Халық мәдениетінің ішіндегі негізгі салаларының бірі – қолөнердің Сыр өңірінде стильдік жүйесі мен дараланған шеберлік, зергерлік дәстүр ежелден қалыптасқаны белгілі. Бүгінде облыстық музей қорында мыңға жуық зергерлік бұйымдар сақтаулы. Олар білезік, сақина, жүзік, сырға, шолпы, алқа, өңіржиек, тұмарша, балдақ, белдік және тағы басқалар.
Зергерлік бұйымдар атқаратын қызметіне, қолдану ерекшелігіне байланысты бірнеше тақырыптық топтарға бөлінеді. Мысалы, зергерлік әшекей бұйым атауларын бір топ деп қарастыратын болсақ, бұларды бас және сырт киімге, құлаққа тағатын зергерлік әшекей атауларымен қатар, мойын мен қолға, шашқа тағатын зергерлік әшекей атаулары деп жіктеп қарастыруға болады.
Этнографиялық деректерге үңілсек, бір ғана сырғаның атауы 70-тен асады. Олардың бір тобы сыртқы көрінісіне, бір тобы материалына, т.б. белгілеріне қарай аталады. Мәселен, айсырға – ою-өрнекті, бірақ салпыншақсыз, жарты ай бейнелі күміс сырға. Мұндай сырғаны жұрт жоғары бағалаған. Айсырғаның көлемі, салмағы әртүрлі болады. Зергерлер күмісті қақтап не құйып, бетіне ою жүргізіп яки жұлдыз, ай суретін салып ай формасындағы әшекей жасаған.
Білезіктер – қазақ әйелде¬рінің ең көп тұтынатын бұйымы. Оның 30-дан астам түрі бар. Білезік көбінесе күміс¬тен, кейде таза алтыннан да жасалады. Қазақ зергерлері жасап жүрген білезіктердің қосбілезік, бес білезік, жұмыр білезік, орама білезік, бұрама білезік, кавказ білезік, көзді білезік, өрме білезік, үзбелі білезік, топсалы білезік, қолқа (қуыс) білезік деген түрлері бар. Сыр өңірінде қақпақты, құйма, қарта, жұмыр білезік сияқты түрлері кеңінен тараған. Осылардың ішінде көркемдік шешімінің, құрылымының күрделігімен ерекшеленген қосбілезікті арнайы атап өткен жөн. Бейнелік үлгісі тұтас екі білезік ретінде орындалған, білезіктің бетіне ақық тастар үйлесімді орнатылған.
Сақина, жүзіктерді сиқырлы күші бар заттар деп қарастыру Шығыста кеңінен таралған түсінік. Кез келген әйел ас тазалығы үшін күміс сақина не жүзік салып жүруге тиіс болды. Бұл ретте қазақтың: «Тамақ адал болуы үшін қолда жүзік болуы керек» деген қағидасы бар. Сақинаның жасалуы жүзікке қарағанда оңай. Өйткені, оның сыртына бізбен безеу, шапқымен шеку әдісімен орындалатын қарапайым ою-өрнектерден басқа ештеңе жүргізілмейді. Ал, жүзік жасау анағұрлым күрделі және оның сан алуан түрлері болады. Жүзіктің үстіңгі бетіне әртүрлі асыл тастардан, түсті шынылардан немесе күмістің өзінен көз, балдақ, отау, құстұмсық орнатылады. Бұл қосымша мүсіндер жүзік сақинаның үстіңгі жағына дәнекерленеді.
Сыр бойында «құдағи жүзік» деп аталатын өте көлемді және аса сәнді жүзік жасалады. Мұның бауырында екі саусаққа бірдей кигізетіндей қосарланған екі сақинасы болады. Ал жүзік беті көлемді келеді. Сонымен бірге асыл тас, түсті шыныға қоса міндетті түрде алтындалып әсемделеді. Мұның құдағи жүзік аталу себебі бар. Құдағи жүзік ұзатылған қыздың енесіне яғни құдағайларына бір жылдан соң тарту ету үшін арнайы жасатылады. Бұл барлық құдағайларға беріле бермейді, құдағи жүзік жаңа түскен келініне аналық мейірімін, шуағын төге білген парасатты құдағиға ғана сыйға тартылатын дәстүрлі сыйлық.
Қазақстанның оңтүстігінде өзіндік пішімін сақтап қалған самайлық әшекейлер – шекелік көп тараған. Қалыпқа құйылған күн бедерлі белгілері мен қиықша тәріздес пішіндері әсемдік сымдармен жалғанып келіп, шілтерлі қондырғы құрайды да, ұзын түзу өзекке бекітіледі.
Әсемдік бұйымдар ішінде мойынға таға¬тын әшекейлер де өзінше қызықты. Олар – эсте¬тикалық қызметпен бірге тіл-көзден қор¬ғау¬шы қызметін қатар атқаратын тұмарша, бой¬тұмарлар. Тұмарда тылсым күш, қасиет бар деп саналған. Құран үзінділері, теңіз, өзен бақал¬шақтары, үкі қауырсыны, тіпті қой мен түйе жүні тұмардың ішіне салынатын болған.
