ҮЙДЕ ТАҒЫ БІР АЯҒЫМ БАР
Ілгеріде Шүкір деген ауылдасымыз болды. Шөкең бір аяғына протез киетін. Өзі аңшылық десе, ішкен асын жерге қоюшы еді. ¬Заманында мотоциклмен киік аулауды кәсіп етті. Сол Шөкең бірде інісі екеуі аңға барыпты. Содан екеуі бір топ киікті тақырға айдап түсірмек болып ала шапқын қуғын басталады. Мотоциклді інісі айдап, өзі артында киік атып отырса керек. Сол қым-қуыт қуғында Шөкеңнің протез аяғы түсіп қалыпты. Оны көрген інісі: – Ойбай Шөке, аяғың түсіп қалды, – деп айқайлапты. Сонда Шөкең тұрып: – Баса бер, бала, үйде тағы бір аяғым бар, - деп мылтығын кезене берген екен.
«КЕЛЕСІДЕ БАРАРМЫЗ»
Бір кездері ауылдас Сахи деген көршіміз болды. Өзі жүрісі сұйықтау, жұмыста да берекесі жоқ жан болатын. Сонысына қарамай бірін алып, бірін жіберіп дегендей, әйел алғыш бәле еді. Әлгі неке куәлігін талай ауыстырған көрінеді. Бірде сол Сахи кезекті төсек жаңғырту тойына көршілерді шақырыпты. Сонда шақыра келген балаға Бохай деген көршісі: – Иә, жұбайлар бақытты болсын! Қол тимей жатыр, келесі үйленгенінде барармыз, – депті.
ҰШЫҚ ҚАПТАП КЕТІПТІ
Қазекем қай кезде болмасын бірді-екілі мал ұстап шаруасын күйттеген. Сол төрт түліктің жем-суы, шөбін жеткізу – үлкен шаруа. Бірде ауылдас үш-төрт кісі малдың жемі туралы әңгіме қозғап отырса керек. Содан жемі нашар деген ауылдағы ағайын туралы сөз қозғалған сәтте Тілеупаш ағамыз орнынан тұрып: – Ойбай, айтпа, мен өткенде 2 қап жем алып едім, кеше қойларымның аузына қарасам, ұшық қаптап кетіпті, – депті.
ОТ ЖАҒУШЫНЫҢ ӘЛЕГІ
Өткен ғасырдың 70-жылдары болу керек, аспанда артына ақ жолақ із қалдырып, ұшақтардың жаңа шыққан кезі. Сол кезде әскер қатарынан азаматтық борышын өтеп келген Тілеупаш ағамыз далада әңгіме соғып отырған үлкен кісілерге қарап: – Әй, көкелер-ау, қайдағы-жайдағы әңгімелерді соға бергенше менің көргенімді тыңдасаңдаршы, айтайын, – депті. «Ия, айтсаң, айт», – депті қариялар.
– Ана аспандағы артына жолақ із қалдырып ұшып бара жатқан самолеттерді көрдіңдер ме?
– Иә, көрдік.
– Көрсеңдер, мен – мына жаман інілеріңіз сол самолетте үш жыл от жағушы болып қызмет еттім.
– Апырай, ә.
– Бастан талай қиыншылықтар өтті ғой. Кейде әлгі самолеттердің майы таусылып қалса, жолда тоқтап, тезек-томар теруші едік. Соны отын ғып жағып, талай әурелендік қой, – десе керек.
Үлкен кісілер аң-таң қалып, бастарын шайқай беріпті.
Жетілген БАРЛЫБАЕВ.
Қазалы кенті.