Қазақ елі аяқ басқан бесінші тарихи дәуірдегі рухани жаңғыртуды жан-жақты байыптаған мақалада қайта түлеудің екі маңызды процесін - саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды атап өтеді, деп мәлім етті М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанов Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласына орай пікірінде.
«Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол - әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деп бағамдаған Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы межелі мақсатқа жету жолындағы негізгі міндеттер мен басты бағыттарды да белгілеп көрсеткен», деп жазады Уәлихан Қалижанов «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған мақаласында.
Осы міндеттер аясында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің жетекшілігімен «Мәңгілік Ел» гуманитарлық тұғырнамасы ғылыми бағдарламасы даярлады. Жұмысшы тобының барлық отырыстарын министрдің өзі жүргізіп, сан-алуан ғылыми пікірталас болған.
«Нәтижесінде жобаны жүзеге асыру механизмдері айқындалды. Жоба Ұлттық ғылыми кеңес тарапынан бірнеше мәрте сараптамадан өтіп, қолдау тапты. Кейбір түсіністік таппаған баптар бойынша мәмілеге келу әлі де қажет болар. Президент «Қазақ елінің Ұлттық Идеясы - Мәңгілік Ел» деп атап көрсетті. Ендеше, ұлы мақсаттарға ұлттың темір білегі, халықтың ыстық жүрегі, ғалымның терең білімі керек. Елбасы айтқандай, «Мәдени мұра», «Халық - тарих толқынында» атты мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы қамтамасыз етілді. Енді не істеу керек? Еуразия құрлығында бес жарым ғасырлық тарихы бар Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті осындай күрмеуі қиын сауалдар айналасында толғана отырып, тиянақты шешімдерді де өзі ұсынады. Алдағы «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады». Рухани жады мықты, әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас Ұлт болып, болашаққа қалай қадам басып, бұқаралық сананы қалай өзгертуіміз керек?!.
Міне, Н.Ә.Назарбаев осы сауалдарға жауап іздейді және ол жолды көрсетеді. Биік сана мен тарихи танымға негізделген мақалада ұлттық жаңғыру үшін ірі-ірі бағыттарды жүзеге асыру міндеті тұрғанын ескертеді.
Мәселен, мақаланың «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» бөлімінде 1. Бәсекеге қабілеттілік; 2. Прагматизм; 3. Ұлттық бірегейлікті сақтау; 4. Білімнің салтанат құруы; 5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы; 6. Сананың ашықтығы сынды мазмұндас, идеялас басым бағыттарды атаған. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ойтүзер мақаласының «Таяу жылдардағы міндеттер» деп аталатын ІІ бөлімінде, атауына сәйкес, ұлттық жаңғыру жолында жүзеге асуы тиіс бірнеше міндеттер алға қойылады. Мақаланың екінші бөлімінде атап көрсетілгеніндей, алдағы уақытта қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атауымен жаңа жобаны қолға алу міндеті тұр. 2018-2019 оқу жылында отандық студенттер филология, философия, саясаттану, мәдениеттану, психология сынды ғылым салалары бойынша дүние жүзінің ең таңдаулы, үздік, әбден сыни сүзгіден өткен оқулықтарымен оқи бастауы тиіс. Ол үшін 2017 жылдан бастап Ұлттық аударма бюроларын қалыптастырып, үздік аудармашы мамандар тәржімамен айналыса бастауы керек. Осы уақытқа дейін рухани салада сан алуан классикалық мәдениет үлгілері жасалғаны айқын.
Алайда, баға жетпес үздік туындыларды өз ішімізде жоғары деңгейде танып, насихаттағанымызбен, әлем халқы бейхабар қалып келеді. Аталған мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлы Мәңгілік Елді дүние жүзіне таныта алатын әдеби, мәдени жауһарларды сұрыптап, оны өзге елдерге таныту мақсатын алға қойып отыр. Осы жолда «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сынды мәдени жобаларды ұсынып, елдің рухани жәдігерлерін сақтап, насихаттау міндеті туындайды. Қазақстанның «Киелі жерлерінің географиясын» жасау елтаным ғана емес, мәдени-тарихи орындарымыздың көркеюіне, туризмнің дамуына жол ашатыны сөзсіз. Ал «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы ұлттық әдебиетіміз бен өнеріміздің озық үлгілерін зерттеуге, жариялауға мүмкіндік береді. Жақында ғана британдық «The Independent» басылымы 197 елдің әдебиетшілері кірген әлемнің әдеби картасын жариялады. Қазақстаннан Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» роман-эпопеясымен осы әдеби картаға еніп отыр.
Сондықтан да «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына заманымыздың сөзін айтып жүрген қайраткерлер мен әдебиет пен өнердің озық тұлғалары туралы зерттеулер жасау қажет.
Мұны ҰҒА, Қазақстан Жазушылар одағы, басқа да шығармашылық одақтармен бірлесе отырып, әуелі тізімдеп, сонан соң жариялауға болады. Гуманитарлық ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарының «Ұлы Дала тұлғалары» сериясын жазудағы тәжірибесі бар. Сондықтан да бұл жобаны жүзеге асыру қиынға соқпайды. Қорыта келгенде, жаһанданудың дендеген кезеңі - ХХІ ғасырда ұлттық құндылықтар мәселесін гуманитарлық ғылымдар саласында қолға алу басты трендке айналып отыр. Экономика, саясат, мәдениет, технология салаларын тұтас дамыту реформалары салтанат құрған өркениет дәуірінде жаһандану нәтижесінде ұлттық бірегейлік пен этностық бірізділіктің жойылып, жұтылып кету қаупінің алдын алу процесі үзбей жүргізілуі тиіс. Сонда ғана ұлттың әдеби, мәдени, тарихи үлгілері барынша әлемдік деңгейде насихатталып, көрсетілетін болады. Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жаңа көзқарастарға негізделген бағдарламалық мақаласы осындай ұлттық жаңғыруға жол салады. Және ол ХХІ ғасырдағы қазақ қоғамының санасына жаңа сілкініс әкелген құбылыс болып табылады», - дейді М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанов.