ОРАЗБАЕВТАРДЫҢ ОТБАСЫЛЫҚ КӘСІБІ

ОРАЗБАЕВТАРДЫҢ ОТБАСЫЛЫҚ КӘСІБІАсылында еңбек етуге құлшынысы зор адамға ештеңе бөгет болмайды. Масылдыққа төзбейтін жандардың тән шектеуін елеместен жұмысқа кіріскенін көр-генде осылай ойлайсың. 
Қызылордадағы есту-сөйлеу қабілетінен толық айырылған мүгедектерді оқыту-өндірістік кәсіпорнының іргетасы 2008 жылы қаланған. Орынкүл Оразбаева 15 мүмкіндігі шектеулі жанды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер. Бұл бизнесті отбасымен бірлесіп қолға алған.
–  Менің 4 балам бар, ішіндегі ерекше қабілеттісі Айболат бала күнінде ауыр дертке шалдығып, соның  салдарынан сөйлеу мен есту қабілетінен мүлдем айырылды. Алайда, алдына мақсат қоя біліп, еңбекқорлығымен талай белестерді бағындырып жүрген ұлымның бастамасымен біз өз отбасылық кәсібіміздің негізін қаладық. Бүгінде тігін цехымыздағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың қатарында Айболат өзінің жұбайы Әсел екеуі де еңбектенеді. Келінім де есту-сөйлеу қабілетінен айырылған. Екеуі қажырлы еңбегінің арқасында 4 баласын керек-жарағымен қамтып, қатарынан қалмай өмір сүруі үшін аянбай жұмыс жасап жүрген жайы бар.  Барлық тігіншілердің шеберлігі бірінен-бірі асып тұр,  – дейді О.Оразбаева.
Оразбаевтардың отбасылық кәсібін дамытуына «Бизнестің жол картасы- 2020» мемлекеттік бағдарламасының көмегі зор болды. Осыдан 4 жыл бұрын өндірістік цехты дамыту мақсатында компания мемлекеттік бағдарлама аясында 14 пайыз үстемемен 5,4 млн теңге несие рәсімдеген болатын. Оның 7 пайыз үстемесі мемлекет есебінен өтелді.
– Біздің ұжымда жұмыс істейтіндер түгелімен есту мен сөйлеу мүмкіндігінен айырылғандар. Оларды арнайы оқытып, тұрақты жұмыс бердік. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды еңбекке баули отырып, оларға қажетті әрі жайлы еңбек шарттарын, мәдени-өндірістік жағдай жасадық. 
Қазір негізінен балабақша мен ауруханаларға төсек жабдықтарын тігіп, жеткізіп отырмыз. Жазға қарай оқушылардың мектеп формасы мен ұлттық үлгідегі балалар киімдерін тігуді бастау жоспарда бар. Осы мақсатта өңдеу өнеркәсібінде жұмыс жасайтын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бағытталған бағдарлама аясында 6 пайыз  үстемемен жеңілдетілген несие рәсімдеп, тігін цехының құрал-жабдықтарын қайта жаңғырттық. Өндіріс қуаты тапсырысымызды көбейтуге мүмкіндік береді. Барлық өнімдерімізге сәйкестік сертификат берілген, – дейді О.Оразбаева.
Кәсіппен айналысудың өзіндік қиындығы жетерлік. Себебі мойныңда тек өз қызметкерлердің ғана емес, олардың отбасыларының жауапкершілігі бар. Кәсіп-орын өнімдерінің сапасы жоғары болғандықтан цехқа тапсырыс үздіксіз түсіп тұрады. Бұл цехтың  даму қарқынын одан сайын үдетіп отыр. 

М.МЕРЕЙ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 сәуір 2017 г. 1 076 0