Өткен аптада облыстық ішкі саясат басқарма¬сының ұйымдастыруымен Жалағаш ауданыңда баспасөз туры өтті. Онда журналистер өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктің бүгінгі даму қарқынымен танысып, ізкер азаматтармен тілдесті.
Алдымен, БАҚ өкілдері Мәдениет ауылындағы «Тюрешова» шаруа қожалығында болды. Төрт түліктің бабын білген мұндағы тұрғындар мал басын көбейтіп ғана қоймай ет, сүт өнімдерін де нарыққа молынан шығара бастапты. Оған мүмкіндік берген мемлекеттік бағдарламаларға шаруа басындағы ағайындар дән риза.
Атакәсіпті қайда дамытуға ниет білдірген шаруашылық иесі Қалдыгүл Тюрешова 2005 жылы қолда бар малымен шаруашылық құрып, ет бағытында жұмыс жасай бастады. Мал асылданбай, өнім молаймайтынын білген кәсіпкер 2011 жылы «Агронесие корпорациясы» АҚ облыстық ¬филиалы арқылы 7,9 млн теңге несие алады. Қаржыны 2 бас асылтұқымды бұқа мен 48 бас аналық сиыр алуға жұмсайды. Бүгінгі күнде мұндағы төлін қоспағанда аналық сиырдың саны 132 басқа жеткен.
– Мемлекет тарапынан кәсіпкерлердің санын арттырып, мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл шаруашылықтың жобасын жүзеге асырған «Агронесие корпорациясы» АҚ арқылы көптеген азаматтар мал басын көбейтуге мүмкіндік алды. Соның игілігін көргендердің қатарында осы шаруашылық та бар. Қазіргі таңда ет және сүт өнімдерін өндіру бағытында жұмыс жасаудамыз. Бүгінгі таңда мал ұстайтын қораларды жаңартып, жем-шөп егу қамына кірісіп кеттік, – деген шаруа басындағы Болат Құсбеков ондағы сауыншылар күніне 150-180 литр сүт алатындығын айтты. Бұл сүт өнімдері тұтынушыларға сауда орындары арқылы жеткізіледі.
Ірі қара сиырларды күтіп-баптаудың өзі тынымсыз тірлік пен мол жауапкершілікті қажет етеді. Айта кетейік, бұл жеке қожалығы мал азығына қажетті жем-шөпті өзі өндіреді. Қазіргі таңда онда 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы жоспарлары жүзеге асса, ет өнімінің көлемі өсіп, жұмысшы азаматтардың қатары көбеймек.
Мұнан соң журналистер аудан орта¬лы¬ғындағы «Қанатбаева» ШҚ жұмысымен таныс¬ты. Кәсіпкер Күлпәш Қанатбаева ұзақ жылдан бері төрт түлік өнімдерін нарыққа шығарып, аудан халқының қажеттілігін өтеуде. Бүгінгі таңда ол «Сыбаға» бағдарламасы аясында кенттің батыс жағында орналасқан «Серпін» өндірістік аймағынан мал базары мен мал сою бекетін ашып, ел игілігіне ұсынды.
Айта кетейік, кент ішінен ашылған мал базар әр жексенбі күні халыққа қызмет көрсетеді. Ең тиімдісі сол, төрт түлікті саудаға шығарған тұлғаларға базар иесінен салық талап етілмейді. Кәсіпкер Қ.Қанатбаеваның айтуынша, алдағы уақытта бұл жерге асхана, басқа да қызмет көрсету орындарын салу жоспарда бар.
Бұл шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы, «Агронесие корпорациясы» арқылы қол жеткізген 8,5 млн теңге қаржыға 2 бас асылтұқымды бұқа, 47 бас аналық сиыр алған. Кәсіпті оңтайлы ұйымдастыру нәтижесінде өткен жылы мал санын бірнеше есеге ұлғайтты. Қазіргі таңда малды асылдандыру, бордақылау бағытында жұмыс жасауда. Нәтижесінде, аудандағы балабақшалар мен мектептерді және жазғы ты¬нығу лагеріндегі асхананы етпен қамтамасыз етіп отыр.
Баспасөз туры барысында өзін-өзі жұмыспен қамту аясында 2009 жылы отбасылық кәсіпті бастаған Узбаевтардың «НҰРПЛАСТ» цехының жұмысымен де таныстық. Кәсіпті бастауда алғашында біршама қиындықтар болғанымен, бүгінгі таңда заманауи үлгідегі есік-терезені тұтынушы тал¬ғамына сай дайындау жұмыстарын оңтайлы жүргізіп келеді.
Қазіргі таңда мұнда отбасы мүшелерінен бөлек 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер Нұржан Узбаев мемлекеттік бағдарлама бойынша 2 млн теңге несие алып, ол қаржыға цехтағы құрал-жабдықтар жаңартылғанын айтады. Тұрғындардың қажеттілігін орындап, адал еңбектің қайырымы мол екенін ұғына білген цех иесі алдағы уақытта басқа да кәсіп көздерін ашуды жоспарлауда.
Ал кент іргесінде орналасқан «Несібе» техникалық қыз¬мет көрсету орталығы толығымен жеке қаражат есебі¬нен салынған. Заманауи техникалық құралдарымен жабдық¬талған нысанда 3 көлік жуу, 2 техникалық көмек көрсету, 1 желімдеу, 1 автобөлшектер дүкені және 1 азық-түлік дүкені жұмыс жасайды. Кейін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының бірінші бағыты аясында несие алып, ол қаржыға құрылғыларды жаңартқан.
Ең бастысы, ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орны да табылды. Яғни, орталық директоры Аманжол Қауымбаев ауылдың 8 азаматын жұмыспен қамтып отыр. «Ауылын көріп, азаматын таны» деген емес пе?! Бұл ғимарат бір жағынан ауылға сән берсе, екінші жағынан аудан бюджетіне салық түсіріп, әлеуметтік-экономикалық ¬дамуына үлес қосты, жұмыссыз жастар үшін жаңа жұмыс орындары ашылды. Бүгінде кәсіппен айналысамын деушілер үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
Аймақ экономикасының негізгі тірегі бо¬лып саналатын ауыл шаруашылығы саласы Сыр өңірінде көш ілгері дамуда. Жала¬ғаш ауданында да игілікті шаралар легі қар¬қын алып, мемлекет ұсынған гранттар мен жеңіл¬детілген несиелер аясында кәсіпкерлікке бет бұрған тұр¬ғындар қатары жыл санап артып келеді. Баспасөз турында болған журналистердің пікірі осыған саяды.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.
Жалағаш ауданы.