Мемлекет басшысының жыл басында Қазақстан халқына жариялаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын міндеттердің бірі – «Басым салаларда бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамыту үшін индустрияландыруды жалғастыру» болып табылады. Осы ретте, бұл бағыттағы жұмыстар облыс көлемінде Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында жүргізілуде.
Бірінші бесжылдық аясында өңірде 17 жоба іске қосылғаны белгілі. Екінші бесжылдықта іске асырылатын 24 жобаның бүгінгі күні 4 жобасы іске қосылды. Бұл кәсіпорындар экспортқа балық, тұз, сұйытылған газ, ванадий және биылғы жылдан бастап мия тамыры өнімдерін шығара бастады.
Облыстық индустриялық-иннова¬ция¬лық даму басқармасы мамандарының берген мәліметтеріне сай 2017 жылдың қаңтар-ақпан айларында барлық іске қосылған кәсіпорындар 2,5 млрд теңгенің өнімін өндірген болса, оның үштен бірі, яғни, 925,2 млн теңгенің өнімі экспортқа шығарылған. Есепті кезеңде картадағы жобалармен экспортқа шығарылған өнім көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,8 есеге өсті (2016 жылғы қаңтар-ақпанда – 479,6 млн теңге).
Айта кету қажет, өткен жылы картадағы жобалардың өнімі 8 мемлекетке шығарылған болса, 2017 жылы 10 мемлекетке жөнелтіліп отыр. Сонымен қатар, 2017 жылы Индустрияландыру бағдарламасы аясында өнімі экспортқа бағытталған екі бірдей жоба іске қосылатын болады. Оның бірі, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылатын «Тримо» серіктестігінің «Үшоксидті молибден өндіру» жобасы. Өндірілген өнім Жапония және т.б. елдерге 100 пайыз экспортталады (құны – 871,5 млн теңге, қуаты – 500 тонна молибден өндіру, жұмыс орны – 58 адам).
Екінші ірі жоба – жыл соңына дейін іске қосылуы жоспарланған «Шыны зауыты» жобасы (құны – 36,7 млрд теңге, жұмыс орны 226 адам). Кәсіпорын іске қосылғанда жылына 197 100 тонна шыны өндіріп, оның 30 пайызы шетелге экспортталатын болады.
Сонымен қатар, бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды құру мақсатында, бағдарламасы аясында 2017 жылы тампонажды және құрылыс цементі зауыттарының құрылысы жалғасады. Шалқия кен байыту комбинатының, кальцийленген сода және құс фабрикасының құрылыстары басталады. Келер жылға ванадий кенішінде кен байыту фабрикасы, мотор майын шығару, титан өндіру және томат пастасы жобаларының құрылысы жоспарланған. Қазірден бастап жобаларды іске асыруға қажетті сырттан келетін құрал-жабдықтарға кедендік баж салықтарынан босату, басқа да салық түрлерінен босату сияқты жеңілдіктерді алуға Инвестиция комитетімен жұмыс жүргізілуде.
Бәсекеге қабілетті өндірістер құруды жалғастыру және картағы жобалардың санын ұлғайту мақсатында жаңадан құны 59,3 млрд теңгені құрайтын 4 жоба аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олар:
100,0 мың тонна метанолдан бензин алу жобасы «Petrosilkway» ЖШС, құны – 54,9 млрд теңге.
1200 басқа арналған сүт фермасы жобасы, «Рза» АҚ, құны – 2,1 млрд. теңге.
Түйе мен жылқы сүтін өндіру, бордақылау алаңын ұйымдастыру жобасы, «Жеңіс» ШҚ, құны – 385 млн теңге және т.б.
Қызылорда қаласында мия тамырын өндіру зауыты жобасы, «БисГрупп» ЖШС, құны 1887 млн теңге.
Картадағы өндірісі тоқтап қалған кәсіпорындардың жағдайын жақсарту бойынша да әрекеттер жасалуда.
Жаңақорған ауданындағы томат пас¬тасын өндіретін зауытқа Оңтүстік Қазақстан облысынан жаңа инвестор – «Зерде» кәсіпорнын тарту арқылы оңалту жасалды. Қазір томат егу үшін 200 гектар жер әзірленіп, голландиялық тұқымдар жеткізіліп, сәуірдің 15-нен егу жұмыстарын бастау көзделуде. Қызылорда қаласындағы «Шөгірлі» шаруа қожалығының жабылған сүт зауыты орнында мал бордақылау алаңын ұйымдастыру үшін құрылыс жұмыстары басталды.
«БисГрупп» серіктестігіне жаңа инвестор тарту арқылы зауыт іске қосылып, өнімін экспортқа шығара бастады. Дәл осындай тәсілмен «Алтын бала-08» серіктестігінің жұмысын жүргізуді мақсат қойылып отыр.
Сонымен қатар, облыста картадан тыс аудандар көлемінде өнімі бәсекеге қабілетті шағын кәсіпорындар белсенділікпен ашылып, жұмыс жасауда. Бір ғана Шиелі ауданында жыл басынан бері 2 шағын кәсіпорын ашылған.
Құтыдағы шұбат өндіретін облыс бойынша жалғыз кәсіпорын (ЖК «Ермаханов» - АруАна түйе сүтін өңдеу цехы) ресейлік жаңа құрал-жабдық алып, қуатын ұлғайту арқылы жаңа өнімдер – йогурт, қаймақ, сүт және айран шығара бастады. Сонымен қатар, «Мөлдір и К» серіктестігінің 11 мың басқа арналған құс фабрикасы ашылып, жылына 4 млн дана жұмыртқа мен 65 тонна құс етін өндіру көзделуде.
Қазалы ауданында балық өнімдерін экспортқа шығаратын 2 зауыттың қуаты тәулігіне 2-3 тонна болса, жыл соңына дейін жаңа желілерін іске қосу арқылы қуатын 2 есеге ұлғайтып, тәулігіне 4-5 тоннаға дейін жеткізу жоспары бар. Сондай-ақ, «Сыр маржаны» серіктестігінің жұмыс жасап тұрған мал бордақылау алаңы негізінде жылына қуаты 2 мың тонна ет консервісін шығарытын өндіріс ұйымдастыру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Облыста жаңа өндірістер ашу мүмкіндіктерін қарастыру үшін көршілес өңірлермен аймақаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өту керек. Қазіргі таңда Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы 80-ге жуық кәсіпорын іріктеліп алынып, байланыс орнату бағытында жұмыстар қолға алынуда.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.