Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын Жолдауда қозғалған бағыттарды кеңінен тарқатып, мемлекеттік идеологияны анықтайтын, көпке түсінікті, рухани жаңғыртуға бағытталған саяси-идеологиялық құжат деп білемін.
Тәлім мен тәрбие мәселесі – қоғамымыздың келешегі. Бүгінгі күннің өзегі – жас ұрпақтың рухани кемелі. Балаларды ұлттық құндылықтарға бай, тіліне, діліне, тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне, салт-дәстүріне берік, рухы мықты, танымы мен тағлымы кең тұлға ретінде қалыптастыру барысында ең негізгі сын да, салмақ та ұстаздарға артылатыны түсінікті.
Мақалада айтылған маңызды дүниелердің бірі – білімнің салтанат құруы. Елбасы рухани ой-толғау мақаласының білімнің салтанат құруы бөлімінде білім көкжиегін кеңейтуде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, жемісті жетістіктерді жалпақ жұртқа жария етіп, барша ел тұрғындарының арманын айқындап бергендей.
«Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген жолдар әр ұлт болашағына ой салары анық, бұл жолдар еліміздің ұлтжанды жастарының жастанып жатар құндылығы болуы тиіс.
Ұлт Көшбасшысы тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын, яғни әр адам бойында ұстамдылық, қанағат ету мен қарапайымдылық, өз болашағыңды жоспарлай білу секілді қасиеттерді атады. Бұл – бүгінгі заманның нақты талабы, дамудың табысты үлгісі. Сонымен қатар, бәсекеге қабілетті болу тек қана экономикаға байланысты емес екенін, рухани құндылықтардың барлығы біздің бойымызда болуы керектігін атап өтті.
Мақаланы оқи отырып, оның әрбір сөйлемінде бүгініміз бен болашағы жарқын Қазақстанға апаратын нақты жоспар, мақсат көрсетілгендігін түсіндім. Елімізде әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалар жақсы жүзеге асуда. Ал бұл мақаладағы рухани өрлеу, рухани жаңғыруды біздің дамуымыздың ең басты тұғырларының бірі деп есептеймін.
Әр халық, әр мемлекет ғасырлар бедерінде рухани жаңғырып, жаңарып отырады. Ал рухани жаңғыру мен жаңаруда білім берудің ролі зор. Біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай, ескере отырып, әлемде болып жатқан жаңалықтарды қабылдай білуіміз керек. Бірнеше тілді білген адам ештеңеден ұтылмайды. Облыста үш тілді, тіпті оданда көп тілді меңгерген балалар бар. Олардың қатары күн санап көбейіп келеді. Олар өз туған тілін, тарихын, салт дәстүрін жақсы біледі, өте білімді балалар. Олар – біздің қуанышымыз.
"Ел болам десең, бесігіңді түзе” дейді ұлы Мұхтар Әуезов. Әрбір білімгер өз жері мен оның байлығының иесі болу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруге үйренудің жолдарын білуге тиіс. Егер қоғамның даму кілті білімді адамдардың жаңаша қызмет атқаруын керек ететін болса, сол жаңашыл адамдарды, болашақ қоғам мүшелеріне білім мен тәрбие беруді жүзеге асыратын мамандар дайындайтын біздің білім беру ұйымдары Елбасы көздеген бағыттарға лайықты болуы тиіс. Ең бастысы –білім беруге қойылып отырған жаңа талаптарды орындауда көптеген жұмыстар жүргізіліп, жастардың үш тілде білім алуына, жаңа технологияларды білім беру жүйесіне енгізуде өңірімізде келелі жұмыстар атқарылуда. Ұлт жоспарын орындауда әр саланың өзіндік үлесі болса, ұстаздар қауымы қосатын үлес – жас ұрпақты жаңа қоғам мүшесі етіп білім мен тәрбие беруді жаңаша құру, оны осы Елбасымыз көрсетіп отырған талаптарға сай орындау деп білемін.
Бақытжан САЙЛЫБАЕВ,
облыстық білім басқармасы басшысы.