Халқымыздың ұзатылатын қыздарына ар¬нал¬ған әшекей бұйымдарының жиынтығы өзінің айрықша салтанаттылығы және салиқалылы¬ғымен ерекшеленеді. Кеудеге тағатын әшекей¬лер¬дің бас¬ты құрамдас бөлігі, омырау әшекейінің бір түрі – өңіржиек. Өңіржиек бала емізетін әйелдің міндетті әшекейі болғандықтан, ол әйел омырауын тіл-көзден сақтайды деп есептел¬ген. Өзара бір-біріне шашбау секілді етіп үзбелеп бе¬кі¬тіліп, үлкенді-кішілі өрнекті шытыралармен безендіріліп, сансыз салпыншақтармен күр¬¬де¬лене түседі. Күміс шытыралар оюлармен, бүршіктермен зерленіп, асыл тас¬тар қондырылады.
Түймені көбінесе ішін қуыстап әртүрлі кескін бере күмістен жасайды, сыртына зер салады. Мұндай түймелерді торсылдақ деп атайды. Ал бұл түйме жалпақ көлемді бетіне геометриялық фигуралар мен өсім¬дік тәріздес ою-өрнектер түскен. Артында ілмешегі бар, оюы күнге ұқсатып салынған.
Салпыншақты сырғаны ақ түсті металдан жасаған. Сырға¬ның негізгі бөлігі ақ түсті күміс сымнан иіліп төменгі жағына гүл жапырақтары тәріздес өрнектер иіліп салынады. Сырғаға әртүрлі салпыншақтар ілініп, ортасы жапырақшалармен безен-діріліп, күмбез тәрізді қоңыраушалар салынады. Қор¬да сақталған сырға салпыншақтарына шынжырлар ¬арқы¬лы маржан тастар және жапырақшалар ілінген. Үлкен қарала қоңыраушада 7 ілмешек пен екі жағындағы кішкене екі қоңыраушада 4 ілмешектен, олардың арасына екіден сал¬пыншақтар ілінген.
Орта жастағы әйелдер мен келіншектер камзол сыртынан кісе, кемер белбеу буынған. Музейдегі кемер белбеу адам белін бір ғана орайтындай қысқа, екі басында темірден қапсырма орнатылған. Сырт жағынан өн бойы күміс әшекейлермен, өрнектеліп безендірілген. Әрбір бұйым бөлігі теріге қондырылған. Бетіндегі ою-өрнектері «өсімдік» тәріздес болып келген.
Сырғалы алқа (шекелік) – қыздардың әшекей бұйымы. Қалыңдықтың ұзатыл-ғанда киетін бас киімі – сәукеленің екі жағына, яғни шекесіне тағылып, иек астын¬да тоғысып, кеудеге түсіп тұратын әше¬кей. Музей қорындағы шекелік жүрек тәрізді өрнектелген сердолик тасымен және шашақталған металл қоңыраушамен кеуде тұсында біріктірілген. Бұйымның негізін серіппеге бекітілген қызыл тастар жалғайтын 2 жарты шеңбер құрайды. Одан төмен 3 күмбез тәрізді шашақты салпыншақ түседі. Ортаңғы күмбез тәрізді салпыншақтың үшбұрышты формасында 1 сал¬пыншақ, жоғары жақтағы салпыншақта 2 қызыл тас. Соңғы қоңырауда шашақ орнатылған.
Тағы бір айта кететіні, зергерлік өнер туындылары – кісе, кемер белбеулер. Кісе жасы келген еркектерге арналып жасалады. Оны әдетте сырт киімінің сыртынан буынады. Мұндай кіселердің негізі қалың былғарыдан екі қабатталып жасалады да сыртына күмістен, алтыннан және асыл тастардан сан алуан әшекейлер орнатылады. Орта жастағы не жігіт ағасы болған сал-серілер кезінде қамзол сыртынан кемер бел¬беу¬лер буынған. Кемер белбеу адам белін бір ғана орайтындай қысқа болады, екі басына темірден қапсырма орнатылады, сырт жағының өн бойы күміс, асыл тас әшекейлермен безендіреледі. Мұндай белдіктерді әйелдер де пайдаланған. Еркектерге арналған кемер белбеудің негізі жібек, барқыт немесе шұғадан жасалады. Ұзатылған қыздарға арнап үзбелі күміс белбеу жасатады. Ол белбеудің бас¬тарына, яғни капсырмасына өте көркем өрнектер жүргізумен бірге үш бірдей ақық тастар орнатады.
Ұлттық мәдениетіміздің тарихында зергерлік әшекейлерін талдап қарастыру зергерлердің өз ісінің қас шебері екенін, әрбір еңбегінің жетістігі жоғары дәрежеде болғанын көрсетеді.
Әмірғали КӨШЕКБАЕВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің
ғалым- хатшысы.
Гүлсара ӨТЕБАЕВА,
қор сақтаушысы.