Мемлекеттік-жеке әріптестік – ел экономикасын жаңа белеске көтеруге, оны әртараптандыруға және кәсіпкерлерді ірі инвестициялық жобаларға тарта отырып, мемлекетпен бірлесе бизнесті жаңа өрістерге шығаруға септесетін үлкен жобалардың бірі. Бюджеттің қарымы жете бермейтін, әсіресе, маңызы зор әлеуметтік жобаларға жеке бизнесті тарту қажеттігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі айтып келеді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы үстіміздегі жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейту зор мүмкіндік береді. Бұл жерде әңгіме бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсету міндетін бизнеске беру ісіне қатысты болып отыр. Бізде қазірдің өзінде оларды мектепке дейінгі білім беру ісіне тарту саласында жақсы нәтижелер бар. Өткен 3 жылда мемлекет 40 мың орынға арналған 189 балабақша салса, жекеменшік сектор 100 мың орынға арналған 1300 балабақша ашты. Жекеменшік балабақшалардың ең көбі Оңтүстік Қазақстан (397), Алматы (221) және Қызылорда (181) облыс¬тарында ашылды», – деген болатын.
Президент Жолдауы жарияланғаннан бері біршама уақыт өтті. Қазір облыста мемлекеттік-жеке әріптестік саласында қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбаеваны әңгімеге тартқан болатынбыз.
– Әлия Нәдірәліқызы, мемлекеттік-жеке¬меншік әріптестік дегенде алдымен жеке балабақшалар жұмысы тілге оралады. Бұл сала бізде жақсы дамыған ғой.
– Иә, Мемлекет басшы¬сы Жолдауында ме쬬лекеттік жеке-әріп¬тес¬¬тікті дамытудың қа¬жет¬тілігі жайлы тағы да айтып өтті. Бүгінде ай¬мақта жеке инвесторларды тек инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға ғана емес, сонымен бірге қызмет көрсету саласына да тартуда. Облыста бүгінде 384 жеке балабақша жұмыс істейді. Айта кету керек, бұл барлық балабақшалардың 71 пайызын құрайды. Олардың барлығында «Балапан» бағдарламасы шеңберіндегі мемлекеттік білім тапсырысы орналастырылған. Бұл елдегі ең үздік көрсеткіш. Біздің облыс бұл бағытта басқа өңірлермен салыстырғанда бұрыннан ертерек белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бұл жобалар әзірге заңды түрде МЖӘ жобалары мәртебесін иемденген жоқ, әйтсе де, солай болып табылатыны шындық. Бүгінгі таңда салалық министрліктер бұл балабақшаларды МЖӘ жобалары ретінде тану мүмкіндіктерін қарастыруда. Мұнан бөлек, өңірде «Байқоңыр ӘКК» АҚ операторы болып табылатын МЖӘ-нің институционалды формасы жобалары белсенді жүзеге асырылуда.
– Бұл бағыттағы жұмыстарда туындап жатқан қандайда бір мәселелер бар ма?
– Қазіргі күні «Байқоңыр ӘКК» АҚ-ның барлық жұмысы шын мәнінде МЖӘ механизмі аясына келтірілуде. МЖӘ-нің институционалды формасы аясында «Байқоңыр ӘКК» АҚ және жеке серіктес мемлекеттің және жекеменшіктің белгілі бір үлесі бар біріккен кәсіпорын құрады. Осының нәтижесінде пайда болған өнім әлеуметтік немесе инфрақұрылымдық жоба болып табылады. Ол әрі қарай жеке тұлға басқарып, белгілі бір уақыт аралығында оның салған үлесі ӘКК-дан сатып алынады.
Мұндай жобалар тек қана МЖӘ түрінде болмайды, сонымен бірге әрі қарай жекешелендірудің бір түріне айналады. Сондай-ақ мемлекет міндетін бәсекелес ортаға және аутсорсинг қызметіне берудің түрі.
Алайда, бұл жобаларды заңды түрде МЖӘ жобалары ретінде анықтауда белгілі бір қиындықтар туындайды. МЖӘ жобасына заңды мәртебесін беру үшін «Байқоңыр ӘКК» АҚ оператор ретінде, сондай-ақ жеке инвесторға келісімді бекіткенге дейін 4 ұйымдастыру кезеңінен өту қажет. Бүгінгі күнге дейін ол 384 күнге созылатын. Десе де, алдағы уақытта заңдардың өзгеруіне байланысты бұл мерзім 100 күнге түсуі мүмкін. «Байқоңыр ӘКК» АҚ және жеке инвестор үшін бұл уақыты мен капиталын жұмсау болмақ. Соған байланысты ӘКК олардың пайдаланылмаған активтерін беру, сол секілді сервистік келісімдерге қатысу нұсқаларын қарастыруда. Бұл да МЖӘ бір түрі саналады, өкінішке қарай жеке инвесторлар тарапынан соншалықты сұранысқа ие емес.
