Әкем Қоңырбаев Жәни 1942 жылы қыркүйек айында Қазалы аудандық әскери комиссиаратынан әскерге шақырылған болатын. Оған дейін Қазалы ауданы, Андреев атындағы колхоздың мал шаруашылығында жұмыс атқарған көрінеді. Марқұм шешем Қоңырбаева Миіздің менің санама сіңіріп айтқаны бойынша әкем соғысқа аттанып бара жатқанда «егер ұл бала дүниеге келетін болса атын Қосжан қоярсың, екі жанымыз бірігіп аман-есен қауышуымызға жақсы ырым болады» деп аманат қалдырған екен.
Әкем соғысқа аттанғаннан кейін екі айдан соң, 1942 жылдың қараша айында мен жарық дүние есігін ашыппын. Шешемнің сөзіне қарағанда әкемнен сол кеткеннен бірде-бір рет хабар-ошар болмапты.
1949 жылы Андреев атындағы жетіжыл¬дық мектептің 1-сыныбына оқуға -бардым. Елде ауыр жағдай. Қадам басқан жерде жоқ¬шылық атауы еңсеңді көтертпейді. Бала болсақ та ерте есейдік. Сондықтан болар, жан-жағымызда болып жатқан құбылыстарды түсінетін дәрежеге келген кезім еді. Колхоз белсенділерінің күн шығар-шықпастан үйдің терезесін ұрып «әкеңнің аузын... Жәнидің қатыны тез шық үйден» деп айқайға басатынын жиі естимін. Жыламсыраған шешемді қамшымен арқасынан ұрып айдап кеткенін талай көрдім. Ызаланып жылағаннан басқа қолдан ештеңе келмейді. Бір күні ашу басып сол белсендінің былапыт сөздерін өзіне қайтардым. Ол маған қарай ұмтылып қолын¬дағы қамшымен жон арқамнан тартып жіберді. «Жетім неме, енді аузыңды ашсаң, тіліңді кесіп аламын» деп айқайға басқаны әлі есімнен шыға қойған жоқ. Сәбимін ғой, әжемнен «жетім деген не?» деп сұраймын. Ол кісі сабырға салып, жетімнің не екенін жәй тілмен түсіндіріп береді. Сонан соң жұбатып, «сен жетім емессің, жетім деп әке-шешесі жоқ баланы айтады. Әкең – әскерде, шешең – үйде. Әкең аман-есен оралады әлі. Әлгі бригадир оңбаған адам, көңіліңе ала берме», – деп жұбататын.
Соғыс аяқталды. Бірақ әкемнен еш хабар жоқ. 1960 жылдың басында Тынық мұхит флотында әскери борышымды өтедім. Әскери қызметте жүргенде кемеде соғысқа қатысқан Бутевич деген мичманмен танысып, әкемді іздестірудің жолдары туралы кеңес алдым. Москва, Ленинград, Подольск қалаларындағы әскери мұрағаттарға арызды бірінен соң бірін жаздым. Бірақ барлық жерден «ондай адам туралы бізде ешқандай дерек жоқ» деген мөр басылған тілдей қағаз келеді де тұрады.
Кейін ортақ жүйе құлап, берекесіздік орын ала бастады. КСРО мемлекеті ыдыра¬ғаннан кейін де жан-жаққа іздеу ¬салуымды тоқтатпадым. Өкінішке қарай, сол баяғы дерек жоқ деген анықтамалар келеді де тұрады. Әкемді іздеудегі өз сәтсіздіктерімді дәрменсіздігім деп бағалап, 30 жыл жинаған арыздың көшірмелері мен келіп түскен анық¬тамаларды ашу үстінде өртеп жібердім.
Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан соң бойы¬ма қанат біткендей өзімді еркін сезіндім. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, генерал Сағадат Нұрмағамбетовке арнайы хат жолдадым. Бұл 1994 жылдың орта шені болатын. Несін жасырайын, үмітім болғанымен қанағаттанатындай жауап күткенім жоқ. Бірақ қуанышым қойныма сыймайтын хабар алдым көп ұзамай. Хат тасушы қыз Қазақстан Республикасы Қор¬ғаныс министрлігінен келген хатты табыс етті. Хатты ашпастан әйелім Несіпкүлге табыс¬тадым. Ашуға жүрегім дауаламай біртүрлі толқыныс сезімде болған едім. Несіпкүл: «Әкел, кәне, сүйіншіңді!» дейді. Қорғаныс министрлігінен келген анықтаманы ұсынып. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін КСРО мұра¬ғаттарындағы жеке істерді тәуелсіздік алған бұрынғы одақтас республикаларға ¬таратып бергенін естіген болатынмын. Осыған орай, әкемнің жеке ісі Ленинград мұрағатына түсіпті. Анықтамада Қоңырбаев Жәнидің 1944 жылдың 21 шілде күні Ленинград қаласын құрсаудан азат ету үшін болған ұрыста алған ауыр жарақатынан қайтыс болғанын, денесі Ленинград қаласындағы Пискарев әскери бейітінде жерленгені айтылыпты. Хабарды естігенде толқып кеттім. Әкемнің Отан үшін құрбан болғандығын, атына кір келтірмегенін білген соң Ленинградқа өтініш жаздым. Көп ұзамай Пискарев мемориалдық зиратының әкімшілігінен жауап хат келді. Онда әкемнің Ұлы Отан соғысы кезінде қаза болған солдаттар мен офицерлерді тіркейтін №4 кітапқа 480-ші ретпен тіркелгенін, әкемнің аты-жөні, нөмірі 4167 ретпен ескерткіш тақтаға жазылғаны, ал денесі 4-ші бауырластық зиратына жерленгені хабарланыпты.
Ол кезде Қызылорда қалалық прокуроры¬ның орынбасары қызметін атқаратынмын. Сол бір өтпелі дәуірде ортақ жүйе құлап, жұмыс бастан асып жатқан кезең еді. Қаладағы зауыттар мен фабрикалар тоқтап, мыңдаған жұмысшылар жалақы ала алмай, зейнеткерлерге зейнетақы төленбей жатқан заман болатын. Осындай қиын уақытта халықтың наразылығы туындатпай, заңдылықты қорғау үшін аянбай жұмыс істедік. Қылмыстық әрекеттер де өршіп тұрған уақыт еді. Менің Ленинградқа барып келуіме сұранғаныма облыстық прокуратура басшылығы оң қабақ таныта қоймады. Ұлым Нұрланды атасының жерленген бейітін көріп келуі үшін жібердім. Балам Пискарев әскери зиратында мрамордан тұрғызылған қабырғаға жазылған атасының аты-жөнін суретке түсіріп, елден алып барған бір уыс Бозкөлдің топырағын салып оралды. Ата алдындағы парызын өтеді. Осыны баламнан естігенде бойымнан, санамнан зіл батпан жүк түскендей болды.
Мен үшін 9 мамыр – ең қастерлі күн. Әкем¬нен қалған жалғыз тұяқ мен ел қатарлы жоғары оқу орнын бітіріп, прокуратура органдарында әртүрлі деңгейде отыз жылдан астам уақыт бойы басшылық қызметтерді атқардым. 2005 жылы зейнеткерлікке шық¬тым. Өмірлік қосағым Қожаева Несіпкүл 4 баланы дүниеге әкеліп, барлығына қазақы тәрбие берді. Қазір олардың барлығы жо¬ғар¬ы оқу орындарын бітіріп, өз ¬алдына отау құрды. Құдай берген немерелерімнің сүйкімді тірліктерінің куәсі болып отырмын. Ұлым Қайрат Жамбыл облыстық прокуратурасында бөлім бастығы, қызым Ақмаралдың облыстық статистика және арнайы есепке алу орталығында қызмет атқарғанына 20 жылдан асты. Кіші ұлым Нұрлан облыстық прокуратурада жауапты қызметте. Кенже қызым Динара Алматыдағы көлік академиясын бітірген соң, байланыс саласында қызмет атқарады.
Барлығы жақсы. Құдайға шүкір, тағдыр¬дың маған, менің ұрпақтарыма соншалықты оң көзімен қарағанына ризамын. Қазақ ырымшыл халық қой. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бекерге айтылмаған сияқты. Отыз жыл бойы әкемді іздедім. Ақыры таптым. Алдағы мен үшін аса қастерлі Жеңіс күні біз отбасымызбен әке рухына құран бағыштап қанағат сезіміне бөленеміз.
Қосжан ЖӘНИҰЛЫ,
ҚР Прокуратурасының
құрметті қызметкері.
Қызылорда қаласы.