Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы Қазақстанның үшінші жаңғыруына серпін беретін жаңа идеяларға толы. Әсіресе, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар саласының өкілдері үшін жүктелетін міндеттерге берілген басымдық сала ғалымдарын серпілтіп тастағаны анық.
Мемлекет Басшысы ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы жаңғыртудың бірнеше бағытын ұсынды. Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық дамуы, сананың ашықтығына шақырған ойлар рухани жаңғырудың негізіне айналмақ.
Соңғы жиырма жыл көлемінде әлемдік қауымдастықта пайда болған ұлттық бәсекелестік түсінігі қарымды талдау мен саяси құралға айналды. Сондықтан экономикалық даму мен бәсекелестіктің заманауи жаһандану шарттарындағы ұлттық бәсекелестік құбылысы маңызды теориялық және тәжірибелік мәнге ие. Ұлттық бәсекелестіктің болмысы, көрсеткіші мен өлшемдері туралы мәселелердің теориялық шешімдері негізінде көптеген ел маңызды сұрақтарға жауап табуға тырысады, экономикалық өсім бағыттары мен мемлекеттік реттеу мүмкіндіктерін айқындайды. Бұл бағытта «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» бағдарламаларының маңыздылығы жоғары.
Прагматизмдегі ең басты ұғым ретінде танымның мәні мен тетіктерін түсіну саналады. Грекшеден «іс», «әрекет» деп аударылатын прагматизм ахуалға байланысты қимылдар құралдарымен санасып, тәжірибелік тәсілдерге сүйенеді. Ақиқат ұғымын түсіндіруде прагматизм өкілдері аксиологияға екпін бере отырып құндылықтарды сипаттайды. Табыс әкелетін, әрекеттерге қызмет ететін нәтижелер ақиқат ретінде бағаланып, бақ-берекеге әкеледі. Мақалада Елбасы өткен ғасырдың ортасында орын алған немқұрайлылықтарға мән беріп, реализм мен прагматизм таяу онжылдықтың ұраны болатынына сендіреді.
Адамзаттың қазіргі дамуын бақылау барысында халықтар, мемлекеттер, мәдениеттердің жақындасуы көрініс тауып отыр. Ертеректе әлемнің жекелеген елдері мен халықтары бір-бірінен оқшауланған еді. Бүгінде олар өзара терең байланыстарға түсті, барлығы бір-бірімен тығыз қатынаста. Әлемдік қауымдастықта мемлекеттер мен халықтардың саяси, мәдени, экономикалық және басқа да қатынастарын реттейтін халықаралық және аймақтық ұйымдар бар. Осы заманауи шарттарда ұлттық бірегейлікті сақтау үшін қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережесі дәйектелді: «Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек».
Мемлекетіміздің тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз етудің негізгі жүгі білім беру жүйесіне тиесілі. Бүгінгі күнде ХХІ ғасырдың көшбасшы мемлекеті болу білім берудің тиімді жүйесін қалыптастырумен байланысты. Бүгінде білім – әлемдегі барлық мемлекеттердің негізгі басымдықтарының бірі. Сондықтан қазіргі бәсекелестік шарттарында қоғамдық және гуманитарлық білім берудің маңыздылығы жоғары.
Ұлт көшбасшысы жастарға тек білім табысқа жетудің кілті екендігін түсіндірді: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатар¬ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді».
Сондықтан заманауи жоғары дамыған технологиялық қоғамның ілгері дамуы үшін білімді және адал азаматтар, қоғамдық өмірдің жаңа қағидаларын қалыптастыратын тұлғалар қажет. Қоғамдағы өмірді қалыптастыру жолында қоғамдық-гуманитарлық білімдердің маңыздылығы мына қағидалармен байланысты: біріншіден, білімді қоғам қарапайым ақпараттық қана емес, маңызды құндылықтар қорын құратын тұлғалық әлеуеттің қоғамдық және адами даму ілімдеріне сүйенетін қоғам. Екіншіден, экологиялық және әлеуметтік дағдарыстар шарттарындағы адамның кәсіби қызметі болжамдарына сәйкес келетін қоғамның қауіпсіздігі мен даму басымдықтарын қамтамасыз ететін қоғам.
Әлемдік қауымдастық Ұлт көшбасшысының эволюциялық дамудың жақтаушы лидер екендігін мойындады. Елбасы өзінің саяси көшбасшылық рөлінде – тарихилық пен логикалықтың, дәстүршілдік пен жаңашылдықтың, батысшылдық пен шығысшылдықтың, тіпті мұсылмандық пен әлемдік діндер үйлесімділігін шебер пайдалана білді. Мұндай конвенционалистік саясат біржақтылыққа ұрынбауға, әлем дамуындағы жаңа, озық, тиімді, пайдалы модельдерді өз тәжірибемізге алуға мүмкіндік берді. 1991 жылдардан бастау алған мұндай әдіс кешікпей-ақ нәтижесін көрсетті. Бүгінде бұл ұстанымды басшылыққа алу өз тиімділігін дәйектеп берді. Сондықтан эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналатынына Елбасы сенімді.
Мақалада сананың ашықтығын білдіретін зерденің үш ерекшелігі айқындалды. Бұл ерекшеліктерді дәйектеу үшін тұлғалық құндылықтардың мынадай өлшемдеріне мән беру қажет сияқты: жақсы мен жаман жөнінде күнделікті толғану; өмірдің мәнін түсіну; қалыптасып қалған жеке құндылықтарға күмән келтіру мүмкіндігі; сананың жаңа сынақтарға ашықтығы; өзге адамдардың көзқарастары мен ұстанымдарын түсінуге ұмтылу; өз көзқарастарын ашық айту және талқылауларға дайын болу; мінез-құлықтың жүйелігі және сөз бен істің сәйкестілігі; құндылық мәселелеріне байыпты көзқарас; түбегейлі мәселелерге табандылық пен төзімділік таныту; жауапкершілік пен белсенділік.
Мақалада ұсынылған ұлттық сананы жаңғыртудың бағыттары жүйелі және өз мерзімінде жүзеге асыру рухани жаңғырудың іргетасы саналады. Сондықтан еліміз үшін маңызды көзқарастар Отанымыздың жаңа ұлы жетістіктері мен табыстарын жалғастырудағы тиімді өркендеудің тура әрі берік бағыттаушысы болмақ. Отандастарымыз қазіргі кезеңдегі ауыртпалықтарға қарамастан, Ел Президенті қойған бағыттарды орындай алатынына сенеміз. Нәтижесінде өркендеген, гүлденген, дамыған және қауіпсіз елімізді келер ұрпаққа қалдырамыз.
Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор,
«Болашақ» университетінің тәрбие жұмысы және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры.