ӨНЕРІНДЕ ҒАРЫШТЫҢ СЫРЛАРЫ БАР

ӨНЕРІНДЕ ҒАРЫШТЫҢ СЫРЛАРЫ БАРАймақ басшысы ғарышты қаладан келген меймандар алдында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде қысқаша әңгімелеп берді. Соңғы кезеңде Сыр елінде серпінді істер баршылық. Аймақ экономикасына құйылған инвестиция көлемі екі жарым еседей артты. Сондай-ақ, біздің облысымыз еліміз бойынша құрылыс салу жөнінен алдыңғы орында тұр. Облыс өміріндегі маңызды саланың бірі – күріш шаруашылығын дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Бұл саланың проблемаларын кешенді түрде шешу үшін арнайы консорциум құрылып, күріш кластерін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Осындай игілікті істер балық шаруашылығында да көрініс беріп отыр. 
Әлеуметтік даму мәселелері бойынша әлеуметтік қорғаудан бастап білім мен денсаулық салаларын дамытудың басымдықтары айқындалды. Осындай оңды өзгерістер мәдениет және спортта да байқалады. Жақында облыс орталығында соңғы үлгідегі «Мұз айдыны» спорт кешені елдің игілігіне айналды. Алдағы уақытта Қызылорда қаласынан хоккей командасын жасақтау ойластырылуда. Келешекте Сырдария өзенінің сол жағалауынан стадион салу жоспарланып отыр.
Келесі кезекте Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы Анатолий Петренко Қызылорда қаласының құрылғанына 195 жыл толуына орай өткізілетін мәдени шараларға белсенділікпен атсалысып жүргенін жеткізді. Қызылорда облысының аумағында орын тепкен Байқоңыр ғарыш айлағы Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен татулықтың алтын қазығына айналды.
Облыс әкімі жүздесу барысында екі елдің арасында бірқатар ғарыштық жобалар қолға алынып жатқанын жеткізді. Бұл жобалар алдағы уақытта біздің еліміздің ғарыштық әлеуетін арттыра түседі. Аталмыш шарада қос тарап бір-біріне естелік сыйлықтар табыс етті.
***
Сейсенбінің кешінде Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында Байқоңыр қаласы көркемөнерпаздарының «Достық гүлшоғы» атты мерекелік концерті өтті.
«Қала күні» мерекесі аясындағы іс-шаралар бағдарламасын бірінші боп бастау құрметіне ие болған байқоңырлық өнерпаздардың бұл мерекелік концерті «Байқоңыр» әнімен ашылды.
Бұдан соң сахна төріне көтерілген Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы Анатолий Петренко Ғарыш айлағындағы жерлестердің жалынды сәлемін жеткізсе, Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қызылордалықтардың қуанышына ортақтасқандары үшін Анатолий Павловичке ризашылығын білдіріп, өзара ескерткіш сыйлықтар алмасты.
Халықаралық ғарыш порты саналатын Байқоңыр – ғылыми-техникалық және әлеуметтік ғажайып кешен. Оның құрамына космодроммен бірге аттас қала кіреді. Мұнда қазіргі заманғы озық зымыран-космостық техникаларды сынақтан өткізіп, ұшыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Космодром 1955 жылы құрылған. 1957 жылы қазанда алғаш рет жасанды жер серігі ұшырылды. Міне, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт «Жер кіндік» саналған Байқоңырдан қаншама ғарыш кемелері көкке самғады.
Қызылордалықтар Байқоңыр қалалық мәдениет үйінің үрмелі аспаптар оркестрі, «Терра» ұлттық бишілер ансамблі, «Элегия» ұлттық бишілер студиясы, «Веретенце» ұлттық көркем өнер студиясы, «Престо» заманауи би ұжымдары мен жеке орындаушылар – Роза Рзаева, Оксана Сливина, Айдар Ақболатұлы, Мадина Қайыржановалардың өнеріне ризашылықпен қол соқты. Әсіресе, күй ырғағымен «Бүркіт биін» билеген Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті, байқоңырлық өрен Нұрсұлтан Махамбеталиевтің өнеріне көрермендер ерекше қошемет білдірді.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Байқоңыр қаласы көркемөнерпаздарының мерекелік концертін көріп, тамашалады.
Байқоңыр қаласы мәдени күндерінің шеңберінде театр фойесіне «Байқоңыр. Ғарышқа жол» атты фотокөрме ұйымдастырылды.
Әділжан ҮМБЕТ,
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 10 қазан 2013 г. 1 156 0