Бірінші сыныптан бастап бірге оқығасын ба ,қатарластарыңның қаншалықты қабылет-қарымы бар екенін аңғарасың. Жақсылығына қуанып, жетістігіне марқайып, ортақтасасың. Кейбірінің арманшыл да,талапшыл, еңбек сүйгіштігіне тәнті боласың. Оқуға деген ерекше қабылеті мен алғырлығына, жаңашыл идея туғызғыштығына қызығып, қайран қаласың. Әсіресе оның адамгершілік қасиетіне, досқа деген жанашырлық қамқорлығына сүйсініп, жаныңа жақын санайсың. Іштартып құрметтеп, сыйлап тұрасың.
Сондай жаны жайсаң, ақ көңіл, досқа деген адал, балалық кезден сыр-сипатына қанық таныс-біліс құрбым, әрі сырласым Алтынбек Жеңісбекұлын әр кез бағалаушы едім. Ол сабаққа да, қоғамдық жұмысқа да ,спортқа да еш қалтықсыз үлгіріп, табыстарға жетіп жүретін. Басқа достарыма қарағанда оқ бойы озық тұратын, жанашыр досым болатын. Бір-бірімізді қатты сыйлайтынбыз. Көп сыныптастарым соған еліктейтін, сондай болғысы келетін. Кеуде керіп, тұмсығын көтермейтін, жаны жайсаң, қабылет- қарымы, кішпейілдігімен айналасындағы дос-құрбыларын да сыйлата білетін. Әрі қай салада да өзін-өзі шынайы бейнесімен, табиғи мінез-құлқымен,қарымды қабылетімен, қай тапсырылған істе де алғырлығымен көзге түсетін.
Бір сөзбен айтқанда Тасбөгет кентіндегі № 176 орта мектептің озаттары көшін бастап жүрді . Сөйлеген сөзі, тұрған тұрысы, жұртпен қарым-қатынасы өмірдің бар кезеңдерінен сыналып, сүзіліп өткендей, азаматшылық бейнесі анадайдан менмұндалап, ерекше сезіліп, өте сүйкімді көрінетін.Одан мектептің қандай қоғамдық жұмысы болса да қалыс қалмайтын. Тындырымды әрі сапалы атқаратын. Атына сөз келтірмейтін. Көшбасшылық ролін соншалықты мойындап, оны үнемі алдымызға салып жүретінбіз. Қызмет бабында да сондай болды. Сөзді де, істі де сол бастайтын. Әйтеуір орайын келтіріп, жымдастырып жіберетін. Қандай іске араласса да тындырымды атқарып, әр кез құрметке бөленетін.
Бірде;
- Алтынбек, сен сабақта да, қоғамдық жұмыста да үздіксің. Қатарларың саған ілесе алмай келеді,- дегенмін.
Сонда ол ойланып қалды.
- Досым, қатарымызда орташа оқитын кейбір достарымыз, келе-келе қабылет қарымы ашылып, бізді де басып озып, қызмет баспалдағында биікке көтерілетіндері де табылып қалады. Адам деген жұмбақ әлем. Бара-бара ашылып, дүзу жолда оза шабатындар бар. Тек одан үміт күту керек. Күдер үзбеген жөн,- дегені бар.
Шынында да солай болды. Тағдыр маңдайыңа не жазсада көтересің. Ондай оза шапқан сыныптастарымыз бар. Біздің алдымызды орап, бизнесте де, мемлекеттік қызметте де, күнделікті өмірде де бағы жанғандар баршылық. Біз оларға қызғанып емес, қызығып қарайтын, жетістігіне бірге марқаятын дәрежеге жеттік. Сонысымен олар қоғамымызды дамытуға өзіндік үлестерін қосып жатыр.
Алтынбек мектепті өте үздік бітірді. Алысқа ой бойлатып, көз жібергенмен, өз қаласындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің экономика факультетіне оқуға түсті. Оқып жүріп өзін жан-жақты көрсетті. Оқудан қол үзбей, еңбекке араласты. Мұнысы сабақ үлгіріміне кедергі бола қойған жоқ. Теориялық білімін, қызметпен ұштастырып, толықтырды. Мол тәжірибе жинақтады. Жаңа заманның талабына сай бейімделіп, ыңғайланып, нені мақсат етіп, айналысса да соны терең меңгерді, табысты нәтиеже шығарды. Студент болып «Темірхан-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде және Қазақстанның іскер әйелдер ассоциясының облыстық бөлімінде үйлестіруші қызметін ойдағыдай атқарып қыр-сырын терең түсініп, өзіне сеніп тапсырылған жұмысты абыройлы атқарып, нарықтық экономиканы ойдағыдай меңгеріп, ілгерілетіп, мол білікті тәжірибе жинақтады. Өзі атқарған салада ақыл-кеңес беретіндей дәрежеге жетіп, үлкен сенімге ие болып, болашығынан баянды үміт күттірді.