– Жалпы, қандай жобалар бар?
– МЖӘ экономиканың барлық саласын қамтитындығы ескеріле отырып, бүгінде аймақта жалпы құны 22 млрд теңгеден асатын МЖӘ 15 жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Оның алтауы денсаулық сақтау саласында болса, төртеуі денешынықтыру және спорт саласына қатысты. Сондай-ақ, мәдениет басқармасы, ішкі істер департаменті, жолаушы тасымалдау және автокөлік басқармасы, энергетика және тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық басқармасы бойынша бір-бірден жобалар бар. Олардың арасынан бүгінде бір жоба жүзеге асырылды. Өткен ақпан айында «Қызылорда қаласындағы «Тарлан» денешынықтыру-сауықтыру кешенінде сервистік қызмет көрсету» жобасы бойынша келісім жасалды. Екінші жоба бойынша алдағы сәуір айында келісім жасалады. Ол – «Қызылорда қаласы И.Тайманов көшесіндегі ауысымына 400 келушіге арналған емхананы ашу» жобасы. Үшінші жобаны жүзеге асыру мамыр айына жоспарланған. Ол кезде қаламыздағы «Мерей» шағын ауданындағы денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылады. Толықтай заманауи қондырғылармен жабдықталған дайын ғимаратты жеке кәсіпкер мемлекет үшін мүліктік жалға береді. Осылайша біз жаңа нысан құрылысына және ғимаратты пайдануға жыл сайынғы шығындардан құтыламыз.
МЖӘ-нің 12 жобасы бойынша конкурстық құжаттар дайындалу үстінде. Оның ішінде 10-ы жаңа, 2-і өтпелі жобалар (Қызылорда қаласындағы 200 орындық жатақханасы бар 600 оқушыға арналған кәсіптік-техникалық лицей және Қызылорда қаласындағы әуежайдың жолаушы терминалының құрылысы жобалары).
Айта кету керек, барлық жаңа жобалар МЖӘ-нің үлгілі жобалар тізіміне кіреді, сондықтан да конкурстық процедуралар қарапайым және жедел түрде өтеді. Бұл жобалардың құрылыс құны 107 млн теңге мен 350 млн теңге аралығында. Ал құрылыс мерзімі 3 айдан 8 айға дейін уақытты алады. Барлық жаңа жобалар бойынша біз екінші жартыжылдықтың соңына дейін конкурсқа жіберуді жоспарлап отырмыз. Ал бұрын жобалар құрылымын түзеуге 384 күн қажет болатын.
Қазіргі кезеңде барлық тиісті құрылымдардың өзара белсенділігін арттыру қажет. Жобаларды алға жылжытуда Аймақтық кәсіпкерлер палатасына үлкен сенім артылып отыр. Олардың үлгілі шағындау жобаларға әлеуетті инвесторларды тарту мүмкіндігі мол. Бұл бағытта біз облыс әкімінің орынбасары Ким Евгений Германович басшылығымен салалық мемлекеттік органдармен кәсіпкерлік және туризм басқармасы, ішкі саясат басқармасы, индустриялық-инновациялық даму басқармасы бірге жұмыс жүргізудеміз. Индустриялық-инновациялық даму басқармасы бұл орайда тек ішкі инвесторларды тарту мәселесімен ғана айналысып отырған жоқ, сонымен қатар несие қорларын бере алатын банк құрылымдарымен де жұмыс жүргізуде.
Алдағы кезеңдерде бұл бағыттағы жұмыстар аудандық дейгейде де жүргізілгенін қалаймыз. МЖӘ түрлері көп, егер аудандар МЖӘ-нің нысандар құрылысы бойынша концессиялық жобаларын жүзеге асыруға дайын болмаса, онда ауылдық деңгейдегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік сенімді басқаруға беру немесе мемлекеттік мүлікті мүліктік жалға беру жағын қарастыруға болады. Ондай мүмкіндіктер болмаса, лизингтік келісімдер жасауға болады.
Сөз соңында айтарым, бұл бағыттағы жұмыстар белсенді түрде жүргізіле беретін болады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.