Кәсібін сүйген Айкенже

Кәсібін сүйген АйкенжеКәсіпкерлік қарқын алған кез келген мемлекеттің экономикасы жақсара түсетіні сөзсіз. Оны өндіріс саласы дамыған елдерден байқап та жүрміз. Біздің еліміз де кәсіпкерліктің дамуына мүдделі. Сондықтан, мемлекетіміз жыл сайын аталған саланы дамыту мақсатында түрлі бағдарламалар ұсынуда. Жалпы кәсіпкерлерді қолдау мен олардың құқығын қорғау мақсатында Сыр елінде де ауқымды жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде, жергілікті кәсіпкерлер қатары артып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, өз ісін жүргізіп отырған кәсіпкерлердің бірі – Айкенже Мұханова.
Осыдан үш жыл бұрын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның облыстық филиалы мамандарынан мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі жайында кеңес алған Айкенже Мұханова кәсіп ашуға бел буады. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие рәсімдеп, жолдасы екеуі «Сердце Томирис» балабақшасын ашты. Кәсіпкер отбасындағы үш баланы бірдей балабақшаға орналастыру кезінде өз идеясын жүзеге асыруды жоспарлайды. Бизнесте  тәжірибесі жоқ болса да, кәсіп ашсам деген ынтасы бар жеке кәсіпкер  тез арада жұмысын ойдағыдай жүргізіп кетті. 
18 млн теңге несие рәсімдеген Айкенже тиісті қаражатқа балабақшаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Бүгінде 14 пайыздық үстеменің 7 пайызын кәсіпкер өзі өтесе, қалған 7 пайызын субсидиялау арқылы мемлекет төлеп отыр. Бүгінде 30 маманды жұмыспен қамтып отырған балабақшада 3 пен 6 жас аралығында 100 бала тәрбиеленуде. Жалпы мұнда балаларға да, тәрбиешілерге де барлық жағдай жасалған. Тіпті тасымалдау жағынан қиналатын ата-аналар сәбиі үшін де арнайы көліктер жұмыс жасайды. «Балапан» бағдарламасымен кәсібін дөңгелентіп отырған Айкенже Мұханова бүгінде кәсіппен айналысамын деушілерге мемлекет барлық жағдай жасап отырғанын айтты.
– Жалпы мен кәсібімді жаңадан бастағанымда әрі қарай алып кете аламын ба деген сенімсіздеу ой болды. Бірақ тиімді бағдарламалардың арқасында жұмысымның жемісін көріп отырмын. Қазір кәсіп ашамын деушілерге барлық жағдай жасалған. Тіпті шағын кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге берілетін несие көлемін 16 млн теңгеге дейін ұлғайтты. Сонымен қатар, қайтарымсыз несие де жыл сайын берілуде. Кәсіпкерлерді қолдауға келгенде, әсіресе біздің аймақта ауқымды істердің атқарылып жатқанына көзім жетті, – дейді А.Мұханова.
Айкенже балабақша қызметімен шектелмей, басқа да кәсіп көзін іздеді. Оған «Даму» қорының мамандары «Damu Start-up» бағдарламасы арқылы несие рәсімдеуге кеңес береді. Сөйтіп қордың 70 пайыз кепілдендіруі арқасында  наубайхана құрылысына 20 млн теңге несие рәсімдеді. Нәтижесінде, кондитерлік өнімдер әзірлейтін арнайы құрал-жабдықтар сатып алды. 5 жылға 14 пайызбен алынған несиенің 7 пайызын өтеуді мемлекет мойнына алған.   
– Бастапқыда өндіріс нысанының ашылғанына бір ай толмаса да, жұмысымыз қарқынды жүріп жатты. Үш жылдан бері тұтынушыға тәулік бойы қызмет көрсетіп келеміз. Әрине, бірінші кезекте сапалы әрі дәмді өнім шығару – басты мақсат. Наубайхана кішігірім болса да, кәсіпорында кондитерлік өнімнің бірнеше түрін әзірлейтін нағыз білікті мамандар жұмыс жасайды. Қазір өндіріс орны 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта наубайхана ішінен кондитерлік өнімдердің басқа да түрлерін шығарып, жұмыс өнімділігін арттыруды қолға аламыз. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға өз септігін тигізеді. Кезінде балабақшаны іске қосқанда кәсіпкерлік тәжірибе аз еді. Бірақ бізде табысқа жетуіміз тиіс деген табандылық болды. Жұмыс беруші ретінде отбасың мен қарамағыңдағы қызметкерлеріңнің алдында үлкен жауапкершілікті арқалайсың. Бұл – бизнестегі басты қағида, – дейді Айкенже Мұханова.
Жеке кәсіпкердің идеясы мол. Оны «Даму» қоры ерекше атап өтті. Табысты кәсіпкердің айтуынша, кәсіпкерлік әлеуетті арттыру мен бизнесті дамытудың жаңа модельдерін үйрететін оқыту семинар-тренингтеріне қатысуы өз пайдасын тигізген. «Іскерлік байланыстар» жобасына қатысу арқылы  бизнесмендердің тәжірибелерімен алмасты. Сонымен қатар, «Аға сеньорлар» компоненті аясында Айкенже Мұханова Канададан  сарапшы шақыртып, балабақша персоналын оқыту арқылы біліктіліктерін арттырды.
 
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 сәуір 2017 г. 990 0