымызды көріп, жүрегіміз ауырды. Миллионға жуық қазаққа бір де бір қазақ мектебінің болмауы жөнінде парламент депутаты Мұхтар Шаханов бастаған депутаттарға дабыл қағып жеткіздік. Өзбекстандағы Әйтеке, Төле би, Жалаңтөс баһадүр бабаларымыздың жатқан жерлерінде болып, құлап жоқ болуға айналған қабірлерінің мүшкіл жағдайларын жеткіздік. Әсіресе Әйтеке би бабамыздың моласының үсті күл-қоқыстануы бізді қатты ашындырды. Шүкір, кейін біздің дабылымыздан кейін мемлекетіміз үлкен кесене тұрғызуға қамқорлық жасады. Бұл халықаралық автошеруіміз де бір ай бес күнге созылып, жиырма мың шақырымдай жер жүріп, ерліктің зор үлгісін көрсетті. Өкініштісі автошерушілердің бұл еңбектері, ерліктері мемлекет тарапынан ескерілмеді. 

    «Қазақты отқа жаққыларың келмесе, оның әнін сақтаңдар!»
   
– Өзекті де сыни, өткір материалдарды жиі көтеріп жүресің. Солардың ел есінде қалғандарын айтып бере алмайсың ба?
– Сұлтанмахмұт «Қазақты ағаш етіп отқа жаққыларың келмесе, оның әнін сақтаңдар!» деп сона-ау өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары дабыл қағыпты. Ұлы ақынның осы жанайқайына үңіліп қарасаңыз зор мән бар екеніне көзіңіз жетеді. Мысалға мен Өзбекстаннан 5-6 жасымда оралдым. Өзбек елінде күні-түні барлық жерлерінде әшуласы аңырап тұрады. Бұл ұрпақты тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады екен. «Ана тілі» газетінде «Қазақтың үнін кім өшірді?» деген материалым ел ішінде зор резонанс тудырды. Кейіпкерімнің дәлелдеуінше біздің қазақ музыкасынан РЕ-ЛЯ–РЕ-ні, яғни қоңыр үнді отызыншы жылдары алып тастаған дейді. «Қарадомалақтарды шоқындырған кім?» деген тоқсаныншы жылдары жазылған мақаланың әсерінен халық алаңға шықты. Шоқындырған директорды, осыған жол берген оқу бөліміндегілердің бірсыпырасы қуылды. Бұл сол тоқсаныншы жылдары қазақтың рухы теңіздей толқып жатқандығын көрсетті. Екі мыңыншы жылдары секталар жайлы одан да өткір материалдар жаздым, бірақ халқымыз селт етпеді. Осыған қарап ұлтымыздың рухы біртін бірге өліп бара ма деп қорқамын.
Қонаев ашқан Жұбанов атындағы саз мектебінен редакцияға бір топ ата-аналар келді. Тағы да оқу процесінің орыстанғаны жайлы дабыл қақты. Мектеп директоры бір түйір қазақша білмейді. Секталарға есігін айқара ашып қойған. Алты ай қатарынан мектеп жайлы материалдарды үзбедік десек те болады. Бұған ақырында үкімет, министрлік, парламент араласты. «Ана тілі» газетіне «Караван», КТК сынды азулы газет пен телеарна жабылды. Жыл соңында жеңіп шықтық. Мектеп директоры жұмыстан шығарылды. КТК мойындап, «Жылдың ең қайсар журналисті» деген атақ берді. «Бинго» компаниясын қазақ тілін қорлағаны үшін бір топ азаматтар сотқа бердік. Екі-үш ай бойы үздіксіз шайқастық. «Ана тілі– рэкетир газет» деп орыс газеттерінде, телеарналарында мәлімдеген компания президенті бізді лауазымды орындағы адамдар арқылы тұқыртқысы келді. Қайтпадық. Ақыры жеңдік. Компания кешірім сұрап, «Бинго» билетіндегі қателіктерін жөндеді. 
