АТАКӘСІПТІ АЛҒА ОЗДЫРҒАН

АТАКӘСІПТІ АЛҒА ОЗДЫРҒАНҚармақшы ауданының орталығы – Жосалы қыстағынан шеткері қонған үйдің төрт түлік малдың ыңғайына қарай жайланғаны бірден көзге түседі. Есік алдындағы мал бордақылауға арналған жабық қора жаңадан салынған. Үй иесі Есіркеген Ідірісовтің  атакәсіпке бет бұрғанына біраз болыпты. 
– Бұрын мал басын көбейтуге ғана мән беріппіз. Оның машақаты, жем-шөбі, жайылымы, жыл он екі бойы күтімі оңай емес.  «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен 4 млн теңге несие алып, мал бордақылаумен айналысуға былтыр кірістім, – дейді ол. 
 Есіркегеннің мал қорасы 30 басқа арналған. Өз аяғымен жайылмаған малдың да бабын жасау оңай шаруа емес. Мезгіл-мезгіл жемшөбі, суын беру, орнын тазалау керек. Кәсіпкер қыс бойы Жосалы мен Төретам кенттеріндегі, Байқоңыр қаласындағы дүкендерге шамамен 2 мың тоннадай ет өткізген. Қазір қорада тұрған 30 бас сиырдың да күйі келісті. Бұл жерде 2 адам жұмыс істейді. Болашақта тағы да несие алып, 60 басқа арналған бордақылау алаңын салу жоспары бар. Сонымен бірге ескі мал сою алаңын жөндеп, барлық санитарлық талапқа сай етіп жабдықтауды мақсат етіп отыр. 
– Кәсіп ашамын деушілерге ұсынылған мүмкін¬діктерді дер кезінде пайдалану керек. Оның ішінде мал өнімдерін өңдеушілерге қолдау көрсетілмек. Осы ретте асыл тұқымды сүт бағытындағы сиырлар алып, шағын сүт зауытын ашу да ойымда бар, – дейді жеке кәсіпкер Есіркеген Ідірісов.
 «Мал баққанға бітеді» демекші,  кәсібін дөңгелетіп, шаруасынан шашау шығармай отбасылық бизнеске айналдырған кәсіпкердің жеткен межемен тоқтап қалмайтыны байқалады. Істің қыр-сырын әбден меңгергендіктен, мал шаруашылығын өркендетуге жаңа мүмкіндіктің көзін іздеп жүреді. Мемлекеттің аграрлық секторды дамытуға бағытталған бағдарламаларына, несиелендіру бағыттарына құлағы түрік. 
– Ауылдағы ағайын атакәсібінен түпкілікті ажырап қалған жоқ. Жеңілдетілген несиелер мал басын арттыруға да, мал өнімдерін өңдеуге де жол ашады, – дейді кәсіпкер.  

Г.ЖАЛҒАСОВА.
Қармақшы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 сәуір 2017 г. 741 0