МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ КӘСІБИ БЕЛСЕНДІЛІГІ ЖОҒАРЫ

МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ КӘСІБИ БЕЛСЕНДІЛІГІ ЖОҒАРЫҚылышбай БИСЕНОВ, 
облыстық мәслихат депутаты, 
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ректоры, 
техника ғылымдарының докторы, профессор:
Аймақтың әлеуметтік-экономикалық бағдар¬ламаларын, облыстық бюджетті бекітуде, басқа да маңызды мәселелерді шешуде жергілікті мәслихаттардың ролі жоғары. Халық сайлаған депутаттардың міндеттері қай кезде де жауапты әрі күрделі. Осы ретте облыстық мәслихат депутаты Қылышбай Бисеновпен сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Бюджетті талқыға салатын сессия кезіндегі депутаттардың белсенділігі қандай?  
– Тек қана бюджетті бекіту мәселесі бойынша емес, мәслихат депутаттарының жалпы белсенділігі өте жоғары. Сессия шақырылған кезде тұрақты комиссиялар отырысында бюджетке байланысты талқылаулар жиі болып тұрады. Мұндай талқылаулар бюджет қаражатын бірінші кезекте қай салаға немесе жобаларға бөлуге, қандай көкейтесті мәселелерге басымдық беруге қатысты туындап отырады. 
– Қай бағыттағы мәселелерді шешу көбірек уақыт алады? 
– Тәжірибе көрсеткендей, денсау¬лық пен білім беру салаларына қатысты мәселелер өте белсенді түрде  талқыланады. Себебі, қандай да болмасын әлеуметтік топқа жататындығына қарамастан, әрбір азамат үшін бұлар өте маңызды. Қазіргі таңда білім саласында мектепке дейінгі 791 ұйым жұмыс істейді, онда 52 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Оның 158-і – мемлекеттік, 384-і – жекеменшік балабақша, 249-ы – шағын орталық. Облыста жалпы білім беретін 293 мектеп бар. Онда 143 мыңға жуық бала білім алуда. 2016 жылы 6564 оқушы мектеп бітірсе, оның 4478-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, өткен жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға артты. 
ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 82,7 болды. 143 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 54 түлек үздік аттестат алды. ҰБТ-ға қатысып 50-ден жоғары балл жинаған талапкерлердің 1849-ы, яғни 44,2 пайызы қазақстандық және ресейлік ЖОО-да білім гранты негізінде оқуға мүмкіндік алды. Өткен жылы мектеп бітіруші түлектердің 95 пайызы колледждер мен университеттерге оқуға қабылданды. 2016 жылғы сәуір айында Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларындағы ЖОО-ларға түсу үшін жүргізілген конкурс нәтижесінде 110 мектеп бітіруші білім грантына ие болды. Техникалық және кәсіптік білім беру саласы бойынша 2015-2016 оқу жылында 31 колледжде аймақтың еңбек нарығына қажетті 97 мамандық 160 біліктілік бойынша 22527 оқушы білім алды. Қазіргі кезде оқу орындары мен кәсіпорындар арасында әлеуметтік-әріптестік бағы¬тында және дуальді оқытуға негіз¬деліп жасалған келісімшарттар бітірушілердің тұрақты жұмысқа орналасуына ықпалын тигізуде.
– Сайлаушыларды көбіне қандай сұрақтар мазалайды? 
– Оларды мазалайтын басты мәселе – жұмыспен қамту. Нарықтық қатынастарға негізделген жаһандық экономика әркез жұмыссыздықты тудырып отырады. Басқа елдерге қарағанда бізде жұмыспен қамту мәселесі біршама оңтайлы шешіліп келеді. Облыс көлемінде жаңадан жұмыс орындарын ашу жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Облыстың экономикалық және әлеуметтік даму басымдықтары, мақсат-міндеттері Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясына сәйкес айқындалып, іске асырыла бастады.
Облыс экономикасын әртарап¬тандыру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы экономиканың тұрақты және теңгерімді өсімін қамтамасыз ету үшін облыстың өнеркәсіп құры¬лымында өңдеу секторының үлесін жоғарылату бағытында жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына «Индустриялық-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламаларының жүзеге асырылуы негіз болып отыр. «Бизнестің жол картасы бағытында-2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлікті қолдауға 2016 жылы 1,7 млрд теңге бөлінді. Бұл – мемлекет тарапынан іс бастаймын дегендерге үлкен көмек. Жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жасалған ауқымды жұмыс.
