Соңғы жылдары қала құшағы алып құрылыс алаңына айналды. Өңірде бой көтерген жаңа нысандар аймақ ажарын айқындай түсті. Биыл да осы дәстүр жалғасын тауып, Сыр өңірінде зәулім ғимарат пен көпқабатты тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Наурыз айының өзінде Демесінов көшесінің -бойында көпқабатты 4 үйдің іргетасы қаланды. Аталған нысанның жалпы -ауданы 15,6 мың шаршы метрді құрайды. «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ желісі арқылы салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерге 2 млрд 637,1 млн теңге қаржы бөлінді. Тиісті қаражатқа бүгінде «Бақ-Береке-2030» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Серіктестік ұжымы 6 шілдеге дейін барлық жұмысты аяқтауды жоспарлап отыр. Нысан пайдалануға берілген күні үй кезегінде тұрған 230 отбасы баспаналы болады. Құрылысы қарқынды жүріп жатқан бұл аумақтың алдағы уақытта өз алдына шағын бір аудан болары сөзсіз.
«Тәуелсіздік» даңғылының бойындағы 2 гектар жер жеке адамдарға сатылмай, облыс әкімдігінің ықпалымен сақталып қалды. Себебі, мұнда аймақ ажарын айшықтайтын жаңа нысандар салу жоспарланған. Егер көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы жүргізіліп жатқан 2 гектар жер жеке азаматтар атында болған жағдайда жарты млрд теңгеден астам қаражат тек жер телімін сатып алуға жұмсалар еді. Мұндай жағдайда қисапсыз шығын сатылатын пәтер бағасының шарықтап кетуіне әсерін тигізері белгілі.
Бұл көпқабатты үйлер сол жағалауға шығар үлкен көпірге жақын. «Бақ-Береке-2030» ЖШС прорабы Серік Қуандықұлының айтуынша, техникалық тапсырмаға сәйкес мұндағы әрбір пәтер екі немесе үш бөлмеден тұрады. Көпқабатты үйлердің жобасы да, кескін-келбеті де өзгеше болмақ.
– Бас мердігер және қосымша инвестор – «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ. Ал, біз өз күшімізбен 50 және 60 пәтерлік екі көпқабатты үйдің құрылысын саламыз. 60 пәтерлік тағы екі көпқабатты үйді біздің әріптестеріміз – «Асар Құрылыс» ЖШС мен «Азия даму» компаниясы жүргізуде. «Жаппасбай батыр» көшесінде қазір 170 пәтерлік үйдің құрылысын аяқтап қалдық. Бұған дейін «Сәулет» және «Шұғыла» шағын аудандарында 50 пәтерлі тұрғын үй салдық. Бұған қоса, бұрынғы СПМК-70 аумағында 60 пәтерлік тұрғын үйдің іргетасын қаладық. Осындағы 4 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтасақ, сол жағалауға бет бұрамыз, – дейді Серік Қуандықұлы.
Мұнда әр подъезде орта есеппен 15 тас қалаушы жұмыс жасайды. Серік Қуандықұлы тәрізді білікті маман, кәнігі құрылысшылардың сапалы жұмыс жасап жатқанын құрылыс алаңындағы ілкімді істерден айқын аңғарасыз. Техникаларға келер болсақ, 15 кран бір уақытта жұмыс жасауда. Құрылыс материалдарынан да тапшылық байқалмайды. Төзімділігі жоғары қызыл кірпіш Көкшетау қаласынан жеткізілуде. Ал темір-бетон бұйымдары, терезе және есікүсті маңдайшалары, іргетас блоктары және баспалдақ жабдықтарымен компания серіктесі «Құрылыс» АҚ қамтамасыз етуде.
Жалпы, Сыр елінде мұндай компаниялар өте көп. Мәселен, дайын қабырға өнімдерін әзірлейтін арнайы зауыт бар. Демек, біздің бұл салада үлкен бәсеке қалыптасқан. Бәсеке болған жерде сапа болады. Сапа болған жерде даму да бар. Жергілікті өнім өндірушілердің қабырғаны қабаттап, жылылығын сақтап тұратын жабдықтары мұндағы құрылыс сапасын жақсартары сөзсіз. Бұйыртса, құрышқолды құрылысшыларымыздың қажырлы еңбегі шілде айында көпшіліктің қуанышына айналады.