КЛУБ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӨРЕРМЕН КӨЗАЙЫМЫ

КЛУБ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӨРЕРМЕН КӨЗАЙЫМЫМәдениет – ұлттық құндылықтарымыздың алтын өзегі. Әсіресе елді мекендердегі мәдениет ошақтары ауыл тұрғындары мен жастардың бос уақыттарын тиімді өткізу жолында түрлі мәдени шаралардың ұйытқысы болуда. Қазіргі таңда мәдениет үйлері жанынан үйірмелер мен бірлестіктер жұмыс жасап, клуб мекемелері де қызмет түрлерін талапқа сай жақсартуда. Осы орайда Жалағаш ауданында «Мәдениет өркенін бізбен бірге жаса!» атты клуб қызметкерлерінің облыстық командалық байқауы өтті. 
Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен байқауға облыстың аудан-ауылдарынан 13 команда бақ сынады. 
Шараны Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жағыпар Тәжмаханов ашып, атқарылып жатқан жұмыстар мен мәдениет саласындағы жағымды жаңа¬лықтарды айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқау төрт кезеңді құрады. «Менің мамандығым – менің мақтанышым!» атты бірінші кезеңде клуб қызметкерлері бір күндік жұмысын, қызмет  атқаратын  кәсіпорнын, шығармашылық ұжымын мазмұнды әрі қызықты етіп таныстырса,  келесі кезең  «Біздің үздік жобамыз» деп аталды. Онда әр команда өздерінің мәдени қызмет көрсетудегі тың идеяларын шара түрінде көрсетті. Ал үшінші кезеңде байқау шарты бойынша «Орындаушылық шеберліктің жоғары мәдениеті» ұсынылды. Яғни, әр команда тақырыптық мәтінмен құралған флеш-моб көрсетті. Соңғы «Мәдени жаңару жаршысы» атты кезеңде әр клуб жұмыстары жайында дайындалған газет-журналдарын шығарды.
«Абайдың сөзін айна ғып, бойымды содан түзедім» демекші, ақын Абайдың бейнесін сомдаған шиелілік жас әртіс Әл-Фараби Бекарысұлы ұлы бейнені сомдаудың қаншалықты ауыр болғанын айтты. Байқауда ауыл әртістерінің сан алуан өнері барын, олардың арасында сегіз қырлы, бір сырлы жастардың мол екенін көрдік. 
Күні бойы сахнаның қыр-сырына қанықтырып, өнерге құштар көрерменнің көңілін думанға бөлеген облыстық байқау да мәреге жетті. 
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама бас-қармасының бөлім басшысы, алқа төрайымы Қарлы¬ғаш Жүсіпова бастаған қазылар алқасы клуб қызметкерлері облыстық  байқауының қорытындысын жариялады. 
Сонымен, бәйгеде бас жүлдеге Жалағаш аудандық мәдениет үйінің «Өнер тарландары» тобы лайықты деп танылды. І орын үшін күресте Жаңақорған ауданы, Түгіскен ауылдық мәдениет үйінің «Аққорған» тобы топ жарды. ІІ орынды қос ауданның командасы алды. Олар Қазалы аудандық мәдениет орталығының «Руханият» тобы және Сырдария ауданы Шаған ауылдық мәдениет үйінің «Шаған сити» тобы. ІІІ орынды Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылдық клуб үйінің «Тұрмағамбет таланттары» тобы мен Шиелі ауданы «Арман» кенттік мәдениет үйіне қарасты «Арманның тарландары» тобы иеленді. Байқауға қатысушыларға Жалағаш ауданы әкімінің Алғыс хаттары тапсырылып, бағалы сыйлықтар берілді.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Жалағаш ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 сәуір 2017 г. 733 0