-Балам, оқу мен қызметті қатар алып жүру саған оңайға соқпайды. Әлі жассың. Мамандық алғаннан кейінде, білім деңгейіңе байланысты көп нәрсеге әлі үлгіресің. Асық па, аптық па? Біліміңді жетілдіре түс,-деген болатын әкесі Жеңісбек пен анасы Несіпкүл.
-Сіздерді мен жақсы түсінем. Бірақ мына заманның жетістігінен қалып қоймауым керек. Сондықтан да бәріне үлгіруім керек әке, апа! Егемен елдің нағыз маманы жан-жақты қабылетті болуы керек. Мына желдей жүйткіген жүйрік заман бізден осыны талап етіп отыр, -деп ата-анысын осы ақылымен мойындатқан еді.
Сол өмірге деген құштарлығы, жетістікке жетсем деген талапты ынтасы «Петро Қазақстан Кұмкөль Ресорсиз» мұнай компаниясына алып келді. Мұнда да конкурстен мүдірмей өтіп, экспедитор-қабылдаушы болып орналасты. Кейін паспортизация бөлімінің, сатып алу маманы дәрежесіне көтеріліп, шет елдермен қарым-қатынас жасап, өндірістің өрге басуына барынша ықпал етті. Алғыстарға бөленді. Құрметке ие болып, мақтау қағаздары мен сый-сияпатқа кенелді. Қызметі одан сайын өсті. Мұндай білікті. жаңашыл кадр қай өндіріс орнына да ауадай қажет еді. Алтынбекті "Қуат Амлон Мұнай" мұнай кәсіпорны қызметке шақырып, сатып алу және логистика бөлімінің бастығы қызметіне тағайындады. Өндіріске тың серпіліс, мол табыс әкелуге себепші болды. Талабы өрге басты. Жауапты жұмыстар сеніп тапсырылды. Соның бәрін қалтықсыз, тиянақты мұқият орындап, талапқа сай жүзеге асырды.
Көптен бері оң қабақ танытып жүрген сүйген қызы-Самалға қосылды. Әйелі де жеке кәсіпкерлікті ұршықша игерді. Алтынбек жарынан ақыл-кеңесін аянған жоқ. Табыстарына табыс қосылды. Еңбектері жанды. Ерекше бақытқа бөленді. Отбасында Ақылбек, Әділбек, Мадияр ұлдары мен Аяна атты қыздары дүниеге келіп, жанұяның шамшырағы жарқырап, айналасы нұрға бөленіп, қамқор әке атанды.
Алтынбек аң мен құс аулағанды жақсы көруші еді. Бос уақыттарын кең дала, таза ауада, табиғат аясында өткізуді басты мақсат тұтатын. Мұндайда достары Ернар, Жан, Ғалымжан, Бауыржан, Мардан, Айсбек, Максат, Сабит, Алмат қасынан табыла кететін. Солармен қансонар шақты бірге өткізіп, рахаттана тынығып, серігіп,бойлары көтеріліп қалатын. Өзіңді жақсы түсінетін сырлас жолдастармен демалысыңды бірге өткізу қандай жақсы. Сол достары өмірде жанында мәңгі жүріп, құшақтары ажырамастай сезінетін. Тағдыр қатал ғой. Алтынбек аяқастынан ауруға ұшырады. Бармаған жері, емделмеген дәрігері қалмады. Сонда да қызметінен қол үзген жоқ. Ол басқарған бөлім өндіріске миллиондап пайда келтіріп, рентаблдігі арытты. Озық жаңалықтар, технологияның жетістіктері нақты жұмыс барысында қолданыла бастады. Қызметі өрге өрледі. Оны басшыларда бағалай білді.
Кеше ғана өмірге келген жап-жас тұңғыш ұлы-Ақылбегі Алматы қаласындағы Алматы бизнес академиясына оқуға түсіп, студент атанды. Сол сәтте Алтынбек «Менің өмірімнің жалғасы ғой, қадамы сәтті болғай» деп, жатқан жерінде бір аунаған шығар. Қалған балдары да мектепте үздік оқиды. «Әке үмітін осылар ақтап, жалғастырар» деп, ауырып жатса да Жаратушыдан тілеп, армандады. Бірақ бойға сіңген дерт Алтынбекті алып тынды. Қазасы оны білетіндердің жанына қатты батты. Оның орны жанұясы мүшелеріне де ,достарына да ойсырап толмай тұрғандай сезілді. Бірақ амал барма, маңдайға жазған тағдырға. «Отбасының жанжарасын сездірмеймін, ошақ отын сөндірмеймін отағасымның» деп жары Самал төрт баласын аялап, қамқор болып жүр. Жақсы тәрбие алған ұл-қыздары әкесінің орнын жоқтатпайтынына көзіміз жетеді. Ол Алтынбек досымыздың артында қалған тірі көздері ғой. Ұзақ жасап, бақытты болғай ұрпақтары. Алтынбек балалары үшін әрдайым өнеге болып қала бермек.
Жасұлан Уәлиұлы .