СУБСИДИЯ КІМГЕ ТИЕСІЛІ?

СУБСИДИЯ КІМГЕ ТИЕСІЛІ?Қазақта «Егіншіні кетпеннің жүзі асырайды» деген тәмсіл бар. Көктемгі қарекетке кіріскен елдегілер тіршілігі осыны еске түсіреді. Сыр диқандары көктемгі дала жұмыстарына кірісті. Қазір жер жырту, топырақ тегістеу және тұқым дайындау жұмыстары қызу жүргізілуде. Қызылордалық шаруалар биыл 160 мың гектар алқапқа егін екпек. Оның 78 мың гектары өңірдің басты дақылы – күрішке тиесілі. Диқандар негізінен ресейлік сұрыптарды таңдап отыр. Биыл жергілікті ғалымдар өндірістік сынақтан өткізген «Айсәуле» тұқымы да егіледі. Жаңа күріш тұқымының шығымдылығы мен дәмдік қасиеті көңілден шықса, жаппай қолданысқа енгізіледі. 
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Омархан Пәшкеновтің айтуынша, бақша, картоп дақылдарына биыл субсидия төленбейді. «Облыста басымдыққа ие дақылдарға келетін болсақ, мысалы, күріш, сол сияқты биыл егілген жоңышқа, жүгері, содан кейін майлы дақылдардың барлығына, жылыжайда өсірілген, қорғалған топырақта өсірілген ауыл шаруашылығы дақылдарына ғана субсидия төленеді», - деді. 
Бүгінде көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген 16 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Аймақтағы арық-атыз, су арналары аршылып, гидроқұрылғылар қалпына келтірілді. Соқа-кетпені сайлаулы Сыр диқандары сәуірдің ортасынан ауа дән себуді бастайды.
Қызылорда қаласына қарасты ауылдар мен кенттерде егін саласына басымдық берілуде. Биыл қала іргесіндегі Белкөл қыстағында 100 гектар жерге ауыл шаруашылық дақыл¬дарын орналастыру жос¬парланған. Онда тамшылатып суару технологиясы кәдеге жаратылады. Жалпы, қала бойынша 16 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Оған 75 майда шаруа қожалығы біріктірілген. 

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 сәуір 2017 г. 761 0