ЕЛБАСЫ YКІМЕТ БАСШЫСЫН ҚАБЫЛДАДЫ

ЕЛБАСЫ YКІМЕТ БАСШЫСЫН ҚАБЫЛДАДЫКездесу барысында С.Ахметов Мемлекет басшысына еліміздің 2013 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер туралы баяндады, сондай-ақ, индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші кезеңін әзірлеу барысы жөнінде мәлімдеді.
Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» стратегиясын орындаудың нақты жолдарын әзірлеудің, Қашаған мен Қарашығанақ тәрізді ірі жобалар айналасында өндірістік инфрақұрылымдар аясын ұлғайта отырып, оларды одан әрі іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев энергетиканы дамытуға, маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға назар аударды. Бұл орайда Мемлекет басшысы Үкіметтің аса маңызды міндеттері азаматтардың әл-ауқатын арттыру, жұмыспен қамту және қазақстандықтардың әлеуметтік көңіл-күйі жоғары болуын қамтамасыз ету болып қала беретініне тоқталды.
Премьер-министр 2013 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсімі 6% болғанын, инвестиция көлемі 6,5%-ға, өнеркәсіп өндірісі 2,3%-ға, құрылыс көлемі 3%-ға, жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 11,6%-ға ұлғайғанын айтты. Бұған қоса, жұмыссыздық деңгейі 5,2%, инфляция деңгейі 4,8% болды.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы қаралған мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар берді. 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / БИЛІК 14 қаңтар 2014 г. 943 0