СЫР САХНАГЕРЛЕРІНІҢ ӨНЕРІМЕН СУСЫНДАДЫ

СЫР САХНАГЕРЛЕРІНІҢ ӨНЕРІМЕН СУСЫНДАДЫҚазақстан мен Әзірбайжан елдерінің дипломатиялық қарым-қатынастарына 25 жыл толуына сәйкес үстіміздегі жылдың 12-15 сәуірі аралығында  Әзірбайжан елінде Қызылорда облысының мәдениеті мен өнері күндері өтті. Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының ұжымы Әзірбайжанның ақын, жазушы-драматургы, қоғам қайраткері, философ Мирза Фатали Ахундовтың «Кетпейсің! Болды, кетпейсің…»  комедиясын  Баку және Шеки қаласының көрермендеріне ұсынды. 
Спектакль басталмас бұрын  Баку төрінде орналасқан Самед Вургун атындағы Әзірбайжан Мемлекеттік орыс драма театрының белді артистері  мен Сыр сахнагерлері арасында кездесу өтті. Оған театрымыздың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Х.Әмір-Темір, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Б.Алпысбай, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегерлері З.Төлепова, Б.Темірбеков, артистер Қ.Архабаев, З.Сайпи, М.Әбішева қатысты. 
Бүгінде 97 жылдық тарихы бар орыс театрынан нақ осы спектакльде басты рольдерде ойнаған халық артистері  Мабуд Магеррамов,  Сафа Мирзагасанов,  Әзербайжанның еңбек сіңірген артистері Наталья Шаровская, Фуад Османовтар  қатысты. Кездесу барысында  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Х.Әмір-Темір мен Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Б.Алпысбай Қазақстан театр өнерінің  қазіргі  хал-ахуалы, сан-сапасы, оның ішінде  Қызылорда  театрының  тарихы,  репертуары, шығармашылық ұжымы жайлы сыр шертті. Алдағы уақытта Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі белсенді жалғастыру қажеттілігін атап айтып, Әзірбайжанда өтетін фестивальдерге театрды  арнайы шақыратындарын,  шығармашылық - һәм рухани байланыс орнатқысы келетіндерін ілтипатпен жеткізді. 
Қойылым режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген артисі М.Ахманов шығарманың көркемдік-идеялық мазмұнын, автордың бейнелеу ерекшелігін жете түсініп, спектакльде әзірбайжандық салт-дәстүрді, әрбір бейненің ұлттық мінез-құлықтарын, іс-қимылдарын дөп басып,  артистердің баяу-нақышын сақтай отырып, еркін ойнауына мүмкіндік берген. Басты рольдердегі Б.Алпысбай, З.Төлепова, Б.Темірбековтердің ойнау ерекшеліктері спектакльдің комедиялық сипатын одан әрі жандандырып, тамаша актерлік ансамбльдың кәсібилігін көрсетті. 
Сонымен қатар, спектакльге қатысқан  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ү.Бегімова, К.Әбжанова, мәдениет қайраткері А.Артықбаева, «Мәдениет саласының үзідігі» төсбелгісінің иегері А.Байдалиева, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Қ.Айтжанова, артистер М.Пұшпақова, Н.Шыналиев, З.Көздібаева, Ұ.Баймаханов,   А.Көшімбаев,  Е.Асанов,  Д.Сабыров, М.Әбішева, Т.Әжімұратовтар  сахналық табысқа толы образдар жасап, шығармашылық  ізденіс жолындағы оң нәтижелерді көрсетті. 
Спектакльді Қазақстан Республикасының Әзірбайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Исабаев  келіп тамашалады. Сондай-ақ, сол елде тұрып жатқан қандастарымыз спектакльден соң Қазақстандық бауырлармен қауышып, спектакльден алған әсерлерімен бөлісті.  
Театр ұжымының гастрольдік сапары әрі қарай Әзірбайжан елінің көне қалаларының бірі Шеки қаласында жалғасын тапты 1300 жылдық тарихы бар бұл қала біздің театр сахналаған шығарманың авторы Мирза Фатали  Ахундовтың туған жері екен. Аталмыш қалада жазушының балалық шағы өткен үй қазіргі таңда М.Ф.Ахундов атындағы мұражай болып қалыптасқан. Сондықтан автордың туған өлкесінде өнер көрсету – біздің ұжым үшін үлкен жауапкершілік пен сын сағаты болып есептелді. Спектакль Сәбит Рахман атындағы Шеки Мемлекеттік драма театрының сахнасында қойылды. Қойылымға көрермендермен бірге Шеки қаласы әкімінің орынбасары Зарина Джавадова, жергілікті мәдениет және туризм басқармасының басшысы Мирвари Зейналова, Қазақстанның Әзірбайжандағы елшілік кеңесшісі Дархан Көшербаев және аталмыш театрдың директоры Хикмет Набили мен Әзірбайжанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Мирбала Салимли, театр және кино майталмандары қатысты. Спектакльден соң, сахна төріне театр директоры Х.Набили шығып, ұжымға үлкен алғысын жаудырып, сый-құрмет көрсетті. 
 Әзірбайжандық өнер қайраткерлерінің пікірінше, спектакль жоғары шеберлігімен және сахнаның ұлттық дәстүріндегі әдептілігімен жергілікті  қауымның ортасында үлкен бағаға ие болды. Осындай бағалау – Қазақстан театр өнерінің жоғары деңгейде екенін, ұжым еңбегінің нәтижелі және сәтті гастрольдік сапар болып өткендігінің дәлелі болып табылады.
 
СЫР САХНАГЕРЛЕРІНІҢ ӨНЕРІМЕН СУСЫНДАДЫ
СЫР САХНАГЕРЛЕРІНІҢ ӨНЕРІМЕН СУСЫНДАДЫ  

Ұлбосын ҚЫЛЫШБАЕВА,
театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі, 
театртанушы

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 сәуір 2017 г. 567 0