– Барлық сайлаушыға ортақ өңірдің даму ерекшеліктері туралы айтып берсеңіз?
– Жалпы, облыста экономиканың барлық саласында алға жылжу байқалады. Ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдауға биыл айтарлықтай қаржы бөлініп, бұрынғы жылдармен салыстырғанда едәуір дамыды. Аграрлық секторға салынған инвестиция көлемі де жылдан-жылға артуда. Әлеуметтік маңызды тауар түрлерінің бағаларын тұрақтандыру мақсатында маңызды азық-түлік өнімдерінің қорын қалыптастыру, әлеуметтік дүкендер желісін дамыту бағытында да ауқымды жұмыс атқарылуда. Тұрғын үйлер салып, пайдалануға беру бойынша Қызылорда қаласы – республикада Астанадан кейінгі 2-орында. Соңғы 3 жылда 12 шағын ауданның салынуы – өңір тарихында бұрын-соңды болмаған құбылыс. Соңғы жылдары көлік инфрақұрылымын дамытуға баса назар аударылуда. Облыс көлеміндегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөңдеуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға 2016 жылы республикалық, облыстық және аудандық бюджеттер есебінен қомақты қаржы бөлініп, нәтижелі жұмыс жүргізілді. Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп «Қызылорда қаласының жылу жүйелерін салу және жаңғырту» жобасы бойынша жұмыстар жалғасуда. Қызылорда қаласында Сырдария өзенінің сол жақ жағалауын игеру бағытында сең қозғалды. 
Газдандыру мәселесі бойынша облыстың аудан орталықтары мен қала маңындағы елді мекендерді газдандыру «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының бойында қарастырылған құбыр желілері арқылы жүзеге асырылуда. Сумен қамтамасыз етуде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша өткен жылы сумен қамту жүйелерін жаңғырту бойынша 2 жобаға 3,8 млрд теңге бөлінді. Қызылорда қаласының сумен қамту және суды бұру жүйелерін дамыту мақсатында «Еуропалық қайта құру және даму банкімен» кредиттік келісімшарт жасалып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәдениет саласы бойынша 397 мәдени нысан халыққа қызмет көрсетеді. Спорт саласында салауатты өмір салтын ұстану, спортпен айналысу бұқаралық сипат алып келеді. Әсіресе, жастардың салауатты өмір сүру ұстанымын таңдауы бізді, ұстаздарды, ерекше қуантады.
– Сайлауалды бағдарламаңыз туралы және оның орындалу барысы жөнінде айтып берсеңіз. Кезегін күткен қандай мәселелер бар?
– №17 «Мектеп» сайлау округінде 15 мыңға жуық сайлаушы бар. «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVІІ съезінде қабылданған «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасын басшылыққа ала оты¬рып, сайлаушылардың мақсат-мүдделерін сараптай отырып жұмыстар жүргізіп келеміз. Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасының жүйелі жүзеге асуын белсенді түрде жүргізу, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде сайлау округінде жол жөндеу және жарықтандыру жұмыстарының сапалы іске асуы, Қызылорда қаласының Бас жоспарына сәйкес қаланың инженерлік-коммуникациялық инфра¬құрылымын дамытуға бағытталған бағдарламалардың орындалуы, индустриялық-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қабылданған инвестициялық жобалардың іске асуы және сол арқылы жаңа жұмыс орындарының ашылуына белсенді қолдау көрсету, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білікті  мамандар даярлау үшін жоғары және арнаулы оқу орындарын тиімді басқару жүйесін жетілдіру үшін жұмыс жүргізу – басты назарда. Одан бөлек, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу мен технологияларды коммерцияландыру үшін тиісті мекемелермен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға қол жеткізу, 2016-2017 оқу жылынан Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін  облыстағы жалпы білім беретін мектептерге жүйелі әрі сатылы түрде енгізуге ықпал жасау, 2017 жылдан бастап Елбасы тапсырмасы бойынша «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жаңа білім беру жобасын жүзеге асыру қажеттілігі тұр. Өңірдегі мектептердің, әсіресе, шағын комплектілі мектептердің педагог-кадрларға деген сұранысын ескере отырып, қосарланған мамандықтар бойынша мектеп мұғалімдерін даярлауды қалыптастыру, экономикалық қауіпсіздіктің алдын алу, көлеңкелі экономиканы болдырмау, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында қоғамда жемқорлықтың кез келген көрінісіне мүлде төзбеушілік ахуалын қалыптастыру үшін жүйелі насихат жұмыстарын жүргізу – сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары.
