Өткен сенбіде аймақта «Centre Nova Diagnostic» компаниясының медициналық орта¬лығы ашылды. Осыған дейін шағын ғимаратта жұмыс жасап келген клиника ұжымы бұдан былай А.Байтұрсынов көшесінің бойында орналасқан орталықта науқастарға сапалы қызмет етеді. Медициналық орталықтың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов «Centre Nova Diagnostic» компаниясының аймақта 7 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқанын атап өтіп, мұндағы ақ халатты абзал жандарға сәттілік тіледі.
– Баршаңызды денсаулық саласын нығайтуға бағытталған әлеуметтік нысанның ашылу салтанатымен құттықтаймын. Жалпы аймақта аталған саланы жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Облыс әкімінің қолдауымен соңғы 3 жылда денсаулық сақтау саласының бюджеті 9 млрд теңгеге өсті. Осыдан-ақ, бұл салаға бөлінетін қаражат көлемінің артып келе жатқанына көз жеткізуге болады. Бүгін көпшіліктің қуанышына айналған жаңа нысанның өзіне 800 млн теңге инвестиция тартылды. Елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамып келе жатқаны баршамыз үшін тиімді. Себебі, бұл бағыттағы атқарылатын жұмыстар екі жаққа бірдей жауапкершілік жүктейді. Жалпы «Centre Nova Diagnostic» компаниясы аймақта тек бүгін ғана емес, біраз жылдан бері сапалы жұмыс жасап келеді. Клиника ұжымының алдағы уақытта да тұрғындар талабына сай қызмет көрсететініне сенім артамын және сәттілік тілеймін, – деді Р.Рүстемов.
«Centre Nova Diagnostic» компаниясы алғаш рет Сыр елінде 2010 жылы құрылған болатын. 7 жылда 100 мыңнан астам адамға сапалы қызмет көрсеткен орталық медициналық-диагностикалық қызмет көр¬сету саласында тәжірибелі жұмыс жасап келеді. Еліміз бойынша алғаш рет Сыр өңірінде жұмысын бастаған компанияның бүгінде Өскемен, Семей, Талдықорған, Жезқазған, Екібастұз, Қостанай және Алматы қалала¬рында филиалы тұтынушылар талабына сай қызмет көрсетеді.
– Біз компаниямыздың барлық аймақтағы нысан¬дарында қауіпсіздік пен сапалы қызмет ету ере¬желерін қатаң сақтап келеміз. Тұтынушылар талабына сай көрсетілетін қызметтің сапалы болуы тек дәрігерлердің біліктілігіне ғана емес, заманауи диагностикалық жабдықтарға да тікелей байланысты, атап айтканда: 1.5T GE МРТ аппараты, экспертті санаттағы «VOLUSON» УДЗ аппараты, сандық рентген аппараты қазіргі таңда іске қосылды – деді «Centre Nova Diagnostic» медициналық орталығының директоры Ғалымжан Шабдаров.
Ашылу салтанатынан соң облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова жаңа орталықта орналасқан арнайы құрал-жабдықтар жұмысы¬мен танысты. Айта кетейік, әлеуметтік нысан 30 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.