Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Қыркеңсе аулында тұратын Әбсаттар Мырзабековтің үш әйелі бар. Үш әйел де бақытты екендерін, күйеулерінің өздерін алаламайтындығын айтады, деп хабарлайды "Қамшы" ақпараттық агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.
58 жастағы Әбсаттар Мырзабековтің бірінші әйелі Шынар Өтеева күйеуінің екінші, үшінші әйел алуын өзі қолқалап, рұқсатын берген екен. Шынар Өтеева бұндай қадамға көлік апатына түсіп, баласы шетінеп кеткеннен кейін барғанын айтты. Өйткені сол апаттан кейін бала көтере алмайтын болып қалыпты. Ал ажырасуға ата-енесі де, күйеуі де қарсы болған.
«АПА», «ДӘУ МАМА» ЖӘНЕ «МАМА»
– Үшеуміздің ара-қатынасымыз жақсы. Екінші әйелі Фатимадан екі қыз бар. Үшінші әйелі Күләйханнан – төрт қыз. Қыздар есейіп, оқуға түскен соң екінші әйелі Фатиманы бір үй қылып қойдым. Олар Шымкентте тұрады. Әбсаттар Мырзабековтің бірінші әйелі Шынар Өтеева немересін ұстап отыр. Бірақ жазда бәріміз бірге тұрамыз, – деді. Шынар Өтеева күйеуінің үшінші әйелді алуға да ұлды болу арманы себеп болғанын айтады.
– Ал үшінші әйелді күйеуім ұлды болсын деп алып бергенмін. Араласып жүрген кісілерге қолқа салып, «бір қызыңызды бермейсіз бе?» деп айта беретінмін. Әке-шешесі «алам десең, ал бір қызымды» деп рұқсат берді. Егер ер адамдардың жағдайы келіп жатса, көп әйел алудың артықтығы жоқ секілді. Бір жаққа жол жүріп кеткенде, ауырып қалғанда үйде адам болады. Уайымдамайсың. Өткенде бес ай төсек тартып жатып қалғанда, екеуі асты-үстіме түсіп бақты. Балаларымыз мені «апа» дейді, екіншісі Фатиманы «дәу мама», ал кішісі Күләйханды «мама» дейді. Өзімізді бақытты санаймыз. Мен әйелден де, баладан да зиян көріп жатқан жоқпын, – дейді Шынар Өтеева. Сонымен қатар бір шаңырақ астында үш әйелдің ұрыс-керіссіз, тату-тәтті тұруы үшін, Шынар Өтееваның айтуынша, ер адам материалдық жағдайының жақсы болуымен қатар әйелдер арасындағы артық әңгімені тыңдамауы шарт. Фатима Бөрбекова, Әбсаттар Мырзабековтің екінші әйелі. Ол барлығы өз келісімімен іске асқандықтан араларында ұрыс-керіс, қызғаныш болмайтынын айтады. Екінші әйелі Фатима Бөрбекова да екі әйел алуды қолдайтын айтады. Оның айтуынша, күйеуіңнің материалдық жағдайы дұрыс болса, әйелдерін бір-бірінен бөле қарамаса, екінші әйелі болып тұруға болады. – Мен Жетісайда тұрғанмын. Сонда танысып, үйленгеннен кейін бір жыл сонда тұрдық. Ол маған бала керегін айтты. Мен келістім. Балалы болғаннан кейін Жаңақорғанға көшіп бардық. Мен Жетісайда тұра беретін шығармын деп ойлағанмын, бірақ күйеуіме екі жақта жүру қиын болды. Балаларымның да, менің де жағдайымды жасап отыр, – дейді.
«ӨМІРДЕ МҰНДАЙ АДАМ ЖОҚ»
Әбсаттар Мырзабеков қазір бірінші әйелі Шынар және үшінші әйелі Күләйханмен бір шаңырақ астында тұрады. Үшінші әйелі Күләйхан Құнаева күйеуінен 26 жас кіші. 21 жасында келген Күләйхан күйеуінің жасына қарамастан жақсы көргеннен кейін келісімін бергенін айтады. Оның айтуынша, өзін қалың малын төлеп алған. – Барлығы бала үшін келісімін берді ғой. Бәріміз бір үйде тұрамыз. Құда түсіп келгенде де бәрін білдім, сосын келісімімді бердім. Келісім беру қиын болған жоқ. Шынар енем сияқты. Материалдық жағдаймыз бірдей, ол жағынан ешкімді бөлмейді. Мен күйеуге 2000 жылдың аяғында шыққанмын. Күлайхан Құнаева, Әбсаттар Мырзабековтің үшінші әйелі. Ол кезде қалың малдың көлемі 60 мың теңге және 9 қара мал апарды. Алдымен күйеуім ұсыныс жасады. Күйеуімнің туысқандары қарсы болған жоқ деп ойлаймын. Алайда менің туысқандарымның ішінде ұрысқандары болды. Өзім ұнаттым жас айырмашылығына қарамастан. Ал ағайындар «қыздың өзі ұнатып тұрса, қарсылығымыз жоқ» деді. Бұл кісінің қандай екенін бәрі жақсы білетін. Өмірде мұндай адам жоқ деп ойлаймын, – деді Күләйхан Құнаева Азаттық тілшісіне. Күләйхан күйеуі төртінші әйел алуға ниет танытса, қарсы болмайтынын айтты.
ШАРИҒАТ ПЕН ЗАҢ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек ер адамға шариғат бойынша төрт әйел алуға рұқсат екенін айтады.
– Оның шарттары көп. Төрт әйел алатын адамның материалдың жағдайы да, жеке басының күш қуаты да келуі керек. Барлық әйеліне бірдей әділетті болуы шарт. Екінші әйел аламын деп отбасының берекесін кетіруге болмайды. Барлығы әйелдерінің келісімімен болуы шарт. Алайда Қазақстанда екі немесе одан да көп әйел алып некесін шариғат жолымен қидыратындар саусақпен санарлық, – деді.
Алматы қаласы Жетісу аудандық азаматтық хал актілерін жазу (АХАЖ) бөлімінің бастығы Жанна Халықова заң бойынша көп әйел алуға тыйым салынғанын айтты.
– Біз құқықтың мемлекет болғандықтан заң бойынша екі, үш әйел алуға тыйым салынған. Егер екінші рет азамат некеге тұрғысы келіп арыз берсе, онда тек бірінші әйелімен ажырасып барып қана арыз бере алады. Ал басқа әйелден баласы болса, тек баланың атына әкелікті анықтау туралы арыз толтырады. Ол тек баланы ғана мойындайды, – дейді АХАЖ бастығы.