Баршаға Қамбаш атауымен мәлім көлдің аумағына қоныстанған қауымның еңбегі – еңселі, тіршілігі – түзу. Ауылдың тұрғындары замана ағымымен кәсіпкерлік саласын да дөңгелентіп отыр. Елді мекенде аралас заттар дүкені мен нау¬байхана, май құю бекеті, су тасу қызметі, есік-терезе жасау цехы және өзге де кәсіпкерлік нысандары халыққа қызмет көрсетеді.
Нақты кезеңде Қамыстыбас ауылдық округі бойынша 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 4 шаруа қожалығы, 46 жеке кәсіпкер тіркеліп, жұмысын жандандыруда. Өткен жылы ауылда жеке кәсіпкер салған тойхана пайдалануға берілген болатын. Сүйсінерлігі сол, «Қуаныш бөліссе көбейеді» деген қазақы кеңпейіл қағиданы тұтынған осы кәсіпкер қуаттылығы жылына 18 тонна нан өнімдерін шығаратын нау¬¬байхана да ашыпты. Сондай-ақ, өз қаражаты есебінен ағаш өнімдерін өңдеу және пластик есік-терезе жасау цехын ашқан тұрғын да шаруа¬сын игеріп әкетті. Бұған қоса, Қамыстыбаста қаз шаруашылығын дамыту, түйе өсіруді қарқындату мақсатында, «Құлан» бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы несие алғандар да жемісті еңбек етуде.
Арал теңізі және Қамбаш көлінің орналасуы аудандағы туризм саласының дамуына зор мүмкіндік береді. Облыс көлемінде туристік кластерін дамытуға басымдық беріліп отырған «Байқоңыр» ғарыш айлағына аудан арқылы теміржол және автокөлік жолдары жүргізілген. Сонымен қатар, аудан экономикасын дамытудың басты көзі болып табылатын, жалпы көлемі 494 гектар жерді құрайтын «Қамбаш» демалыс аймағын құру жұмыстары жасалуда. Соған орай «Қамбаш» демалыс аймағын дамытуға қатысты аудан әкімінің арнайы іс-шаралар жоспары жасалып бекітілді. Бұл шаралар аясында туристер үшін қолайлы жағдай жасаудың барлық тетіктері іске қосылады.
Бүгінде кәсіпкерлер тарапынан демалыс аймағына 80-ге жуық нысан салынып, 30 млн теңгеден астам инвестиция құйылып отыр. Көл жағалауында катер, үрлемелі қайық, катамаран, гидроцикл сынды жүзу құрылғылары тынығушыларға қызмет көрсетеді. Құрылыс жұмыстарына 350-ден астам жергілікті адам тартылса, 150-ден астам адам маусымдық жұмыспен қамтылды. Өткен жылғы жазғы демалыс маусымында демалыс аймағына 70 мыңнан астам адам келіп тынықты.
Сонымен қатар, Қамыстыбас демалыс аймағын дамыту үшін қосымша инвестиция тарту мақсатында заңдылыққа сәйкес берілген 1 гектар жер теліміне жеке кәсіпкер М.Өтеев 75 млн теңге қаржы салып отыр. 10 үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып пайдалануға берілді. Аталған демалыс аймағында заманауи үлгідегі волейбол, футбол алаңдары және теннис корттары орналасатын болады.
Кәсіпкері көп ауыл – керемет ауыл.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы,
Қамыстыбас ауылдық округі.