ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрілердің бағасын реттеу үшін заң жобасын әзірлеп жатыр. «Бізге тез арада іс-қимыл жоспарын әзірлеп, кәсіпкерлермен бірге барлық түйіткілдерді талқылауымыз қажет. 2017 жылдың тамызына қарай тиісті заң жобасын әзірлеп, Үкіметке енгізуді жос¬парлап отырмыз», – деді бұл туралы министр Е.Біртанов.
Дәрі-дәрмек сатып алу саласында 2015 жылдан бас¬тап баға белгілеу жүйесі табысты жұмыс жасап келе жатқанымен, Денсаулық сақтау министрлігінің бөлшектік нарықтық бағасына әсер етуге ешқандай өкілеттілігі жоқ. Осыған байланысты дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмек бағасын бюджет қаражатынан сатып алынатын дәрі-дәрмек бағасымен салыстырғанда 3-4 есеге көтеріп жіберген жағдайлары кездеседі. Ал мемлекет «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР кодексіне өзгерістер енгізген соң ғана бөлшектік сегментті реттеуге құқылы болады.
Бағаны реттеуді қолға алған министрлік фармацевтика бизнесімен айналысып отырғандарды тәубесіне келтіруді көздеп отыр. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі аурухана мен емханалардағы бағаларды ғана реттеп келді. Дәріханалардағы дәрі бағасы бетімен кеткелі қашан. Мұндағы қымбатшылыққа шағымданатын тұрғындардың саны уақыт өткен сайын арта түсуде.
«Елімізде дәрінің 8 мыңға жуық түрі бар. Соның тең жартысының бағасын мемлекет реттемейді. Сондықтан баға әртүрлі. Енді дәрі-дәрмек нарығын толық бақылау үшін «Денсаулық туралы» заңға өзгеріс енгізіп, дәріхана иелері бағаны жөнсіз өсіруге тыйым саламыз», – дейді Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төр¬айымының міндетін атқарушы Лариса Пак.
Осыған орай алыпсатарлардан құтылу үшін интернет арқылы медициналық препарат сататын сайттардың жұмысы жетілдірмекші. Осы арқылы министрлік бағаны ұстап тұрамыз деген үмітте.
Дәрілік өнімдердің басым бөлігі Ресейден тасымалданатын болғандықтан өндірушілерден дәріханаға жеткенше баға шарықтап, тұтынушының қолына бірнеше есе өсіп тиеді. Ал отандық дәрі өндірушілер ішкі сұраныстың межелеген 30 пайыздық көрсеткішін қамти алмай отыр.
Үстіміздегі жылы дәрі-дәрмек бағасын реттеуді көршілес Қырғызстан, сондай-ақ Әзірбайжан да өз қолына алды. Қалыптасқан жағдай бойынша, қырғыз елінде де дәріханалар бір препаратты әртүрлі бағада сатуда. Мұнда алдымен аса қажетті дәрілердің бағасы бақыланады. Қазір елде дәрі-дәрмек бағасы жеткізушілер мен сатушылардың құзырында. Осыған орай Үкімет елдегі жеке қолдарға өтіп, бақылаусыз қалған фармацевтикалық саланы реформалау керек деген қорытындыға келіп отыр.
Қырғыз үкіметінің шешімін дәріхана ісімен айналысып жүрген жеке кәсіпкерлер де қолдауда. Олардың айтуынша, саланы ретке келтіріп, дәрі-дәрмекті халыққа қолжетімді ететін уақыт әлдеқашан жеткен. Егер билік бастаған істі аяғына дейін жеткізсе, кәсіпкерлерге де, халыққа да тиімді болады. Дегенмен, Үкімет бұл бастаманы жүзеге асыру көп уақытты қажет ететіндігін айтады. Онда бағаны реттеудің тиімді жүйесін құрып қана қоймай, тауарды әкеліп, сатумен айналысатын кәсіпкерлердің де мүддесін қорғау керек. Сондықтан Үкімет елдегі барлық препараттың емес, алдымен аса қажетті дәрілердің бағасын реттеуді қолға алу қажеттігін айтады.
Дайындаған Ж.ӘЛМАХАН.