ҚОҒАМДЫҚ САНА ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Иә, заман өзгерді. Осыған сәйкес адамдар психологиясы да өзгерістер үстінде. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүние танымымызда әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен терезе теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Заман талабына сай икемделу керектігін Елбасымыз «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айрықша атап көрсеткен. Шындығы сол, жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру керек екені даусыз.
Рухы, мәдениеті мен дәстүрі биік деңгейдегі халықтың болашағы зор және жарқын. Шығыс халықтарына, қазаққа тән қасиет – үлкенді сыйлау, алдынан кесе өтпеу, бетінен алмау. Осы игі дәстүр жалғаса берсе, тәртіпсіз ұл, тәрбиесіз қыз өсірмей, жастардың бұрынғыдай инабаттылығы мен ізеттілігі ортаймас деп тілейміз. Қарттарын қазына тұтпаған, ата-анасына құрмет қылмаған жастар Отанына адал қызмет жасай алмайды. Міне, осы тұста Елбасымыз қоғам дамуының тамыр соғысын айқын аңғарып, тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерімізді таразы басына салып, болашақтың көкжиегіне ой тас¬тауы тегіннен-тегін емес. Уақыт өткен сайын қоғамға зиялылардың үні қажет бола түсуде. Қоғамдық сана ақты ақ, қараны қара деп айта алатын зиялылардың сөзіне құлақ асатын, өмірін үлгі тұтатын ортаны қалыптастыру уақыт мезгілі жеткен сияқты. Бүгіндері біздер, өз-өзімізге мына сұрақтың жауабын іздеп, ұрпақ санасына сіңіруіміз керек. Ана тіліңді білесің бе? Туған халқыңның арғы-бергі тарихы мен өз ата-тегіңді білесің бе? Жұртыңның озық дәстүр-салты мен құндылықтарын бойыңа сіңіре алдың ба? Осыларды толық меңгерген адам оқу-білімге құштар, саналы, ойы терең, ақылы алғыр болады. Бұлардың бірі кем болса, адам рухани жанынан ақсайды. Демек, мақсатымыз айқын, міндетіміз үлкен, болашағымыз баянды болуы үшін қалыптасып келе жатқан жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы екені даусыз. Мақалада атап көрсетілгендей, «Оған көнбегендер тарихтың шыңына көміліп қала береді».

Сайлаубай ӘБІШЕВ,
Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 сәуір 2017 г. 695 0