Әрине, сайлау округінде бұдан басқа да көптеген әлеуметтік, инфра-құрылымдық мәселелер бар. «Мектеп» сайлау округінің жартысы темір жолдың арғы беті – КБИ шағын ауданында орналасқан. Сол себепті жолдарды жөндеу, жарықтандыру жұмыстарын жүргізу және сайлаушылардың көтерген ұсыныстары назарымда. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Абай даңғылы бойындағы №5 оқу ғимараты жанынан бағдаршам немесе жаяу жүргіншілер көпірін салу мәселесі өте өзекті. Ал сайлаушыларды жекелеген сұрақтары бойынша қабылдау «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында арнайы кесте бойынша өткізіледі. Депутаттардың басым бөлігі «Нұр Отан» партиясы атынан сайланғандықтан біз депуттаттық қызметімізді партияның сайлауалды тұғырнамасына сәйкес жүргіземіз. 
– Құрылғанына биыл 100 жыл толған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің бірі Міржақып Дулатұлы: «Зиялы қауым халықтың қамын ойлауға міндетті» деген болатын. Зиялы қауым өкілі, халық қалаулысы ретінде депутат қандай болу керек деп ойлайсыз?
– Алаш ардақтысының бұл көзқарасы өткен ғасырдың 20-30-жылдары ұлтымыздың зиялы қауымы қалыптаса бастаған тұста өмірге келген саяси-танымдық пікір болса керек. Ал «депутат қандай болу керек?» деген сұраққа келсек, бірінші кезекте кәсіби жоғары біліктілік пен терең білім керек дер едім. Әрбір депутат белгілі бір саланың білгір маманы болуы шарт. Екінші кезекте оның өмірлік мол тәжірибесі, сайлаушылармен тікелей сұхбаттаса алатындай, солардың тұрмыстық мәселелеріне, мұң-мұқтаждарына терең бойлай білетіндей қабілет-қарымы болуы керек. Үшіншіден, өз сайлаушыларын толғандыратын түрлі мәселелерді талдап-таразылап, оларды шешу жолдары мен тетіктерін анықтап, мәселені жүйелі түрде атқарушы билік назарына ұсына білу де – депутатқа қажет басты қабілеттердің бірі.
– Білім саласындағы сізді тол¬ғандыратын басты мәселеге байланысты және өзіңіз басқаратын университет туралы айтып берсеңіз? 
– Мені әрдайым толғандыратын бас¬ты сұрақ – жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беру мәселесі. Университет басшысы ретінде бұл – менің өмірлік ұстанымым. Білім беру сапасын қамсыздандырудың тәуелсіз қазақстандық агенттігi 2016 жылы өткізген Қазақстандағы үздік көпсалалы жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингінде университет 10-орынды иеленді. Осылай республикадағы бірінші ондыққа ендік. ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы Бақылау комитетінің 2016 жылғы 31 наурыздағы бұйрығымен университетте 3 жыл мерзімге 6D072900 – құрылыс және 6D073000 – құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрастырылымдарын өндіру мамандықтары бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін беру жөніндегі докторлық диссертациялық кеңес ашылды. 
2015 жылы – университет PhD докторантурасының 2 түлегі, 2016 жылы – 5 түлегі, 2017 жылы 1 түлегі докторлық диссертацияларын сәтті қорғады. 2012-2013 оқу жылынан бас¬тап үштілді білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Үштілді білім беру бағдарламасымен 16 мамандықта 533 студент оқиды. 2016-2017 оқу жылынан бастап магистратураның бейіндік бағытындағы үш мамандығы бойынша (информатика, биология, химия) оқу үдерісі ағылшын тілінде ұйымдастырылуда. Университеттің жаңа академиялық саясатына сәйкес 2016-2017 оқу жылының ІІ академиялық кезеңінен бастап барлық бакалавриат мамандықтарының І курс студенттеріне шет ел тілі пәнін тілдік деңгейлерге (beginner, elementary, pre-intermediate) сәйкесті оқытылу жүргізілуде.
