Біздің Сырдариямыз кезінде орыстың Волгасынан (түрікше Бұлға) немесе Қытайдың Янцызы, Хуанхэ өзендерінен ұзындығы не суының көлемі жөнінен еш кем емес еді. Тек өзен бойындағы Орта Азия халықтары мол суды тежеп, тоғандап халық қажетіне шектен тыс пайдаланып, деңгейін төмендетті.
Жерұйық іздеген Асанқайғы бабамыз Сыр бойын "әр шеңгелінің түбі бір асым ет” деп бағалағаны бекер емес. Өйткені қамыс, миялармен қатар жантақ, жусан, жалбыз және т.б. шипалық қасиеті мол ем-домдық шөптер өте көп. Қазақстан бойынша солардың 350 түрі болса, соның 270-і Сыр бойында өседі екен. Оның үстіне Сырдың сары сазаны, тіл үйіретін қауын-қарбызымен қатар, шаңды желінің өзінің қасиеттері туралы ауыз толтырып айтуға болады. Ықылым заманнан бері Сыр бойы диқандары егін егіп, бақша өсіріп, даңқы шыққан. Соларды жергілікті жағдайға бейімдеп жаңа сұрыптарын шығарған. Ұн әңгелек, күләбі, кәләсан, әміре, торлама, т.б. қауындардың сұрыптарын шығарған.
Мен осы жасқа келгенше өмірден жинаған тәжірибемді, көргендерім мен естігендерімді жинақтап, Сыр диқандарының, бағбандарының керегіне жарар деген ойларымды ортаға салғым келеді.
Сыр бойының жері көбіне сортаң, қатты сазды, құмшауыт немесе боз жерлер болып келеді. Оның үстіне мамыр, шілде айларында шаңды аңызақ жел жиі тұрады. Өте сирек болса да нөсер жауын, бұршақ, құйын жел де болып тұрады. Бұл – өзіміздің үйренген табиғатымыз. Алайда Тұран ойпаты болғасын да, ыстық жазда ашық күндер көп болады. Сондықтан болар біз тұратын "бойлықта” Сыр бойында өсетін дақылдар өспейді, өссе де шағын, аз өнім береді.
«Жаман тұқымнан жақсы өнім алам деп ойлама» деген екен диқан бабаларымыз. Шындығында, егіншінің ең бірінші қамы – жақсы тұқым әзірлеу. Атамзаманнан бері Сыр диқандарының атын шығарған – қауын, қарбыз, әңгелек іспетті дақылдар. Осы дақылдардың тұқымын алу үшін пәлекте жатқан кезінде оған белгі қойып, әбден пісіру керек. Ол түйнек бастапқы ұясына тартқан, яғни пәлектің түбіне өте жақын болу керек. Ал кейде пәлектегі ең бірінші түйнек болуы қажет. Қауын түбіндегі гүлдің орны дөңгелек ақтаңдақ болып тұрады. Ол неғұрлым үлкен болса, онан алынатын тұқым соғұрлым жақсы болады. Диқандардың өмірлік тәжірибесі бойынша, мұндай әңгелек және әміре – олардың ұрғашысы болып табылады. Бұл тұқым келешекте жақсы өнім береді, көп түйнек салады екен. Қауын, қарбыз, әңгелек, әміре, т.б. әбден тәтті болып піскеннен кейін ғана тұқымын алып, жуып тазалап, әбден кептіріп, шүберек қалтаға салып, қандай дақыл екенін, қай уақытта алынғанын жазып, жылы жерде (үйде) сақтау керек. Жылы жерде сақтаудың мол өнім алуға көп себі болады.
"Көктемнің бір күні – жылға азық” деген емес пе?! Сондықтан: көктемде күн жылып, бақша өнімдерін егетін кез келгенде не істеу керек деген сұраққа тоқталайық. Әуелі егілетін тұқымды марганцовка салынған суда 1-2 сағат ұстау керек. Марганцовканы көп салуға болмайды, пышақ ұшымен, судың түсін өзгертсе болды. Бұл тек дизенфекцияға керек. 1-2 сағаттан кейін тұқымды қайта-қайта жуып алғасын, қауын-қарбыз тәтті болу үшін 100 гр суға 1 шай қасық қант ерткен немесе 1 шай қасық балға еріткен суға салып, әрі қарай 1 тәуліктей уақыт бөрттіру керек. Алдын ала суға салынып, сығылып төрт қабатталған дәкенің жартысына судан алынған тұқымды бір-бірлерімен қабаттаспайтын етіп жаю керек. Сонан соң дәкенің екінші жартысымен үстінен жабу керек. Сосын тағы да екі бүктеп, целофан пакетке салып, жылы жерге немесе терезенің күн түсетін алдына қою керек. Күніне 1-2 рет ашып қарап, құрғап қалса, су бүркіп, ауа қақтырып қою керек. Бірер күннен соң, 5-10 мм аппақ мұрт шығады. Міне, дәл осы кезде мұрттаған тұқымды егу керек. Егер де тұқымдардың мұрттары өсіп, қайырылып өз қабығының жарығына немесе өзге дәннің жарығына кіріп кетсе, өте абайлап, зақым келтірмей суырып алу керек. Тамыры сынған не мұрттамаған тұқымды тастау қажет.
Осылай дайындалған тұқымды отырғызу үшін, қарық жиегіне кетпенмен ұя жасаймыз. Ұя жасалатын жердің құрғақ топырағын ызасы көрінгенше сырып тастап, 30-35 см тереңдікке дейін қопарып босатамыз. Сосын жердің бетінен 4-5 см тереңдікке тұқымның мұртын төмен қаратып көмеміз. Кетпеннің өз салмағымен жәй таптап, ұяның үстіне 1 см шіріген көң тастаймыз. Ол ылғал сақтауға көмектеседі. Және де күн сәулесін тартады. Жауыннан кейін күн қызса, топырақтың үсті қатып қалмайды.
Бір ұяға тұқымды ысырап қылып көп салудың керегі жоқ. Бір ұяға мұрттаған 3-4 тұқымды, ара қашықтықтарын 4-5 см етіп төртбұрыш етіп салса болады. Олар үш-төрт құлақ болып өскен соң, жақсы өскен екеуін қалдыру керек. Сыр диқандары мұны бірлеу деп атайды. Өскіннің айналасын ақырын қолмен не кішкене тяпкамен қопсытып, түбін домбақтап – бірінші көрінген қосқұлаққа дейін топырақпен көму керек. Өскіндерді домбақтағанда олардың түбін айналдыра ұялап, жауын-шашын суы ағып кетпейтіндей, түбірге қарай еңкіштеу ету керек. Ұяны айналдыра 20-25 см шамасындай көлемде көң, сабан, кебек, ағаш ұнтағы сияқты нәрселердің бірін шашып тастау қажет. Мұның пайдасы мынада: Сыр бойының көп жері сор не сортаң жерлер. Көктем айларында біраз жауын жауған соң, жер беті шалшық су болады да, шашырап жас жапырақтарға тиеді. Жауынның суы қанша таза болғанымен де, жердегі тұзды сумен бірге жапыраққа ащы болып тиеді. Жер бетіне жаңа шыққан әлсіз өскіннің көп жағдайда жапырақтары бүрісіп, қурап, не түбінен қиылып өліп қалуы да мүмкін. Сондықтан бұл "қулықты” қауын, қарбыз, әңгелек, қияр, қызанақ, бұрыш, т.б. дақылдарға қолданса, пайдасы көп, – "сауап” болады, біреуі де қисаймайды.
Ағыбай МАХАМБЕТОВ.
Қызылорда қаласы.