«Қуаттың» құбырлары шетелге де шығарылады

«Қуаттың» құбырлары шетелге де шығарыладыДүйсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев полимер құбырларын өндіруші «Қуат» ЖШС-ның жұмысымен танысты. 
Жоғары сапада өнім өндіретін компания 1992 жылы шаруашылық субъектісі ретінде құрылып, 1996 жылдан бастап өндіріс қызметін бастаған болатын. Бүгінде шаруашылықта жоғарғы тығыздықтағы төмен қысымды полиэтилен және поливинилхорид өнімдері өндірілуде. Кедендік одақ стандартына сай жұмыс атқарып, диаметрі 25-630 мм-ге дейін ТНД, 90 мм ПВХ құбырын жасауда компанияның мүмкіншілігі зор. Өндіріс базасы төрт өндіріс цехы, шикізат және дайын өнімдерге арналған қойма, кран асты аумағынан тұрады. Бүгінде «Қуат» ЖШС Ресей, Германия, Қытай секілді алпауыт елдерден әкелінген озық қондырғылар арқылы  су, кәріз, газ жүйесіне, жерасты ұңғымаларына арналған құбырлар даярлап еліміздің барлық аумағы мен Ресей мемлекетіне экспорттауда. Сондай-ақ, 2012 жылдан бастап жаңа құрылғы негізінде диаметрі 450 мм-ге жететін ПНД құбырынан жасалған дәнекерленген фитингтер (құбыр элементтерін байланыстырушы) өндіруді де қолға алған. Алайда, атқарылар шаруаның барлығы тапсырыс негізінде орындалады. Яғни, тапсырыс берушілердің қажетіне қарай құбырлар жасалып, дайындалуда. Мекеменің алдында тұрған басты мәселе де осы. Себебі, өнім өндіруде мүмкіншілік мол болғанымен, тапсырыс берушінің тапшылығынан кейбір цехтар жұмысын тоқтатуға мәжбүр.
«Қуаттың» құбырлары шетелге де шығарылады«Бізде өнімді дайындауға Еуропа, Ресей және Араб елдерінде өндірілетін жоғары сапалы ПНД шикізаты  қолданылады. Құбырлар диаметрі мен қалыңдығына орай бөлінеді. Қазіргі сәтте ШАП-50У конструкциясы полиэтилленнен жасалған арматурланған шланга желісі өндірісте қолданылуда. Оған қоса ТНД және ПВХ обсадтық трубаларын су қоршау және жерасты ұңғымаларын сілтілеу үшін тірек дискілі фильтрлерімен бірге өндірілуде. Шығарылған өнімге 50 жылға дейін кепілдік береміз.Сонымен қатар, жылына 7 мың тоннаға дейін өнім өндіруге қабілеттіміз жеткілікті», - деді  «Қуат» ЖШС-ның өндірістік цех бастығы Сауранбек Сүйінтаев. 
Он бір технологиялық желі арқылы құбырдың сан түрін шығарған мекеме 2012 жылы 800002 текше метр құбыр өндірсе, өткен жылы 825000 текше метр өнім даярлаған. Өндіріс орнын таныстыру барысында компанияның бас директоры Асылбек Ыбыраев мекемеде бүгінгі күннің талабына сай жұмыстың атқарылып жатқанын  аймақ басшысына жеткізді. Сонымен бірге, сұраныстың аздығын да атап өтті. Барлығын бағамдап, саралаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңірімізде жүргізіліп жатқан газ, су жүйелері үшін өнімді өзге аймақтан емес, өзімізден алу керектігіне тоқталып, алдағы уақытта тапсырысты аталмыш компанияға беруге бірқатар басшыларға тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, өңірдің  экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып жатқан серіктестіктің басшылығына алғысын білдірді.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ДӘУЛЕТ 14 қаңтар 2014 г. 912 0