Қоғам қайраткері Амангелді Айталы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөзде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына өз ойын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі жаһандану заманында көптеген мемлекеттер ұлттық құндылықтарына алаңдап отыр. Ағылшын тілінің қуаты, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының тасқыны өсіп тұрған жағдайда елдің ұлттық құндылығы, оның тағдыры қалай болады деген мәселе көптеген мемлекетті мазалайды. Соның бірі - біз. Құндылықтар дегеніміз ұлтты ұлт ететін қасиеттер. Президент өз мақаласында ұлттық рухани код туралы жазды. Бұл «қазақты қазақ ететін қандай құндылықтар, қандай мәдениеттің бағыттары» деген сөз. Біз тек тамағымыздың тоқтығына мәз болмай, рухымыздың күштілігіне, қадыр-қасиетіміздің молдығына бүгін мән беруіміз керек. Оның барлығы адамға келіп тіреледі. Адамға тек жұмыс күші, материалдық өндірісті, игіліктерді шығаратын тұлға деп емес, қоғамның маңызды күші, рухы биік тұлға, рухы биік қазақ, рухы биік Қазақстан мемлекетінің азаматы деп қарауымыз керек. Осы рухты қалай, қандай жолмен тәрбиелейміз деп Президент халықпен ақылдасып, өз ойымен бөлісіп отыр. Негізге мәні осында»,- деді қоғам қайраткері Амангелді Айталы.
Философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы әлемдік жаһандану кезінде қазақты ұлт ретінде сақтап қалатын бірнеше факторға тоқталды.
«Біріншіден, қазақтың тілі, екіншіден, қазақтың мұсылмандығы мен дәстүрі, қазақтың мол рухани байлығы. Сол рухани байлықты, құндылықты қазақтың бойына дарыту керек. Бірақ ұлттық құндылықтарымызды құрметтейміз деп ескінің бәрін насихаттай берудің қажеті жоқ. Біздің кәдемізге жарайтынын аламыз. Ұлттық құндылықты насихаттаймыз деп әлемдік өркениет құндылықтарынан бас тартпаймыз. Екіжақты да белгілі бір баланста ұстап, еліміздің мәдениетін, рухани бағытын ұстай білуіміз керек деп ойлаймын. Бұл туралы осы уақытқа дейін айтылды. «Мәдени мұра» бағдарламасы болды, бірқатар шаралар жасалды»,- деді Амангелді Айталы.