Дұрыс айтасың, «Қазақстан ZAMAN» газетінде осы үрдіс жалғасты. Ұлттық мүдде, ел мұң-мұқтажы үшін талай аузын айға білеген дәулермен шайқастық. Олар бізді де сотқа берді. Көп мәңгүрттер мен көзқамандар тілдің, қазақтың, қарашаның киесі барын білмейді. Білсе ғой, шіркін! Жалпы мен кабинетшіл, ұлттық мүддені, ел мұң-мұқтажын қорғамайтын әріптестерімді журналистер деп есептемеймін!
– Бір көрген жанды жатырқамай, емін-еркін тіл табысып кетесің. Сенімен араласқанда азаматтардың бәрі «аузын ашса жүрегі көрінетін жігіт» деп мақтайды. Мінезің кімге тартқан?
– Өзімді біреу мақтаса қатты ыңғайсызданамын. Қазір де қатты ыңғайсыз күй кешіп отырмын. Көкем Айғали, анам Жұмагүл де қарапайым жандар болды. Қазақтың қонақжай, аңқылдақ мінездері мен үшін дүниедегі  екі асыл осы жанда да бар. Көкем жалғыз өзі отырып шай іше алмайтын кісі. Көшеде мүсәпір жандарды көрсе үйге әкеліп тамақтандырып, киіндіріп жібергенін талай көрдім. Анам марқұм айтатын: «Балам, қаншама лауазымды қызметтерде жүрсең де кішіпейілдігіңді жоғалтпа! Кішіпейілдігі, имандылығы жоғалған адам ол адам емес!» дейтін. Көкем бір ғасыр жасап өмірден озса да, қария айтқан халық аузындағы әңгімелерді әлі күнге ұмытқан жоқпын. Бәлкім жазушы болып қалыптасуыма әкемнің әңгімелері әсер етсе керек.
– Жарыңмен таныстыра кетсең. Ол кісі де журналист па? Қалай таныстыңдар?
– Мені тағдырым екі рет үйленуге нәсіп етіпті. Бірінші отбасымнан бір ұл, бір қыз бар. Шүкір! Немерелерім, жиендерім «ата!» деп алдыңнан жүгіріп шыққанда алпыс екі тамырым иіп сала береді. Енді қателеспейінші деп Қыз Жібегін іздеген Төлегендей асықпай екінші өмірлік қосағымды іздеп таптым. Екінші жарымның аты Шаргүл. Журналист-баспагер. Бір жағынан әңгімелер де жазады. Бұл отбасымнан шүкіршілік Аллам тағы да бір ұл, бір қыз берді. Үлкені Нұржан Шет тілдер университетінің екінші курсында, қызым Аружан сегізінші сыныпта оқиды. Алпыс төртке келсем де екінші тынысым ашылып, жас отбасы атанып жүрмін. Бұл кенжелер «керегі жоқ» десем де жазуға құлшынып тұрады. Егер айтқандарымнан қайтпаса «Алла алдынан жарылқасын» деп батамды берем де.
 – Бос уақытыңда не істейсің?
– Бос уақытым жоқ десе де болады. Спортпен айналысамын. Отбасымыздың барлық мүшесінде бір-бір велосипед бар. Қолымыз қалт етсе жүйткіп стадионға, табиғат аясына асығамыз. Саламатты өмір әрбір отбасыға ауадай қажет. Намаз оқу да, ораза ұстау да әрбір жанның ұстанар туы болса деп армандаймын. Ең зор да асқақ арманым ұлтымның жан-жақтан анталаған алып мемлекеттердің жемі болып кетпеуі, Алладан шын жүректен тілейтінім де осы!
                                                                      Сұхбаттасқан Бейбітбек Бүркітбайұлы,
ҚР ақпарат саласының үздігі, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.
Қызылорда   

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 сәуір 2017 г. 1 243 0