ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚТЫҢ САНАСЫ САУ, СЕЗІМІ СЕРГЕК БОЛСЫН

ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚТЫҢ САНАСЫ САУ, СЕЗІМІ СЕРГЕК БОЛСЫНДүниежүзілік денсаулық күніне орай  «Жастар денсаулығы мен өмірлік дағдылары: заманауи тәсілдер мен озық тәжірибелер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияның пленарлық мәжілісіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Ержан Ерсаинов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының Ұлттық орталығы директоры Жамиля Баттакова, Қазақстан Республикасындағы ЮНИСЕФ бағдарламаларының координаторы Айгүл Қадірова бастаған денсаулық сақтау саласының мамандары мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Конференцияны ашқан облыс әкімі шараның маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысы – Ұлтымыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Алаштың анасына балаған біздің аймақ еліміздің жаңғыруына септік етер жасампаздықтың ортасы, талай батыл бастамалардың қайнар көзі болып келеді. Бүгінгі конференция аясында сөз болатын балалар мен жасөспірімдерге тәрбие беру, оларды түрлі қауіп-қатерлерден сақтап, денсаулығын нығайту, қазіргі заманға қажетті өмір дағдыларын қалыптастыру бастамасы да сол қатардағы аса маңызды елдік мәселе деп білеміз. Көптен бері біздегі саяси және экономикалық айналымнан түсіп қалған адами капитал ұғымы жаңғыртылды, оның сапасын көтеру мәселесі мемлекеттік маңызы бар басымдыққа айналды. Сапалы ұлттық адами капитал – әр жастың тұлға және маман ретінде қалыптасып, жетілуіне қатысы бар барлық салалардың тиімді жұмысына құралатын ортақ нәтиже. Сондықтан адами капиталды жақсарту – салааралық негіздегі жүйелі жұмысты талап ететін күрделі міндет. Ғаламдық деңгейдегі экономикалық тұрақсыздық, экологияның нашарлауы, мәдениет пен моральдің құнсыздануы, жаңа технологиялар мен медианың қуатты күші – әсіресе, өскелең ұрпақтың денсаулығына, ақыл-ойы мен мінез-құлқына, тұлғалық қасиеттері мен азаматтық бет-бейнесіне қатты әсер етуде. Бұл тек бізге ғана тән емес. Барлық озық елдер, жалпы әлем өскелең ұрпақтың тәні мен жанын аман сақтап, оларды санасы сау, сезімі сергек, ертеңінен үміті зор, үлкен өмірге дайындығы жоғары, жетілген тұлға ретінде қоғамға қосудың амалын іздеуде, – деді облыс басшысы.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құ¬қығын қорғау комитеті төрағасының ¬орынбасары Ержан Ерсаинов Білім министрінің республикалық кон-ференцияның ашылуымен құттықтаған хатын оқып берсе, Қазақстан Республикасындағы ¬ЮНИСЕФ бағ¬дар¬ламаларының координаторы Айгүл Қадірова өткен жылы еліміздің Білім және ғылым, Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрліктері мен ЮНИСЕФ-тің бірлесе отырып, Қызылорда облысында суицидтің алдын алуға арналған пилоттық жобасының іске асы¬рыл¬ғаны жөнінде айтып өтіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. 
Жалпы, Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар қоры – ЮНИСЕФ-тің мәліметтері бойынша, қазақстандық оқушылардың жартысы ғана денсаулығы жақсы деген топқа жатады, қалған балалар түрлі аурулар бойынша тәуекел топтарына тіркелген. Жастар денсаулығының индексі жылдан жылға төмендеп келеді. Мәселен, 5-тен 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы суицид, яғни, өзіне өзі қол салу көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемдегі ең нашар он елдің қатарында болса, 15-тен 29 жасқа дейінгі жастар арасындағы суицид жиілігі бойынша еліміз әлемдегі 4-орында екен. 
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының Ұлт¬тық орталығының директоры Жамиля Баттакова «Мек¬теп жасындағы балалардың өз денсаулықтарына қарым-қатынасының тәртібін бағалау және қоғамдық денсаулық сақтау бойынша ұсыныстар» тақырыбындағы баяндамасында облысымыздағы мектептер бойынша жүргізілген зерттеулердің қорытындысымен таныстырды. Мәліметтерге сүйенсек, 11-15 жас аралығындағы мектеп оқушыларының апталық шылым шегу көрсеткіші 1,8 пайызды қамтыса, бұл жастағылардың алкогольді сусындарды апта¬лық тұтынуы 3,6 пайызды құрайды екен. Мектепте айына екі реттен кем емес кемсітушілікке ұшырайтын балалар (11-15 жас аралығындағы) 6,9 пайызды құраса, осы жас шамасындағылар арасында айына екі реттен кем емес өзгелерге күш көрсететін оқушылар көсреткіші 3,7 пайызды қамтиды, ал, 11-15 жас шамасындағылар арасында үш және одан да жиі төбелесетіндер 7,4 пайызды құрап отыр екен. Сондай-ақ, мектеп жасындағы балалар арасында таңғы ас ішпейтін, фас-фуд пен тәтті сусындарды жиі қолданатындардың көп екенін зерттеу нәтижесі анықтаған. Осы орайда мамандар, таңғы ас ішпеу, тәтті сусындарды көп пайдалану балалар арасында семіздіктің белең алуына әкеп соқтыратынын айтады. 
Пленарлық мәжіліс барысында, сонымен қатар,  ¬«Ин¬теграциялық процестер арқылы психикалық ден¬¬¬сау¬лық қызметтеріне қолжетімділікті арттыру» тақырыбында «ҚР ДСМ штаттан тыс бас психиатр-наркологі, «Пси¬хи¬калық денсаулығының рес¬пуб¬ли¬калық ғылыми-тәжірибелік орталығының» бас дирек¬торы Сағат Алтын¬бековтің, «Қызылорда облысын¬да білім беру мек¬тептерінде кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасында суицидті болдырмау мақсатында екіжылдық тәжірибелік жобасын енгізу: жетістіктерге қол жеткізу» тақырыбындағы облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаевтың өзге де бірқатар ма¬мандардың баяндамалары тыңдалды.
Конференция барысында, сондай-ақ, секциялық жұмыс¬тарға кезек берілді. «Кәмелетке толмаған жас¬өспірімдер арасындағы суицидті болдырмау» және «Жас-тар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру дағдыларын үйрету» тақырыптарында өткен секциялық мәжілістерде бірқатар баяндамалар оқылып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды, соңында конференцияның резолюциясы қабылданды. 
Айнұр БАТТАЛОВА.




НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 сәуір 2017 г. 787 0