Көптілді білім беру жүйесін дамыту мақсатында 2016-2017 оқу жылының І академиялық кезеңінде 29 профессор-оқытушы ағылшын тілінен жеделдетілген тілдік дайындық курстардан өтті. 2016-2017 оқу жылынан бастап бакалавриаттың барлық мамандығында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пәні ағылшын тілінде оқытылып келеді. Университетте 2014 және 2017 жылдары үштілді білім беруді дамыту мақсатында ағылшын тілінде сабақ беретін оқытушылар Халықаралық IELTS емтиханын тапсырып келеді. 2014 жылы 43 оқытушы осы емтиханды тапсырса, 2017 жылы 56 оқытушы тапсырып, нәтижесінде жоғары көрсеткішке ие болған 33 оқытушының еңбекақысына тиісті үстемеақы тағайындалды. 
– Соңғы жылдары университетке бөлініп келе жатқан облыс әкімінің білім гранттары туралы айтып өтсеңіз?
– 2013 жылы университеттің Қамқоршылық кеңесі құрылып, оның төрағасы болып облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сайланды. Сол жылдың мамыр айында өткен кеңестің алғашқы мәжілісінде Қырымбек Елеуұлы білімді, талапты, мемлекеттік білім грантына балы жетпей қалған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін университетке жыл сайын облыс әкімінің білім грантын бөлу туралы шешім қабылдаған. Сол жылдан бері ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққан балаларды қолдау мақсатында университетке жүздеген білім гранты бөлініп келеді. Бұл – аймақтың білімді, талантты жас¬тарына жасалған үлкен қамқорлық, олардың еліміздегі ұлттық және жетекші жоғары оқу орындарында білім алуына жасалған зор мүмкіндік.
2016-2017 оқу жылында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқу үшін облыс әкімінің 132 білім гранты бөлінді. Қазіргі уақытта университетте барлығы 351 студент облыс әкімінің білім грантымен білім алып жатыр. Бұл – бүгінгі күні аймақтағы бірден-бір мемлекеттік жоғары оқу орнына көрсетілген қолдау, оның болашағына деген зор сенім, ал университет ұжымы үшін бұл үлкен жауапкершілік деп түсінуіміз керек. Жыл сайын облыс әкімі осы білім гранты иегерлерімен дәстүрлі түрде кездесу өткізіп тұрады. Сонымен қатар, облыс басшысы Сырдария өзенінің сол жағалауынан болашақ университет кампусының құрылысы үшін жер телімін бөлу жөнінде тиісті жауапты басшыларға тапсырма  берді. Бұл жұмыс жалғасады. 
– Жаңа конституциялық өзгеріс¬терге байланысты пікіріңізді айтсаңыз?
– Мұндай ауқымды конституциялық реформа біздің тарихымызда бұрын-соңды болмаған. Елбасының Қазақстан халқына үндеуі бүкілхалықтық талқылаудан өтіп, үлкен қолдауға ие болды. Бұл – Қазақстан халқының Елбасының саясатына, жаңаша бас¬тамаларына риясыз сенімінің жарқын көрінісі. Тәуелсіздік жылдарында Елбасы жүргізген реформалар нәтижесінде қалыптасқан жаңа қоғамдық қатынастар еліміздегі билік сатыларын жүйелі түрде жетілдіріп отыруға қолайлы жағдай жасап келеді. Әлем назарын аударып отырған кең ауқымды конституциялық реформаның басты нәтижелерінің бірі – алдағы уақытта да биліктің президенттік формасының сақталуы. Бұл тарихи факт халықтың Ұлт Көшбасшысына және оның сындарлы саясатына сенімін одан әрі күшейтеді. Президенттің Ата Заңымыздың басты кепілі екендігі іс жүзінде тағы да дәлелденді. 
– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан 
Назерке САНИЯЗОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 сәуір 2017 г. 1 428 0